Орынбордағы 120 мың қазақты ұйыстырған Жаңабай

Қазақстаннан келгендер ме­німен жақын танысқан соң «Жәке, сіз Орын­борда жүріп, біздің мәдениетті наси­хаттап жүрсіз. Қайырымдылық қорыңыз бар. Ал біз Қазақстанда жүріп, олай істемейміз» деп айтады.

Орынбордағы 120 мың қазақты ұйыстырған Жаңабай

Жаңабай Балабаев – Орынбордағы аймақтық қазақ ұлттық-мәдени автономиясының басшысы әрі «Бәй­терек» қайырымдылық қорының негізін қа­лаушы. Ресейде қазақ көп шоғырланған өлкеде көп игі іс атқарып жүрген Жаңабай Айтқалиұлын тан­и­тын­дар оны көпке үлгі етіп, мақтанып айтып жүреді. Әсіресе, сонда туып-өскен спортшылар ол кісіден көп жақ­сылық көргенін жарыса айтады. Орынбордан бө­лек, Қазақстанның бірнеше қаласында кәсібін дөң­гелетіп жүрген кәсіпкер-меценатқа хабарласып, әңгі­ме­сін жазып алған едік.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН ЖҰМЫС ІСТЕГЕН ТИІМДІРЕК


Мен 1977 жылы 5 қыркүйекте Орын­бор облысы Александр ауданы Эн­гельс ауылында дүниеге келдім. Атам – ау­дан­ның еңбек сіңірген шопаны болған, Ленин Ор­денін алған қазақ. Анам сақманшы, ал әкем вет­техник болып жұмыс істеді. Ауыл мек­те­бінен кейін, аграрлық университетті қызылға бітір­дім. Мен туған ауылда 44 үй ғана болды. Оның алтауында қазақтар, ал қалғанында орыстар, украиндықтар, чуваштар және т.б ұлт өкілдері тұрды. Бала кезден үйдегілердің соғым сойып, жұма күні жеті шелпек пісіріп, Құ­ран оқығанын көріп өстім. Қолымызды жайып, дұға оқитынбыз. Алайда мен сол кезде мұ­ны жете түсіне бермейтінмін. «Не үшін қол жая­мыз?», «Кімнен не сұраймыз?» деп таң­да­на­тынмын. Кейін Орынборға келіп, уни­вер­ситет бітірген соң жалдамалы үйде тұр­дым. Сол екі арада шаңырақ көтердім. Алайда бі­р­аз­­ға дейін жұмыс таба алмай, әлекке түстім. Такси жүргіздім, күзетші болып жұмыс істе­дім. Сол уақытта әйелім қызымды жеті ай­лы­ғын­да дүниеге әкелді. Ауруханаға барғанымда дә­рігерлер сәбидің тыныс алуы қиын, өкпесі же­тілмеді дейді. «Айтқаныңызды әкеп бере­мін. Не істеу керек?» дегенімде, дәрігер «Дұ­ры­сы, дұға оқыңыз!» деді. Ал мен дұға оқи ал­май­мын. Ол кезде жасым 24-те. Үйге келіп, ке­реуетке отыра кетіп, ағыл-тегіл жыладым. Со­дан соң бәрі оңайлап, қызым сауығып кет­ті. Жұмыс та табылды. Астық шығарумен ай­­­налысатын татар кәсіпкердің фирмасына жұ­мысқа тұрдым. Ол – бес уақыт намазын қа­за қылмайтын, қажылыққа барып келген аң­қылдақ азамат. Көптеген мешітке қайта жөн­деу жұмыстарын жүргізетін. Оның қасын­да жүріп, көп нәрсені үйрендім, түйдім. Бірде жұмыстан шыққан соң, «Уа Алла, маған мүмкіндік берсең, мен директорымнан артық сауап­ты іс істеймін» деп жалбарындым.

