Әкім орынбасарын бопсалаған: Павлодар тұрғыны 3 жылға бас бостандығынан айырылды

Сот айыпталушының өтініші бойынша алқабилердің қатысуымен өткен

Әкім орынбасарын бопсалаған: Павлодар тұрғыны 3 жылға бас бостандығынан айырылды
24.kz
786

Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен аса ірі мөлшерде қорқытып ақша алу фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады turkystan.kz Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Соттың мәліметіне сүйенсек, 2023 жылдың сәуір айында «мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар» санаты бойынша тұрғын үй алуға кезекте тұрған К. әлеуметтік желіде Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасарымен Серік Батырғұжиновпен танысқан.

2023 жылдың мамыр айында Батырғұжиновпен «Павлодар облысы әкімінің аппараты» ММ-дегі өзінің қызметтік кабинетінде К.-ны қабылдады және содан кейін олар өзара жақын араласа бастаған.

«2023 жылдың мамыр-қыркүйек айлары аралығында Б., материалдық көмек түрінде К.-ға 50 000 теңгеден 160 000 теңгеге дейін ақшалай қаражат аударған. 2023 жылдың қыркүйегінде К. қайтадан Б.-дан ақша аударуды өтінген, бірақ Б. бас тартқан. Осы кезде ол Б.-ның жұмыс орнында жақын қарым-қатынастары туралы, оның беделін түсіретін ақпаратты таратамын деп қорқытқан. Б. осы қорқытулардың жүзеге асуынан шынымен қауіптеніп, К.-ның есепшотына жалпы сомасы 4 812 000 теңгені аударған», - делінген хабарламада.

Мұнымен тоқтап қалмай, 2023 жылдың қараша айында К. өзіне 20 000 000 теңге беру туралы заңсыз талаптар қойған, содан кейін Батырғұжинов құқық қорғау органдарына жүгінген.

«Сот шешімі бойынша, К.-ның жасаған қылмысы заң бойынша аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылады және тек бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Кінә жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, қылмыстық іс материалдарымен расталады. Алқабилердің бірауыздан қабылданған кесімімен К. ҚК-тің 194-бабы 4-бөлігі 2) тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Сот К.-ның бұрын сотталмағанын, асырауында кәмелетке толмаған баласы бар екенін және жеке басының ауыр жағдайларының жиынтығы бойынша қылмыс жасағанын ескере отырып, ҚК 55-бабы 4-бөлігінің негізінде оған 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», - делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары