Көктем  келер  қызғалдағын  құшаққа  ап...

Көктем  келер  қызғалдағын  құшаққа  ап...

Көктем  келер  қызғалдағын  құшаққа  ап...
ашық дереккөзі
Әйелдер поэзиясы – айрықша сұлу, ерек  әлем. Бұл әлем  адам жанының ең бір нәзік иірімдерінен, рух пен сананың шарқ ұрған ізденістерінен, қуаныш пен қайғының, бақ пен сордың, биіктік пен төмендіктің, самғау мен құлаудың,  мезеттік пен мәңгіліктің  бітпейтін тайталасынан тұрады.  Көктемдей шуақты қыздар поэзиясынан дүниеге немқұрайлықпен қарайтын суықтықты ешқашан  таба алмайсыз. Құрметті оқырман, әр өлеңі көктемнің ақ нөсеріндей ақын қыздарымыздың жырларынан шашу шаштық ендеше... Қабыл алыңыздар!

Танагөз Толқынқызы

Жартылай сүйе алмаймын, Мен сүйсем өртенемін. Ешкімді қызғанбайтын Жандардан жеркенемін. Өзіңді өзгеменен Ешқашан бөлісе алман, Бөлісе алмаған соң Осылай дерт емемін. Жартылай сүйе алмаймын, Мен сүйсем жанып кетем. Жан мен жан отасқанда Қиылсын анық некем. Қайраңда қалт-құлт етсең, Толқын боп алып кетем, Жаныңды күл парша ғып Жарақат салып кетем. Жартылай сүйе алмаймын, Есіңнен тандырамын. Өзіме сыймаған соң, Бағытсыз қаңғырамын. Айталық жаңбыр әнін, Несіне абдырадың? Мен сүйсем осындаймын Жүректе шаттық емес, Мұң ғана қалдырамын.  

***

Ту сыртымнан атқандарды кешірдім, Сырт айналмай сатқандарды кешірдім. Түнегіңді жарығыммен өшірдім, Кешірімнен күн сәулесін өсірдім. Талантымды кешпегенді кешірдім, Күнге қарап өспегенді кешірдім. Кешірімнен сағы сынар кесірдің, Кесірден де көшсін дедім кесір мұң. Аққа күйе жаққандарды кешірдім, Күннен де дақ тапқандарды кешірдім. Қап-қараның салшы десе суретін Қап-қарадан аппақ сәуле көшірдім. Өз отына өзі күйген ғаріп көп, Бәрімізді сыйдырып тұр алып Көк. Қараңғымен алыспаймын қарайып, Мына ғалам қалу үшін жарық боп.   Әлия Дәулетбаева Мен сізбенен дерттімін... Сіз қалайсыз? Жүз жаралап жанымды, жүз жамайсыз. Жүрсем дегем жаурамай, жалындамай, Бір сергелдең тап болды бізге абайсыз. Мен сізбенен дерттімін... Сіз қалайсыз?.. Шыныменен жоқ па екен алаңыңыз, О, несіне телміріп қарадыңыз? Жылдам елтіп қалғаным содан шығар, Мұңға дертіп тұрды ғой жанарыңыз. Ырғағанда қурайдай құйын уақыт, Шиыр-шиыр жолдардан миым қатып жүргенімде бір көріп өзіңізді, Өмірімді алдым-ау қиындатып. Ал өмірім сізсіз де күрделі еді, Түсіндіре аламын кімге нені? Биылғы күз суық па, қалай өзі?.. Бір үмітім кешігіп гүлдеп еді... Бұл тыныштық әйтеуір қашты менен, Ақылсызбын, ардағым, тапшы, неден? Дәл осылай сандалып, сағым қуып, Жақсы көргім келмейді! Жақсы көрем!  

