Театрда жұмыс істеуді армандаймын – Қайрат Әділгерей
Отандық кино-индустрияның жарық жұлдызы, Мәдениет саласының үздігі Қайрат Әділгерей көпшілікке етене таныс. Ол комедиялық туындылардағы актерлік шеберлігімен патша көңілді көрерменнің көзайымына айналған жан. 1 сәуір – Күлкі күні қарсаңында көгілдір экранның төрін бермей жүрген кино актерімен сұхбаттастық.
- Журналистерге берген бір сұхбатыңызда кітаптың және газет-журналдың иісін ұнатамын деген екенсіз. Ал сондағы рухани азыққа қаншалық жиі бас қоясыз? Әңгімені осыдан бастасақ…
- Бұл менің бала кезімнен бірге келе жатқан әдетім. Тіпті «ауруым» десе де болады. Типографияның, бояудың иісіне құмармын. Оқушы кезімнен кітапты жақсы көремін. Оқымасам да кітап атаулыны жинап жүретін едім. Есейе келе кітап оқитын болдым. Кейінгі кезде оқып жүрген кітаптарым негізінен руханият тақырыбын қамтиды. Сізбен сұхбаттасқанға дейін «Бейсен және болмыс», «Өзбекәлі Жәнібек және мәдени майдан» кітаптарын оқыдым. Әлдебір дүниеге қол жеткізу жолдары деген секілді тренингке арналған кітаптарға қарағанда мені руханиятқа толы туындылар көбірек қызықтырады.
- Сізді белгілі актер, мықты дубляж жасаушы ретінде жақсы білеміз. Театрға да бүйрегіңіз бұрып тұратын болар. Дегенмен сіз өзіңізді өнердің нақты қай түріне көбірек лайықпын деп санайсыз?
- Мен актерлық шеберлік және кино актері мамандығы бойынша білім алып шыққан маманмын. Дегенмен мен қай салаға барсам да, өзімді сол саладан көре аламын. Бірақ бүгінде дубляж саласында жүрмін. Сондықтан маған ең жақыны, ең ыстығы – дубляж. Дубляж – мен үшін қарашаңырақ. Бұлай деуімнің де өзіндік себебі бар. Өйткені, мені театрға жұмысқа алмаған кезде, киноларға қабылдамай жатқан сәтте маған дубляж саласында сенім артылды. Бұл сала мені құшақ жая қарсы алды. Сондықтан да дубляж жұмысын жақсы көремін. Сол себепті де әспеттеймін. Тіпті жаһандық пандемия уақытында, елімізде болған карантин кезінде де дубляжда жұмыс істеп жүрдім. «Түнгі студия» бағдарламасында қызмет етіп жүрген кезде де дубляжды тастаған емеспін. Бұл жолға 2005 жылы қадам басқан едім. Әлі күнге табан аудармай осы салада еңбек етіп келе жатырмын. Жуықтап алғанда 20 жыл бойы осы бағытта тұрақты қызмет етіп келемі.
- Өнерге сізді жетелеген не немесе кім?
- Өнерге мені ешкім жетелеген жоқ. Бала күнімде мектеп қабырғасындағы «Күзгі бал», «КВН» секілді мәдени іс-шараларға белсенді қатысып жүретін едім. Содан 1996 жылы Атырауда Сара Алпысқызы құрған «Бөбек» қорының демеуімен кіші өнер академиясы ашылды. Сонда актерлік шеберлік бойынша тәлім алып шықтым. Сол жерде маған Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түсуге ұсыныс жасады. Осылайша, Алматы қаласына оқу түстім. Бүгінге дейін сол жерде алған білімнің жемісін көріп жүрмін. Соның арқасында нан тауып жүрміз десек те болады.
- Кейінгі кезде саяси, қоғамдық тақырыптарды қамтыған, ащы шындықты арқау еткен фильмдерге жиі түсіп жүрсіз. Сіздің образдарыңыз шынайы көзқарасыңызбен қаншалықты астасып жатады?
- Кез келген адамның азаматтық позициясы болатыны секілді әрбір актердің де өзіндік көзқарасы болады. Сондықтан саяси тақырыптағы фильмдерге түсетін болсам, міндетті түрде өз пікірімді байқатуға тырысамын. Менің көкейімдегі ой сценарийде жазылған идеямен үндессе кедергісіз ойнап бере аламын. Ал сценарийде болмаса, өзім келісіммен қостырамын. Мұндай тақырыптарда өз рөлімді қаймықпастан сомдаймын. Өмірде айта алмасаң да, кинода көп нәрсені жеткізуге болады.Сондықтан өмірде айта алмай жүргеніңді кино арқылы барынша жеткізуге тырысасың. Киноның шынайы болып көрінетіні содан болар.
