Сенаторлар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңды қарайды
Бұл заңдар отбасылық-тұрмыстық және қоғамдық салаларды қоса алғанда, зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдату бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін әзірленген.
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар салалық Комитеттердің осы аптадағы іс-шараларын және 11 сәуірде өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті.
Отырыс кезінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңға түзетулер енгізу бойынша сөз қозғады.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үнемі баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін тиісті заңдар әзірленді. Сенаторлар әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын күшейтуді қолдайды. Заңдардың қоғамдық маңыздылығын ескере отырып, оларды бейсенбідегі Палата отырысына шығаруды көздеп отырмыз», – деді Мәулен Әшімбаев.