Онда бес жыл жұмыс істеген соң, жеке кәсіпкерлікке бет бұрдым. Басында бір элеватор сатып ал­дым. Сосын астық сақтайтын қойма сатып ал­дым, содан соң екіншісін, артынан үшін­ші­сін сатып алдым. Кейін астық таситын вагон­дар сатып алдым.  Қазір Орынборда  әріп­те­сім­мен сүт өнімдерін өндіретін зауыт салып жа­тырмыз. Сосын өнім сапасын анықтайтын өзі­міздің зертханамыз бар. Жалға ғимарат бе­реміз. Автопаркіміз бар. Шағын кафеге ие­лік етемін. Ас мәзірінде өзге ұлттың, соның ішін­де өзіміздің ұлттық тағамдар да бар. Одан бө­лек, мешіттерді қайта қалпына келтіру ісі­мен айналысамын. Бізде «Оң қолың бергенді, сол қолың білмесін» деп айтады ғой. Бұл іспен мақтануға әсте болмайды. Тек айналамда жүрген, мен секілді мүмкіндігі бар азаматтарға үл­гі болсын деген мақсатпен айтып жа­тыр­мын. Былтыр Донгуз ауылында тұратын қа­зақ­тар ме­­­­шіттің құрылысын аяқтауға көмек сұрады. Кө­мектесіп қана қоймай, қасына 250 адам сия­тын асхана салып бердік. Содан соң Құй­ған ауданында мешіт салуға атсалыстым. Қ­а­зір қазақ көп шоғырланған Ясненский ау­да­нында да мешіт салып жатырмыз. Одан бө­лек, Қазақстандағы серіктестеріммен де ор­­тақ кәсібім бар. Серіктесіммен бірге Қос­та­най­да өсімдік майын әзірлейтін зауыттың жұ­­мысына белсене араласамын. Оған қоса, іші ұлттық нақышта әрленген үш мей­рам­ха­на­­ға да қатысым бар. Сондай асхананың бірін ту­ристер көп баратын Грозный қаласында аш­­сақ деген жоспар тағы бар. Себебі ше­шен­дер бізді әрі біздің тағамдарымызды қатты құр­­меттейтінін білесіз. Екі ел арасындағы шекара әлем­де­гі ең ұзын болғандықтан, маған Қазақ­стан­да­ғы кәсіпкерлермен жұмыс істеген тиімдірек. 


Жолдасымның есімі – Оксана. Қазақ. Мамандығы – тіл маманы. Екеуіміз 4 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырмыз. 25 жастағы үл­­­кенім Астанада жұмыс істейді. 23 жастағы қы­зым Мәскеуде Жоғары экономика мек­те­бінде оқиды. Ортаншы ұлым 13 жаста. Аста­нада халықаралық мектепте білім алып жа­тыр. Одан кейінгі ұлым Орынборда мектепте оқи­ды. Ал екі жасар кенже ұлым үйде.
Кәсіпкерлікке бет бұрған кезден бастап, қайы­рымдылықпен айналыса бастадым. Алай­да жеке тұлға ретінде айналысу қиынға соқ­ты. Уақытым тапшы болды. Сосын жұ­байым дұрысы қор ашайық деді. Осылайша «Бәй­терек» деген атпен қайырымдылық қо­рын аштық. Ақша көп тапқан сайын, көмекке зә­ру адамдар саны да көбейе түсті. Әсіресе, қа­зақ тілі мен тарихын үйренгісі келетін аза­мат­тар қатары артты. Алдымен осы екі істі қол­ға ал­дық. Кейін қатарымызға кәсіби ма­мандар өз еркімен қосылды. Мысалы, осында тұр­­мысқа шыққан қызылордалық Әйгерім дом­быра үйрете алатынын айтып, секция ашты. Ба­сында мен оларға ештеңе төлемедім. Содан соң «Ақыларыңды төлеймін, бірақ көп адам жи­наң­дар» деп айттым. Осылайша, біздің жұ­мыс жандана түсті.

