Қазақстан және Қытай ғылым академиялары экология және жер ресурстары мәселелерін зерттейтін болды
Енді академиялар ауыл шаруашылығы, медицина, сондай-ақ ғарыштық зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты дамытатын болады.
Пекинде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясы (ҚР ҰҒА) мен Қытай Ғылым академиясы арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Енді академиялар ауыл шаруашылығы, медицина, сондай-ақ ғарыштық зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты дамытатын болады.
ҚР ҰҒА вице-президенті Ләззат Ералиеваның айтуынша, бұл келісім болашақта ғарыш, агробиоресурстар, экология және медицина саласында ғылыми зерттеулер жүргізуді көздейді.
«Өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қою Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтудағы аса маңызды қадам болмақ. Бүгін бұл өзара ынтымақтастық күшейе түсетіні анық», - деді ол.
Қазақстан Ғылым академиясы 1946 жылы құрылды. 2023 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының мемлекеттік мәртебесі қайтарылды.
Қытай Ғылым академиясы 1949 жылы құрылған және ҚХР жаратылыстану ғылымдары саласындағы іргелі зерттеулердің жетекші орталығы болып табылады. Оның құрылымына 100-ден астам ғылыми-зерттеу институттары мен үш университет кіреді.
Бүгінде Қазақстан мен ҚХР мемлекет басшыларының қолдауымен екі елдің арасындағы экономикалық байланыстармен қатар, ғылым-зерттеу ұйымдары мен жоғары білім беру мекемелерінің ынтымақтастық аясы өте жақсы кеңейіп келе жатқаны айқын. Соның бір дәлелі – Қазақстанда Ұлттық ғылым академиясы жанынан «Қазақ-Қытай ғылыми орталығын» құру туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар, тараптар Ұлы Жібек жолында орналасқан көрші елдердің ауыл шаруашылығы үшін ғылым мен білім саласындағы өзара іс-шараларды үйлестіру мақсатында Су үнемдеу технологияларын енгізу және құрғақшылыққа қарсы күрес ғылыми-зерттеу орталығын құруға уағдаласты.