Алдағы күндері елімізде күн суытады – Қазгидромет
Қазақстан синоптиктері алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын ұсынды.
«Қазгидромет» РМК 25-27 сәуірге арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлады turkystan.kz.
Синоптиктердің болжамынша, оңтүстік циклонның әсерінен 25-27 сәуір аралығында еліміздің оңтүстігінде, 25 сәуірде еліміздің солтүстік-батысында жаңбыр жауады.
«Республиканың оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ жаууы мүмкін. Қалған аумақта антициклон әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Республика бойынша екпінді жел соғады, түнде солтүстік және шығыс облыстарда тұман түседі», - делінген хабарламада.
Суық фронт бірте-бірте еліміздің оңтүстік облыстарына ауысады. Бұл өңірлерде ауа температурасының түнде 0-12 градусқа дейін, күндіз 10-20 градусқа дейін төмендеуі күтіледі. Солтүстік облыстарда суықтың шарықтау шегі сақталады.
«25 сәуірде термометрлер түнде 0-8 аязға дейін, күндіз 5-13 градусқа дейін төмендедеуі күтіледі, содан кейін солтүстікте күндіз ауа температурасы біртіндеп жоғарлайды», - делінген хабарламада.