«89 миллион теңге»: Павлодарда әкімдік қызметкерлері сотталды

Сотталушылар кінәларын толық мойындады және залалды өтеді.

«89 миллион теңге»: Павлодарда әкімдік қызметкерлері сотталды
Kazpravda.kz/ Әділбек Тәуекелов

Павлодарда әкімдік қызметкерлері 89 миллион теңгені жымқырып кеткен, деп хабарлады turkystan.kz.

3 мамырда Павлодар қаласының № 2 соты аса ірі мөлшерде бірнеше рет алаяқтық жасау фактісі бойынша адамдар тобына қатысты қылмыстық істі қысқартылған тәртіпте қарады.

Сотпен не анықталды

2022 жылғы тамыздан 2023 жылғы қыркүйекке дейінгі кезеңде Павлодар қаласы әкімдігінің және Павлодар ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері -А.Г., М.А., Б.А., Ж.А., А.А., қызметтік бабын пайдалана отырып, мүгедектердің жеке көмекшілерінің жұмысы үшін заңсыз ақы төлеу арқылы бюджеттен 89 миллионнан астам теңгені жымқырған.

Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, құжаттамалық және заттай дәлелдемелермен, сондай-ақ сараптамалық қорытындылармен дәлелденді.

Сотталушылар кінәларын толық мойындады және залалды өтеді.

Сот не үшін және қандай жаза тағайындады

Сот кінәсін толық мойындауды және шын ниетпен өкінуді; іс бойынша келтірілген залалды ерікті түрде өтеуді; А.Г., А.А., Ж.А., Б.А.-да жас балалардың болуын; М.А.-ның айыбын мойындап келуін; қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға белсенді көмек көрсетуін; тұрғылықты жері бойынша жағымды сипатталуларын ескерді.

Сот қылмыстың қоғамдық қауіптілік дәрежесін айтарлықтай төмендететін, жоғарыда аталған жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, кінәлі тұлғаларға ҚК-нің 55-бабының 4-бөлігі негізінде әртүрлі мерзімге 3 жыл 6 айдан бастап 5 жыл 6 айға дейін бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны тағайындады.

Сотталғандарға жазаның барлық мерзіміне пробациялық бақылау, мәжбүрлі еңбекке тарту және міндеттер белгіленеді.

Сондай-ақ сотталғандар мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.