БІЗ –  120 МЫҢБЫЗ


Бізде Қазақстандағыдай Халықтар Ас­сам­блеясы секілді Ұлт істері жөніндегі фе­дералды агенттігі белсенді жұмыс істейді. Ол агенттік әр ұлттың өзіндік мәдени ав­то­но­миясын біріктіреді. Байдәулетов Азамат аға­мыз бастаған топ Орынбордағы аймақтық қа­зақ ұлттық-мәдени автономиясына жауап­ты болған, алайда олар анау айтқандай бел­­сен­ді жұмыс істей алмады. Бірде ол кісі маған келіп «Сенің шамаң жетеді. Мүмкіндігің бар. Ав­тономияны сен басқар» деп ұсыныс біл­дірді. Осылайша, төрт жыл бұрын авто­но­мия­ның басшысы қызметіне тағайындалдым. Со­дан бері көлемді іс-шара, Наурыз, Көрісу мей­рамын дүркіретіп атап өтіп жүрміз. Біз, Ре­сей қазақтарының Ресей халықтары құ­ры­лымында лайық орын алғанын көрсету үшін тынбай жұмыс істеп жатырмыз. Орынборда жал­пы саны 36 аудан болса, оның 16-сында қа­­зақтар тұрады. Тіпті, кейбір ауыл тұр­ғын­да­­рының елу пайызы – қазақтар. Ресей бойын­ша көп қазақ шоғырланған аймақ – Аст­рахан облысы. Онда 180 мың қазақ тұра­ды. Екінші орында Орынбор облысы тұр. Біз –  120 мыңбыз. Айтпасам да білетін шығарсыз, Орын­бор – әр қазақ үшін орны бөлек орын. Мен мұның маңызын мәдени автономияны бас­қарған соң жете түсіндім. Біз Қазақстаннан кел­ген қазақтарға экскурсия жасап, қала ішін ара­латамыз. Қазақ КСР-нің алғашқы астанасы ата­ғы бар. Одан бөлек, мұнда Ыбырай Алтын­са­рин оқыған мектеп бар. Маған дейін бел­сен­ді жұмыс істеген қазақтар ол мектепке ес­­­­телік тақтайша қойған. Мұнда Қазақ КСР-нің бірінші үкіметі отырған ғимарат, Ахмет Бай­тұрсынұлы тұрған үй бар. Бізде Бай­тұр­сын­ұлы, Алматинская, Актюбинская, Кара­ган­динская деп аталатын көше бар. Әрі Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет иеленген Тал­ғат Бигелдинов оқыған әскери училище де осында. Көп қайраткердің өмірі осы Орын­бор­мен байланысты екенін тарихтан білетін бо­ларсыз. 5 жыл бұрын «Оренбурский путь Ах­мета Байтурсынулы» атты кітаптың жа­рық­қа шығуына демеушілік көрсетіп, тұсау­ке­серін жасадық. Сосын кәсіпкер Серік Сә­кен­ұлы оның қазақшаға аударылуына қар­жылай көмек көрсетті. 


