100 домбырашы құтқарушыларға арнап ерекше флешмоб өткізді
«Алатау» фольклорлық ансамблінің домбырашылары мен жас таланттар ұлттық өнер арқылы табиғатты аялауға да шақырды.
100 домбырашы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсеткен азаматтарды қолдап, халыққа қуат сыйлайтын және рухты көтеретін бірқатар күй орындады, деп хабарлады turkystan.kz.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, олар табиғи апаттан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинап, 30 тоннадан астам жүк жөнелткен болатын. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табады.
«Алатау» фольклорлық ансамблінің домбырашылары мен жас таланттар ұлттық өнер арқылы табиғатты аялауға да шақырды.
«Мұндай жағдайда біз шетте қала алмаймыз, еріктілер ретінде де гуманитарлық көмек жинап атсалысамыз. Сонымен бірге біз өз қолдауымызды өнер арқылы білдіріп жатырмыз. Сондықтан халықты жігерлендіру, қуаттандыру және қолдау үшін қазақ күйлерін орындауды ұйғардық. Біздің халқымыз әрқашан өзгенің қасіретіне бей-жай қарамайтын әрі табиғатқа үлкен құрметпен танытып, тазалық пен тәртіпті бағалайтын. Қазір Алматы тұрғындары «Алматы – біздің ортақ үйіміз» экологиялық жобасына да қатыса алады», - деді фольклорлық ансамблдің жетекшісі Тұрсынай Пазыл.