Шымкентте жұмысшылар көшеге қоқысты өздері тастап, фото үшін жинап жүрген

Видео Шымкентке қарасты Тұран ауданында түсірілген

Шымкентте жұмысшылар көшеге қоқысты өздері тастап, фото үшін жинап жүрген
Видеодан алынған кадр
733

Шымкентте қала көшелерін тазалап жүрген коммуналды мекеме қызметкерлері желіде қызу талқыға түсті. Тазалықшылар көшеге қоқысты өздері тастап, кейін фотоға түсу үшін жинап жүрген кейіп танытады. Олардың бұл әрекетін куәгерлердің бірі видеоға түсіріп алған, деп хабарлады turkystan.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Видео ТікТок-та пайда болды. Онда тазалықшылардың бірі бір қоқысты көшеге бірнеше рет тастап, кейін оны жинап жүреді. Екінші қызметкер де тура солай істейді. Желі қолданушылары көзбояушылық танытқан коммуналдық мекеме қызметкерлерін сынның астына алып, олар жазасыз қалмауы керегін айтып жатыр.

Видео Шымкентке қарасты Тұран ауданында түсірілген. Аудан әкімдігінің өкілдері бұл жайтқа қатысты пікірді қалалық ішкі саясат басқармасынан алу керегін айтып, өздері түсінік беруден бас тартқан. Алайда артынша мән-жайды түсіндіріп берген.

Видеоның 28 наурыз күні түсірілгені белгілі болды. Көшені тазалап жүргендей кейіп танытқандар - Тұран ауданы әкімі аппаратына қарасты коммуналдық мекеме қызметкерлері.

Коммуналды мекеме қызметкерлері Темірқазық көшесі бойын қоқыстан тазартты. Алайда аталған аумақта қызметкерлер өз тараптарынан қоқыс тастап, фотоға түсірген. Қазіргі уақытта видеодағы үш қызметкер: М.Керімқұлов, А.Қоқанбаев, Ж.Құрманбаев жұмыстан босатылды. Сондай-ақ жауапты бөлім басшысына қатаң ескерту берілді, - делінген Тұран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне жауапты маман берген жауапта.

Серіктес жаңалықтары