Айта кетерлігі, біз үлкен спортта же­тіс­тік­ке жетіп жүрген этникалық қазақтарды қа­­­натымыздың астына алып, көмектесіп жүр­міз. Қазір Қазақстан атынан сынға түсіп, жа­сындай жарқырап жүрген дзюдошы Нұр­лан Исатайды әкесі «Құдай қаласа, менің ұлым Олимпиада чемпионы болады» деп 9 жа­сында алып келген еді. Сол кезден бері оның киімі, жаттығу жиыны, жарысқа бар­уы­на дейін көмектесіп, баланың бетін қақ­пау­ға тырыстық. Ресейде халықаралық жа­рыс­тарға шектеу қойылған соң, оның грузин бап­кері Грузияға баруды ұсыныпты. Біз оның та­рихи Отаны – Қазақстанға баруын қаладық. Құ­дайға шүкір, ол баланың айы оңынан туып, аза­маттық алып, бірден Азия кубогін, бір ай­дан соң Еуропа кубогінде алтын жүлде ен­ші­леді. Содан соң кадеттер арасында әлем чем­­­пионы атан­ды. Бұл тек біз үшін емес, Қазақстан үшін де үлкен жетістік болғанына бәріміз куә бол­дық. Нұрлан секілді біздің өлкеден шыққан мық­тылар жетерлік. UFC лигасында белдескен тұң­ғыш этникалық қазақ Дамир Исмағұлов та – біздің ауылдың баласы. Одан кейін Қа­зақ­станнан Жалғас, Шавкаттар сол лигада бақ сы­науға көшті. Саламат Исбуллаев деген мық­ты­м­ыз ақтөбелік спорт клубта жаттығып жүр. Жа­нар Құсанова есімді қызымыз – самбодан Ресей чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүл­дегері. Ал Диас Ізбасаров паралим­пиа­да­шы­мыз түрлі спортпен айналысады. Ресейдің 30 дүркін чемпионы. Осылар секілді дарынды ба­лаларға көмектесіп, қолдау көрсетуге ты­ры­­­­самыз. Айтпақшы, «Казахи Оренбуржья» деп шығатын журналымызға жетістіктеріміз бен іс-шараларымыз туралы жариялап тұра­мыз. Спортшылардан бөлек, тұрмысы нашар адамдарға жыл сайын азық-түлік таратамыз. Ұлт­қа бөлмейміз, көбіне ауыл тұрғындарына кө­мектесеміз. Жуырда бес баласы бар, жал­ғыз­басты, қазақ әйелдің үйі өртеніп кеткен бо­латын. Осындағы жылумен қамтамасыз ету, те­резе жасау, жарық тарту ісімен айналысатын қа­зақ кәсіпкерлерді жинап алып «Барлық ма­териалды сатып әперемін. Көмектесіп жі­бе­ріңіздер» деп айттым. Сөйтіп, жақында ол әйелдің үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп бердік. Арамызда «Жыл мұғалімі» атанған ма­­мандарды да қолдаудан кенде емес. Эт­ни­ка­лық қазақ екенін байқасақ, байланысып, не керек екенін сұрап, қолдау көрсетеміз. Осы­лайша, біз Қазақстан азаматтарына Ре­сей­дегі қазақтар да сіздер секілді, яғни Ресей мен Қазақстан қазақтары бір халық екенін көр­сеткіміз келеді.

Расында – біз бірміз. Тіпті, Қа­зақстаннан осында келген қазақтар «Сіздер біз­ге қарағанда дәстүрді берік ұстанады екен­сіздер» деп таңғалысын жасырмайды. Де­ген­мен бізде тіл мәселесі ақсаңдап тұрғанын ай­та кеткен жөн. Бұрын Орынборға оқуға кел­ген қазақтар өз ауылдарына барып, қазақи ор­та­ға гүмп ете түсетін. Қазір ауылдағылардың кө­бі қалаға көшкен. Бұрынғыдай орта жоқ. Аса көп ешкіммен сөйлесе алмайды. Мен де ба­­­лаларымның тіл білмей өсіп жатқанына қын­жылатынмын. Сондықтан үлкенім мен ор­таншымды менталитетті, тілді білсін деп Қа­зақстанға жібердім.  Құдайға шүкір, үлке­нім отбасылы болғысы келетінін айтып, өт­кен­де құдаларыммен танысып қайттық. Бұйыр­са, Оралдан келін алғалы жатырмыз. Та­мыз айының соңында үлкен той болғалы жа­тыр. «Келінім Қазақстаннан болса екен! Не­­­мерелерім Қазақстанда тұрса!» деп арман­дай­тын едім. Сол тілеуім қабыл болып, әуле­тімізге инабатты, ибалы келін бұйырды. 
Автономия өткізетін іс-шараларға қажет ақ­шаны көбіне мен беремін. Ара-тұра басқа кә­сіпкерлер де жұмыла кіріседі. Бизнес әле­мін­дегі беделімді пайдаланып, «Автобус ке­рек», «Киіз үй қажет» деп хабарласамын. Олар кез келген бастамамды қолдай жөнеледі. Жуыр­да Наурыз мерекесін тойлаймыз деп, Орын­бордың орталық көшесіне ұлттық киім­мен шықтық. Тағамнан дәм татқыздық. Би биледік. Мұның әсерін еш сурет те, еш видео да бере алмайды. Сол алаңда тойлатып жүр­гені­мізде өзге ұлттардың қызыға қара­ға­ны өз алдына, өзіміздің этникалық қазақ­тар­дың бізге қарағанда, бойларын мақтаныш кер­негенін аңғардық. Бұлай көшені аралау ма­ған қатты ұнап қалды. Негізі, мен ол іс-ша­раға тек жұмыс ретінде қараған едім, алайда қайт­қан кезде төбем көкке бір елі жетпей, ерек­ше күйге бөлендім.

