Елімізде жол ережесіне өзгерістер енгізілді
Жаңашылдық 6 мамырдан бастап заңды күшіне енеді.
Ішкі істер министрлігі жол ережесіне өзгерістер енгізді. Енді біртұтас сызықты кесіп өткеніңіз — қарсы бағытқа шығумен тең. Яғни ереже бұзған жүргізуші куәлігінен жарты жылға айырылады, деп хабарлады turkystan.kz.
Сондай-ақ жаңа өзгертулерге сай, енді автобус жолағымен тек қоғамдық көліктер ғана емес, 8-ден аса жолаушы орындығы бар темір тұлпарлар да емін-еркін қозғала береді. Аталмыш өзгеріс келесі айдан бастап күшіне енеді.
«КТК» арнасының мәліметінше, ақ сызықты кесіп өтуге тыйым салу жаңа ереженің ішіндегі — ең қаталы. Өзгеріске сай, біртұтас жолақпен бөлінген екі бағыттағы жолда басып озуға тыйым салынатын белгіге қарамай, қарсы бағытқа шықсаңыз, жүргізуші куәлігіңізден жарты жылға айырыласыз. Мұны екі жолақтан көп жолдармен шатастырып алмаған жөн.
Мысалмен келтірсек, әл-Фараби, Абай даңғылындағы біртұтас сызықты кесіп өткен үшін бұрынғыдай айыппұл салына береді. Ал екі бағыттағы екі-ақ жолақты жолдар көбіне қаланың сыртында болады.
«Біртұтас таңбалау сызығын кесіп өткені үшін жауапкершілік өзгерді. Енді 1.1 белгісімен белгіленген және де 3.20 басып озуға тыйым салынатын белгісімен белгіленген екі жолағы бар және екі жақты жолға шығу — қарсы жүріс жолағына шығу болып есептеледі», - деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырма жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Сонымен қатар елді мекендерде автобус жылдамдығы сағатына 50 шақырым болып төмендетілді. Ал қоғамдық темір тұлпарларға арналған жолақпен енді автобус санатына жататын көлік құралдары да еркін қозғала береді. Оларға салмағы 5 тоннадан асатын 8 жолаушы орындығы бар көліктер кіреді. Бірқатар жаңа жол белгілері де енгізілді.
«3.9.1 — электрсамокат жүрісіне тыйым салынады деген белгі. 5.8.6 деген, 5.8.6в дегеніміз параллель жатқан жол бөлігіне өту. Сонымен қатар 5.86г, 5.86д — паралель жол бөлігінің соңы деген белгіні білдіреді. 5.16.3 диагональ жаяу жүргінші өткелі», - деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырма жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Полицейлер самокаттарға қатысты жол апатының көбейгенін растап отыр. Заңға өзгеріс енгізуге осы жағдай түрткі болған.
«Алматыда жыл басынан бері электрсамокат жүргізушілерінің қатысуымен 22 жол көлік оқиғасы, оның ішінде 24 жарақат алған жол апаты болды. Жаңа заң күшке енген сәттен бастап, жол қозғалыс жағдайын неғұрлым жақсартуға мүмкіндік береді», - деді Алматы ПД жергілікті полиция қызмет басқармасының аға инспекторы Аян Бақытов.
Бұған дейін мүгедектерге арналған тұрақта тек 1 және 2 санаттағы мүмкіндігі шектеулі жандар немесе сол кісілірді тасып жүрген көліктердің ғана тоқтауына болатын. Енді бұл қатарға тірек-қимыл аппараты бұзылған үшінші санаттағы ерекше жандар қосылды. Жаңа танымдық белгілер енгізілді. Міндетті айырым белгісін, электромобильдер иесі қолдануы тиіс. Ал сарапшылар жаңашылдықтың оңтайлы тұсы да, кемшіліктері де бар деп отыр.
«Жолда жылдан-жылға жаңа көлік құралдары пайда болып жатыр. Тиісінше, заңда өзгеріс те керек. Сондықтан қандай да бір жаңашылдықты құптаймын. Алайда қиылыстар мен біртұтас сызықты кесіп өтуге қатысты қатаңдатылған заңмен келіспеймін. Өйткені жолдағы түрлі жағдай жүргізушіні манёвр жасауға итермелейді. Жүргізушілердің көбі бұрынғы ережемен жүреді. Басым бөлігі бұл өзгерісті білмей қалуы мүмкін», - деді автосарапшы Василий Климаков.
Ішкі істер министрлігінің жол қозғалысы ережелеріне қатысты өзгеріс енгізу бұйрығы осыдан төрт күн бұрын жарияланған. Жаңашылдық 6 мамырдан бастап заңды күшіне енеді.