***

Қас- қағым сәтте оянып алған, Ұялшақ түске боянып алған, ессіздеу менің арманым... Мен сенен қайтсем безер екенмін, Алқынған күйді сезер екен кім?.. Ардағым... Жан қызуыңды жалап кететін, бар қызығыңды тонап кететін күндерім менің бұлағай. Көзіңде ұяң сыр түнеді ғой... көрмеуім- дағы мүмкін еді ғой... Бұ қалай?!.. Жаңбырға тоңған жапырақ сынды, жапырақ жауған атырап сынды, сағыныш түстес тағдырым. Не айтайын сізге күліп тұрсыз ғой, Көрмей-ақ сезіп, біліп тұрсыз ғой барлығын...   Сағыныш Намазшамова Ағады Ақсу баяу ғана, Шалқымайды, тасымайды. Жағасында жан тыншиды, Қалсам ба екен басыбайлы?!   Қашсам солай жан мұңынан, Шаһардың шу-гүрілінен, Болар ма екен дерт меңдеген Жүрегімнің дірілі кем?!   Жал толқындар жымың қағып, Жарысады ойнап ағып. Жылылықты біз қалайша Толқын құрлы ойламадық?!   Торықпайды жатса дағы Толқын басын тасқа соғып. Біз де сондай бекем болсақ Қиындықтан қашпас едік.   Салқындатшы санамды енді, Тербет, өзен, әлдилеші, Әніңе ұйып ұйықтап кетсем, Білем, дерттен жан күймесін.   Ағады өзен, оралмайды, Уақыт деген ауыспалы. Сен де арнаңа түссеңші енді, Өмірімнің ағыстары!

***

Қауырсындар Қауырсындар, қауырсындар! Бір ерек қауымсыңдар. Кімдерге ауырсыңдар, Кімдерге бауырсыңдар. Қауырсындар! Құстарға медетсіңдер, Ұшқанға себепсіңдер. Кімдерге елеусіздеу, Кімдерге керексіңдер. Қауырсындар! Нәп-нәзік, балаңсыңдар, Бәріне алаңсыңдар. Кімдерге сынық қанат, Кімдерге қаламсыңдар. Қауырсындар! Үлпілдек мамықсыңдар, Сонда да алыпсыңдар! Жетем деп ұмтылғанмен Көк пен жер арасында Қалықтап қалыпсыңдар... Әттең...   Мақпал Жұмабай

АНА

Ақылмын. Армын. Жүрекпін. Оймын. Осының бәрін сезіну ғой – мұң. Дауылдатса да, құйындатса да, Мен Жерге мүлдем ренжуді қойдым. Өйткені, онда сен барсың, Ана! Қатыгездіктен қаймыққан өрлік, Балбал тастардан ойды ұққам сендік. О, сені жылап тұрып та сүйем Соры көп біздің бойлық пен ендік. Өйткені, онда сен барсың, Ана! Айдыным. Тауым. Орманым. Тасым. Бәрі де – асыл, бәрі де – асыл. Орнайды түбі бұл мекенге бақ Солардың жасы құрғатылғасын. Өйткені, онда сен барсың, Ана!   Қаптаса-дағы жер бетін қауіп, Кетсе де барлық адамдық ауып. Сонда да мына ғасырды тастап Ешқайда менің кетпесім анық. Өйткені, мұнда сен барсың, Ана!   Құралай Омар “Махаббатта көз болмайды” деп едi. Жаным жылып, жадырадым... Ызғарсыз. Ойламауым мүмкiн емес, себебi, Жүрегiмнiң лүпiлiнде сiз барсыз. Сағынамыз... Асығамыз жетуге... Жанарымда мөп-мөлдiр боп тұндыңыз. Күндер күлiп, сәттер сырғып өтуде, Содан берi бақыттымыз... мұңдымыз. Тағдырыма ойда жоқта тап болып, Орадыңыз бiр өзiңiз санамды. Жеткiзе алмай сезiмiмдi жақ толып, Тек өртенiп, жанам-ды...

***

Хабарсыз кеттіңіз шынымен, Ұстатпай… Ұқсайсыз қашқанға. Хат жаздым сізге арнап түнімен Сағыныш жайында аспанға. Әсемдеп Айменен, жұлдызбен Жүректің сөздерін көкке ілдім. Сіз ұйықтап жаттыңыз бір қызбен, Көруге шамаңыз жоқ, білдім. Таң жақын, жұлдыздар маужырап барады, Хаттарым тағы да оқылмай қалады...   Бақытгүл БАБАШ Жүрегімде жалғыз аққу бар менің, Таңсық оған тіршіліктің сыны әлі. Тауып бере алмадым-ау жан емін. Әлде адасып кетті ме екен сыңары? Кеше түнде тағы да алды мазаны. Енді қалай жер бетіне сиямын? Құлағыма бір үн келед азалы, Шырқау көкке шарықтаса қиялым. Не сау емес, не жынды емес, хал бөлек, Хаққа жетпей, қайтып келді тілегім. Көз алдымда барады өмір дөңгелеп, Неге маған ұстатпайды ол білегін? Алдайды тек, бәрі алдайды, бос үміт. Кетсем бе екен ештеңеге қарамай? Қарашығы құстың мұңын көшіріп, Аспанымнан үнсіз ауып барады Ай...  