ӘКЕ, МҰНДА БӘРІ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙДІ


Жолдасым Оксана «Орынбордың ке­лін­дері» атты жобаны жүргізеді. Тұр­­­­мыстағы қарындастарымыз екі аптада бір рет жиналып тұрады. Одан бөлек, егде жас­та­ғылардың басын біріктіретін «Орынбордың әже­лері» атты жобамыз және бар. Келіндер мен әжелер көбіне бірге жиналады. Үлкен­де­ріміз келіндерге дәстүр, ырымдар туралы бар біл­г­енін айтады. Сәлемді қалай салу керек, ас­ты қалай беру керек секілді білуге тиіс нәр­селерді үйретеді. Орынбор түгілі, Қа­зақ­стан­ның ішінде дәстүрді әркім әртүрлі ұстанады. Мы­салы, Батыс пен Оңтүстіктікі бір-біріне ұқ­самайды. Ал біз өзімізге жақын орналасқан Ба­тыс Қазақстанның дәстүрін үйренеміз. Ер­лерді де соған баулығымыз келеді. Былтыр мен төрт айда төрт жерлеу рәсіміне қатыстым. Әр жерде әртүрлі өткізеді екен. «Бұлай болмас, ортақ ереже әзірлеу керек» деп Қазақстандағы достарымнан ақыл-кеңес сұрап, бәрін тізіп алдым. 


Автономияда балалар лагері жұмыс іс­тейді. Үш ауысымда оқитын отызға жуық ба­­­лаға қазақша тақпақ үйретіп, аға деген кім, на­ғашы деген қай жұрт деген секілді қара­пайым түсініктерді үйретеміз. Одан бөлек, олар­ға қазақ халқының тарихын да баян­дай­мыз. Ересектерді де ұмыт қылмаймыз. Батаны қа­лай дұрыс беру керек екенін үйренгісі ке­ле­тіндердің қарасы көп. Педагогикалық білімі бар қыздарымыз оларды жеке шақырып, бәрін үйретеді. Сонымен қатар бізде 80-ге жуық адам домбыра курсына қатысады. Қор жа­нынан құрылған «Бәйтерек» домбы­ра­шы­лар ансамблі көп концерт пен іс-шара­ларға қа­тысады. Өткенде сол ансамбль мүшелері Ақ­төбеден келген қонақтарды күтіп алды. Кейін кеңседен шығып бара жатқанымызда домбырашы қыздарымыздың футлярын көтеріп, троллейбусқа мініп бара жатқанын көр­сетіп қонақтарыма «Қараңдаршы. Қазақ­стан­да көшеде мұндай көрініс көрмейсіздер. Ал Орынборда осылай» деп мақтандым. Ра­сы­мен бізде Орынборда балалайка тартатын ан­самбль жоқ, ал домбырашылар ансамблі бар. Одан бөлек, бізде ұлттық биді насихат­тай­тын «Тұмар» ансамблі бар.

