25 қазан мен 3 қараша аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің Әл-Айн қаласында пара оқ атудан Әлем кубогы өз мәресіне жетті. Айтулы жарыста Астана қаласының спортшылары Севда Алиева мен Никита Ермаков үздік үштікке еніп, қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қазақстандық жұп P6 жаттығуы – пневматикалық тапаншамен аралас жұптық ату бағдарламасы бойынша өнер көрсетті. Шешуші кезеңде олар Иран құрамасымен бақ сынап, тартысты жарыс нәтижесінде жеңіске жетіп, ел намысын абыроймен қорғады.
Айта кетейік, беделді додаға 38 елден 202 спортшы қатысып, әлемнің үздік мергендері өзара сынға түсті.