***

Күткенде уақыт өтпейді неге? Күлімдеп бақыт жетпейді неге? Сағынып сені аласұрғанда, Жүрегім құс боп кетпейді неге?   Көкейде жүрген көңілдің сыны, ә? Көзімнен неге төгілді күнә? Қияли қызды қуыршақ қылған, Не істесем екен өмірді мына? Аспан да құлап қалады деп пе ем? Басқа мұң бұлай салады деп пе ем? Ізің түспейтін жолыңа қарап, Қарашықтарым талады деп пе ем?   Жауапсыз қалып сұрақтың бәрі, Жылатып, налып, жұбаттың ба әрі? Жанарыңда ғой, жалғанда мынау Шын болса егер жұмақтың бары!   Жаныңа жарық жақсын өлеңім, Тілегімді айтып таспық өремін. Үнсіздігіңмен азапта, мейлі, Бәрібір сені жақсы көремін, Жақсы көремін!   Жанар ӘБСАДЫҚ Естиді жүрегім... Сен өзге қалқаны сүйгенде жар қылып, Естиді жүрегім, білермін... Терең бір сайлардан сөздерің жаңғырып, Алқынып, аһ ұрып, жүдермін.   Мүлгіген орманда соқпақтар шашылған, Бұғының ізімен жүрермін... Ізіңді іздеумен мөлдір шық жасырған, Тауға да, тасқа да түнермін.   Сен сүйген сұлудың келбеті бұлдырап, Бұлттардың шәлісін жамылар. Ұрыдай қаш енді құздарға құлдырап, Жұбыңмен бір пана табылар...   Жарасып, сол жанның қолына жармастың, Жасқанып мендік мұң-тасқыннан. Сен оның бейнесін биіктете алмассың, Менің ақ жүзімнен жас жуған.  

***

Қоштай алмадым қылығыңды «Қош» деуге тілім күрмелді. Таңдадым-дағы түсімде көргенді, Тоқтаттым бірге жүргенді.   Сағынып болып, жалығып болып, Жетерміз біз бір мекенге. Ішқұса қылған алдамшы арман Ақ қардай еріп кетер де... Тірлікте мынау ереже тұтқан есірік заңды екеуміз, түсінер ме едік, түсінер ме едің, ерегіскенімізді бекерге?!   Мың оқысаң-дағы майыспай өткен Бауыржан бабаңның өрлігін, Қайрыла алмассың, қарай алмассың Көзіме тіктеп сен бүгін....   Айжан Табаракқызы Жұдырықтай жүрегімнен не қалды?.. Көкжиектен бауыр жазып ауа алмай, Тұрған бұлтқа телміремін жауа алмай, Өкініштен күйіп тұрған өзекке, Содан дауа табардай... Алданышын көктен күткен жан мынау, Тағы да сол, мазасыз түн... қалжырау... Жұдырықтай жүрегімнен не қалды, Айтыңызшы, Тағдыр-ау?! Күттім... Күттім... Сезім еді сенгенім, Күдікті үнсіз көкірекке жерледім, ...Бұл шаһарға оралғанмен қайтадан, маған қайтып келмедің... Сен емес қой, жылдар шығар алдаған, Бәлкім, менің жолым тағы болмаған... ...Бұрынғыдай жанарыңда сезімнен, Ештеңе де қалмаған. Жүрегімді өбектеген сол шағым, Қайда қазір?! Қайтем, көзге толса мұң... Сізбен бірге кешпейтін бұл ғұмырды, Сүруден де шаршадым...