Жоғарыда ай­тып өткенімдей, жастар арман қуып қалаға ке­леді. Көбісі біздің қатарымызға қосылады. Ра­сында, қаланың өзінде көп қазақты көресің. Кө­шеде келе жатсаң, СҚО, Қостанайда келе жат­қандай сезінесің. Әрі бізде еркін күрес сек­циясы бар. Сондай-ақ қолөнер бұйым­да­рын жасау, сурет салуды үйрететін үйірмелер және бар.
«Отандастар қоры», «Дүниежүзілік қазақ­тар қауымдастығы» көмек көрсетіп тұрады. «Отандастар қоры» бізге алты домбыра, сосын түр­лі шапандар беріп жіберді. Екі теледидар сый­лады. Әлбетте, олар біз қалағандай көп бе­ре алмайды. Алайда, олар бізді ұмытпайды. Жыл сайын «Балдәурен» лагеріне отызға жуық ба­ла­ға билет беріледі. Балалар қуана-қуана бара­ды. Мен қайбір жылы ортаншы баламды жі­бер­генмін. Бастапқыда «Әке, мұнда бәрі қа­зақ­ша сөйлейді. Мен оларды түсінбеймін» деп жылағаны бар. Сосын екі аптадан соң қай­тар кезде «Менің қайтқым келмейді дейді. Осында қаламын. Моңғолия, Қырғыз Рес­пуб­ликасы, Өзбекстан, Еуропадан келген қазақ ба­лалармен достасып алдым» деп көңілімді бір марқайтып тастады. 
Қазір біз менің бұрынғы кеңсемде жұмыс іс­тейміз. Арманым – Орынбор қазақтарын бі­рік­тіретін үлкен орталық жасақтау. Бізде осын­да ұлттық ауыл бар. Кезінде әр ұлт өзінің ша­ғын үйін сонда салдыртқан. Қазір жалпы са­ны он екі үйшік тұр. Кезінде қазақтардың да жеке үйшігі болған. Есік алдында үш киіз үй тұр, музейі мен мейрамханасы тағы бар. Ол үйшікті жеке тұлға ашқандықтан, ол банкрот болып, ақырында банктің иелігіне өтіп кеткен. Қазір мен сол банкпен сөйлесіп, үйді қай­тарып алу мәселесін қарастырып жатыр­мын. Құдай қаласа, оның ішін жөндеп, қор мен автономияның жұмысын бір арнаға то­ғыс­тыратын, жалпы әр қазақтың бас қоса­тын орны қылғым келеді. 

ӘУЕ БАЙЛАНЫСЫ АШЫЛСА ЕКЕН


Бізде қазір екі-ақ мәселе бар. Ең алды­мен, Астана немесе Алматымен әуе бай­ла­нысы ашылса екен дейміз. Жеті жыл бұ­рын аптасына екі рет Астанаға қатынайтын рейс болған еді. Ал қазір тек автокөлікпен Ақ­­­­төбеге немесе Қостанайға ғана бара ала­мыз. Қатынау қиындағаннан соң, қазір бас қа­лаға баратындар қатары сиреді. Елшілікке хат жазып, бұл мәселенің шешіп беруін өтініп жа­тырмыз. Себебі біз Ақтөбе немесе Қос­та­най­ға ғана емес, басқа қалаларды да арала­ғы­мыз келеді. Балаларымызды топ-топқа бөліп, ірі қалаларды аралатуды мақсат етіп жүрміз. Екінші мәселеге келсек, кезінде «Отандастар қо­рының» бұрынғы басшысы Абзал Сапар­бек­ұлы Орынборға 50 адам өнер көрсететін алматылық ансамбльді алып келді. Олар дом­быра мен қобызда ойнап, көпшіліктің қо­ше­метіне бөленді. Сол кезде экранда әр аспапқа қа­тысты сипаттама жазылған болатын. Он­дағы қобызды өмірі көрмеген қазақтарды айт­пағанда, орыстар «Біз қазақтың ұлттық ас­пабы домбыра ма деп жүрсек. Қобыз деген де бар екен ғой» деп аң-таң болды. Қанша де­ген­мен, үлкен ансамбльдің жөні бөлек. Киімдері де тіптен бөлек. Орындауы да ғажап. Мәдениетті насихаттауы тіптен басқаша. Орын­борда осындай концерттер жиі ұйым­дас­тырылса дейміз.