- Ұстазыңыз Иісбек Әбілмәжінов сіз жайлы «Театрда ойнайтын-ақ әртіс еді» деп баға берген екен. Сіз кімдерден тәлім алдыңыз? Ұстаздарыңыз өнердегі қазіргі аяқалысыңызды қалай бағалайды?
- Менің өмірде де өнерде де ұстаздарым көп. Сонау Атыраудан бастайтын болсақ, мені актерлік шеберлікке алғаш баулыған Төлеген Жангелдинов еді. Содан кейін Қазақ ұлттық өнер академиясына келген Иісбек Әбілмәжінов, Орасхан Кенебаев, эстрадаға келген уақытта Сәбит Әбдіхалықов, дубляжға келген шақта Тоқтарбек Қамшыбай, ал театрға, соның ішінде «Әзіл әлеміне» келген тұста Тұрсынбек Қабатов ұстазым болды. Міне, осы кісілер менің өміріме ықпал етті. Азамат болып қалыптасуыма, ел арасында атымның шығуына үлес қосқан ұстаздарыма мәңгі басымды иіп өтемін. Оларды құрметтеймін. Аллаға шүкір, олардың бәрі де ортамызда бар. Әлі күнге дейін араласып, кеңесіп отырамын. Алдарынан өтіп, батасын сұрап жүремін.
- Театрға қызметке шақырса барар ма едіңіз?
- Міндетті түрде барамын. Өйткені, театр құрамында болмаған соң, өзімді жарымжан актермын деп есептеймін. Тетарда ойнау, театрда жұмыс істеу – менің үлкен арманым. Өкінішке қарай, қазір басқа саладамын. Айналысып жатқан жұмыстарым бастан асады. Соған қарамастан, шақырту алып жатсам бірден келісер едім.
- Сахнадағы, экрандағы Қайрат Әділгерей көңілді, әзілқой, позитивті адам. Шынайы өмірде ше?
- Өмірде де позитивті адаммын. Біреумен конфликтіге барудан аулақпын. Біреу-міреу намысына тиіп, қатты әңгіме айтпаса ешкіммен шатағы жоқ адамның бірімін. Ұрыс-керіс дегенді суқаным сүймейді. Менің өмірде ұстанатын қағидам – «ортаға өнеріңмен емес, мінезіңмен сыясың». Бұл данышпан Абай Құнанбайұлынан қалған сөз. Сондықтан өзімді көп адамның ыңғайына жығатын мінезім барын жасырмаймын. Осы кісіге ыңғайлы болса, осы кісі артық әңгіме айтпаса екен деп тұратын қасиетім бар.
- Шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар? Қазір қандай картиналарға түсіп жүрсіз?
- Былтыр қыста Шри-Ланка елінде «Солай болып қалды» деген комедияға түсіп келдім. Ол жерде елімізге белгілі актерлер мен актрисалар болды. Жаңа фильмде Қобыланды Болат, Ерболат Әлқожа, Мәдина Оспан, Жазира Еркін, Айшолпан Байтүгел, Дана Верещак секілді актерлер бой көрсетеді. Бұл кино, бұйырса, жақында жарық көреді. Өзге де жаңалықтарымызбен алдағы уақытта бөлісе жатармын.
- Алдағы мамыр айында Отан қорғаушылар мерекесі келе жатыр. Әскерилерге арналған әзіл-қалжыңдарыңыз бар ма?
- Жоқ! Бұл тақырыпқа аса мән бермеген екенмін. Ал бірақ қажет болса әскери тақырыпты қамтитын әзіл дайындауға болады. Шығармашылық адамы болған соң үнемі айналаны зерделеп, адамдарды бақылап жүреміз. Сондықтан әскерилер жайлы әзіл ойлап табу да аса қиын шаруа емес.
- Қазақ әскерінің бүгінгі әлеуеті жайлы көзқарасыңызды қандай?
- Қарапайым халық көп жерде әскерилер туралы артық сөздер айтып жатады. Ал шын мәнісінде біз барымызды бағаламаймыз. Еліміздің тыныштығы, бақ-берекесі қайдан келіп жатқанына мән бере бермейміз. Сондықтан әскерилердің халық үшін, мемлекет үшін жасап жатқан еңбегі ерен. Тәуелсіздік тұғырының бекем болуы да осы әскерилердің арқасы. Әскери саланың ішкі жағдайын біздер біле бермейміз. Әйтпесе, ел үшін өмірін қиып, жанын пида етіп жатқан әскерилердің қызметі оңай деп кім айта алады?!. Соның ішінде Ұлттық ұланның жауынгерлік қызметін жоғары бағалаймын.
- Әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