***

Көңілімнің алай-дүлей шағы бұл, Қайтсем екен сезімім?.. Білесің ғой оған енді бәрібір, Кінәлі тек өзіммін.... Ештеңе етпес алдағаны уақыттың, Бауыр басып кетер деп. Енді міне, жолын күтпей бақыттың, Үйге қайттым... Бұл күндер де өтер деп... Көрмесінші ешкім осы күйімді, Өз-өзімнен қажыған... Жалықтым ба, кім біледі Өмірдің, Бітпейтұғын назынан. Бұдан да ауыр шақтар болған жолымда, Сонша неге егілем?! Бір жаманы – қарар жан жоқ соңымда, Бір жақсысы – Жалғыздығым менімен... Ақ мұнарға орап қойып сезімді, Адастырды Тағдырым... ...Мен аспаннан сұраған ем өзіңді Төкті салқын жаңбырын...   Құндыз Жұбаева

Көктем шумақтары

Көңiлiмдегi көктемдi күткем... күткем... Келмеді. Қуанып қызыл көйлегiн кидi қыз бiткен – Жердегі. Гүл өспей жатып семгенi, Сағына алмаса-ешкімiң. Кеш, күнiм. Көктем келді деп қуанды құрбым- Көрмедiм, Естiдiм. Кiнәлi мен бе? Көктем бе? Көктем ғой... (ел сенер...) Шын жазықтының кiнәсi – Өзгеде екен ғой, Өкпелегiсi келсе егер. Көп гүлдер өспес орнына өртең – қатенiң. Қате ұғым, Көктеммен сезім келмейді! Өткен еридi! Кешірiм – жалғыз аты Оның.

***

Наурыздың кеші... Асығып кетіп барады жалғыздар көші. Жалғыздықтың да жолымен сабылдым неше? Жалқы үміт тасқа айналып шағылдым кеше. Тілегі дертті болса да сары қыздың осы, «Ұмыттым, бірақ... Қалқашым, сағындым»-деші. Көктемнің басы... Мейірім маған сыйламас өткеннің жасы. Сағындым деші... жай ғана сағынбасаңда, Сәруәр сөз солған көңілді көктеуге жазсын. Қамыға берем... Қара басымның мұңы ғой – Бәріне көнем. Көкке тігілген көздерім шарасыз еді – Құс екеш құстың әуеде сағынған легі, Сол бір сезімнің тамшысын кеудеңе құймай, Бұл көктем бастап барады тағы да нені?   Көшеде баяу келеді – Жалғыздың көші. Жолыңа жаңбыр-жасымды тамыздым... кешір... Сағындым деші... бәріне нүкте қояйын, Наурыздың бесі...   Жанар Айлашова

РАХМЕТ!!!

Шемен жүрегім – қара тасымды, Қандауыр сөзбен қанатқаның үшін. Тәкаппар, шалқақ, дара басымды, Бұрылып қайта қаратқаның үшін... Бәрін де білем деп жүргенімде, Туындап қалған сұрақтарым үшін. Сезімге шөлдеп көп жүргенімде, Сылдырай аққан бұлақтарым үшін... Еріндерімді, сен, семіп қалған, Сүюге қайта үйреткенің үшін. Махаббатымды мерт болып қалған, Тірілтіп.., қайта күйреткенің үшін... Сұп-сұр тіршілік, әлемді мына, Мың сан құбылтып боятқаның үшін. Арнатып саған өлеңді мына, Мендегі ақынды оятқаның үшін... РАХМЕТ!!!  

