9-11 сынып түлектеріне ақша жинап, банкет ұйымдастыруға тыйым салынады – Министрлік
Барлық қазақстандық мектепте оқу жылының аяқталуына арналған бірыңғай сынып сағаты өтеді.
24 мамыр күні еліміздің барлық мектебінде 2023-2024 оқу жылының аяқталуына арналған сынып сағаты ұйымдастырылады, деп хабарлайды turkystan.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Барлық қазақстандық мектепте оқу жылының аяқталуына арналған бірыңғай сынып сағаты өтеді.
2023-2024 оқу жылын 3,8 млн-нан астам қазақстандық оқушы аяқтайды. Оның 186 мыңы – мектеп түлектері. Биылғы оқу жылының ұзақтығы 34 аптаны құрайды, оқу 25 мамырда аяқталады.
«Су тасқыны және 25 мамырдың демалыс күніне сәйкес келуіне байланысты 24 мамыр күні барлық мектепте сабақта 2023-2024 оқу жылының аяқталуына арналған сынып сағаты ұйымдастырылады. Онда сынып жетекшілері оқушылармен бірге өткен оқу жылын қорытындылайды», – деп атап өтті Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті директорының орынбасары Қарлығаш Құрманбекова.
11 (12) сынып түлектеріне аттестат тапсыру және ерекше үлгідегі «Алтын белгімен» марапаттау 12-15 маусым аралығында мектептердегі барлық емтихан аяқталғаннан кейін өтеді.
Айта кетейік, 9-11 сынып түлектерінің қауіпсіздігін және емтихандарға сапалы дайындығын қамтамасыз ету мақсатында ақша жинауға, салтанатты іс-шаралар, банкеттер ұйымдастыруға және автомобильдермен шығуға тыйым салынады.