Себебі «Бұл өнерді біз ғана емес, Қазақстандағы бауырларымыз да осы­лай көрсете алады» деп мақтанып, жар сал­ғы­мыз келеді. Бізге Тұрсынбек Қабатов, Абай Бе­гей, Асхат Тарғын, Нұрболат Абдуллиндер ке­ліп, концерт қойған болатын. Жуырда Қай­рат Нұртас келіп кетті. Біз көбіне әртістерді қайы­рымдылық концерттерге шақырамыз. Кейінгі кезде бізде коммерциялық концерт ұйымдастыратындар, той басқаратын агент­тіктер қатары көбейді. Олар ақша табуды көздесе де, өздері білместен, бізге мәдениетті насихаттап жүр. Олар біз естімеген әнді тың­да­тып, бұрын-соңды көрмеген әншіні алып ке­ліп, таныстырып жатыр. Мысалы, Тұр­сын­бектің кешінде Нұрболат Абдуллин өнер көр­сетті. Біз оның кім екенін де білмейміз. Тек­серіп қарасақ, ол Қазақстандағы хит ән ай­татын, танымал әншілердің бірі екен. 
Сөз соңында айтарым, жоғарыда атап өт­кенімдей, көп ісімді мақтанышпен айтып бергенім жоқ. Қасымда қалтасы қалың, алайда көздегені басқа жігіттерге үлгі болсын дей­мін. Себебі расында менің не істеп жүр­ге­німді көріп-білген көпшілік соны қайталауға тырысады. Мысалы, Қазақстаннан келгендер ме­німен жақын танысқан соң «Жәке, сіз Орын­борда жүріп, біздің мәдениетті наси­хаттап жүрсіз. Қайырымдылық қорыңыз бар. Ал біз Қазақстанда жүріп, олай істемейміз» деп төмен қарап айтады. Кейін Қазақстанға бар­ған соң, біраз іске бастамашы болғанын бай­қап жатамын. Сосын мен елге барғанда олар нәтижелерін айтып, мақтанады. Осы­лай­ша, олармен қайырымдылық жасап, бір-бірімізбен жарысамыз.


Мақтанбаймын, бірақ мен – ауқатты адам­мын. Маған ештеңе керек емес. Алла не­сібемді арттырып, көп іске бастамашы болуға мүм­кіндік беріп отыр. Сондай мүмкіндік бар­да мәдениетімізді ары қарай дамытқым ке­леді. Мен бір өңірге губернатор, ДУМА де­путаты, бір кәсіпорынға бастық та болғым келмейді. Осы қарапайым кәсіпкер қалпымда қалып, айналама жақсылық жасап жүре бер­сем болғаны. Маған кәсіпкерлікпен айна­лысуға, көп жоба жасауға мүмкіндік беріп отырған Ресей үкіметіне ризамын. Ресей хал­қы бізді қатты құрметтейді, біздің де олар­ға құрметіміз шексіз. Орынбор өлкесінің ту­масы болғандықтан, осында тұратын қазақ­тардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасауға қолымнан келгенше тырысамын. Құдай қа­ласа, мені Орынбордағы Қазақстанның Құр­мет­ті консулы етіп тағайындау мәселесі қа­рас­тырылып жатыр. Бәрі оңынан болса, жұ­мыс бұрынғыдан бетер жандана түседі деп се­­­немін. 

Жазып алған 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