Су тасқыны: Зардап шеккен азаматтардың несиелері 3 ай мерзімге шегеріледі

Төлемдер автоматты түрде 1 сәуір – 30 маусым аралығында 3 ай мерзімге кейінге қалдырылады.

Су тасқыны: Зардап шеккен азаматтардың несиелері 3 ай мерзімге шегеріледі
ult.kz
621

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 12 өңірдегі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету туралы тапсырмасы шеңберінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен және микроқаржы ұйымдарымен бірлесіп, зардап шеккен азаматтарға, шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсету іс-шараларын іске асырып жатыр.

ҚР ҚНРДА Қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары Қайрат Тұрымтаев ОКҚ алаңында өткен брифингте зардап шеккен қарыз алушыларға көмек көрсету шеңберінде банктер мен МҚҰ іске асыратын шаралар жайында айтты, деп хабарлады turkystan.kz.

«Жергілікті атқарушы органдардың тізімдеріне сәйкес су тасқынынан зардап шеккендер санатына жатқызылған барлық азаматтардың кредиттері бойынша төлемдер автоматты түрде 1 сәуір – 30 маусым аралығында 3 ай мерзімге кейінге қалдырылады. Зардап шеккен азаматтардың кредиттері бойынша су тасқыны салдарының ықпалына байланысты туындаған, төлемдердің кешіктірілгені үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар кейінге қалады. Зардап шеккен барлық дара кәсіпкерлерге, сондай-ақ су тасқыны шаруашылық қызметтің бұзылуына әкеп соққан шағын және орта бизнес субъектілеріне олардың берген өтініштері ескеріле отырып, кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі берілетін болады», – деді спикер.

Банктер мен МҚҰ қарыз алушылардың мүлкі мен жеке шаруашылығына, табысы мен қаржылық жағдайына келтірілген зиянның әсерін бағалау үшін әрбір зардап шеккен қарыз алушының жағдайына жеке талдау жүргізеді, оның негізінде кредиттер бойынша дербес қолдау көрсетудің қосымша шаралары айқындалатын болады.

 

 

Серіктес жаңалықтары