КӨЗ

Жайқалған жаздағы гүлі жоқ, Көк мұздан көпір бар арада. Жаныңды жылытар нұры жоқ, Сен менің көзіме қарама! Сен менің көзіме қарама, Бейнеңді құшқысы кеп тұрар. Көңілім көп өксіп қала ма, Көзімде көлкиді көк мұнар. Бұл тағдыр көмескі түсімен, Құйындап кеп соқты бізге де. Жарқ еткен жанарлар ішінен, Сен менің көзімді іздеме... Баянды етпеген сезімді, Бақытсыз жандармыз, талайсыз. Тайдырып әкет сен көзіңді, Түйісіп қалса егер абайсыз. Тайдырып әкет сен көзіңді, Мұң толы мендегі қарашық. Ірке алмай іштегі сезімді, Сен болып тұнады дара шық. Кешегі күндердей керемет, Жанарым сеппейді шуақ, нұр... Қарасаң, алайда, «Неге?» деп, Көзімде бір ғана сұрақ тұр. Сол сұрақ мазалап әлі жүр, Сол сұрақ тұз сеуіп жарама. Сен жауап бермейсің бәрібір, Сондықтан көзіме қарама!   Динара Мәлік Қыс та кетті өртеніп, Құшағында көктемнің! Құлап кетті еркелік, Қанатына кептердің! Сәуір сүйген армандар, Мамырлаған таңдар бар! Жып-жылы түн жүректер, Жолығыспай қалмаңдар! Әппақ-әппақ сезімдер, Қара жердей төзім бер. Оралмаса сол бір жан, Үмітімді үзіңдер! Керек емес ойланып, Кетем десе Айға алып. Жұмыр жерді жүз көрем, Жүрегімде айналып. Бұлт та болса тұрағым, Жұртта қалса жыр-әнім. Періштеге айналса, Пенде кейіп сыңарым. Келген жаңа көктемдей, Өмір сүрсем кектенбей... Жердің бетін сүйемін, Жауымды да жек көрмей! Арда қалсам биіктеп, Арманымды ұқ, сүйіп кеп. Аллаға паш әлемде, Ақ некемді қиып кет!  

***

Анамның көз жасында іркілемін, Мұңсыздау сұқтанды екен көркіне кім? Жырымды жайнамаз ғып жайдым, Алла, Құлыңның қабыл етші бір тілегін! Әкемнің қиялында үзілемін, Ілесе алар оның ізіне кім? Өмірдің саусағынан сүйіп тұрмын, Тірі боп одан қалай безінемін? Әжемді әнге қосты дала бүгін, Ғасырлар жазып алып даналығын. Ақылымен есейтіп жіберді ме, Жаулығына байланып бала күнім. Ауылды аңсағанмен бара алмадым, Жат жер үшін рас екен жаралғаным. Қара жолда қалды ма аласарып, Әке сенің аяулы ақ арманың? Бүгінде неге сонша мұңданамын, Табанында тозамын бір қаланың. Жаныңның ауырғанын жаным сезді, Осы екен ғой өмірде мұздағаным...   Әлия ІҢКӘРБЕК

МЕНІҢ  ДРАМАМ

...маған оңай деймісің? Күн батарда түсірем көңілімнің пердесін, Қайта келмес сәттерді көкжиектен көремін. Мына жалған сиқырлы күлкісімен жеңбесін, Саған ғана мен бүгін шынымды айтсам деп едім – Сыздағанын жүрегім, Мұздағанын жырымның. Түзу жолмен жүр едім, Суық сөзден сүріндім. Құламадым, алайда, Құлатқан жоқ, Тәңірім. Күнмен келген арайдан, Болмысымды таныдым. Тапаншасын бұл Тағдыр тақағанда тосыннан, Ұрланып кеп артымнан дыбысын еш шығармай... Мен де сендей тосылғам – Жылай да алмай, күле алмай! Жалғасады дүрмек бұл, Қонар басқа тағы бақ. Маған өмір сүр деп жүр, Өлеңдерім жамырап! Өкінішке жолдаспын, құрбысымын Үміттің, (Сәттік көңіл-күйіме сеніп қалдың сен несін?!) ...Маған оңай деймісің шыққан кезде күліп күн, Түк болмаған секілді ашу көңіл пердесін?!  

АҚПАН  ТҮНІ

Ақпан кетсе мұң кететін секілді, Жібитіндей сең – Жүрек! Мендік жырды бүрлететін секілді, Ұмыт дейсіз енді кеп... Ақпан кетсе шаттық келер тəрізді, Қуанармын баладай. Жерді басып жүрген жанның бəрі ізгі, Сор – бағына қарамай! Ақпан өтсе Көктем келер расында, Бəйшешегін құшаққа ап! Ал Сіз бүгін өзге жанның қасында, Армандарды ауладыңыз түсі аппақ? Көктем келсе өзгермейді түк те енді, Мен ойымды өзгертуге тиіспін! Өлеңіме қойдым-дағы нүктемді, Үнсіздікпен сүйістім!  

Дайындаған

Жанар ӘБСАДЫҚ