«Қазгидромет» ел аумағында 12 мамырда болатын қауіпті метеорологиялық құбылыстарға болжам жасады, деп жазады turkystan.kz.
Атмосфералық фронталды бөліктер ҚР басым бөлігінде тұрақсыз ауа райын сақтайтын болады: найзағай ойнап, жаңбыр жауады, батыста, оңтүстік-шығыста қатты жаңбыр, Алматы облысының таулы жерінде жауын-шашын (жаңбыр, жылбысқы қар) жауады.
Республикамыздың солтүстігінде, орталығында антициклон жотасының әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Республика бойынша желдің күшеюі, батысында, оңтүстік-шығысында дауыл, бұршақ, батысында, оңтүстік-батысында шаңды дауыл, шығысында, орталығында түнгі және таңертеңгі сағаттарда тұман түседі.
Дерекке қарағанда, түнде Қарағанды облысының солтүстігінде, шығысында, Ақмола облысының шығысында, Павлодар облысының батысында, солтүстігінде 1-3 градус үсік күтіледі.