Вьетнамда Наурыз мейрамы тойланды
Салтанатты іс-шараларды Қазақстан мен Әзербайжан Елшіліктері бірлесіп ұйымдастырды.
Түркі елдері мен Азияның бірқатар мемлекеттерінде мереке болып табылатын Наурыз мейрамы Вьетнамның Ханой және Хошимин қалаларында салтанатты түрде аталып өтті, деп хабарлады turkystan.kz
BAQ.KZ сайтының мәліметінше, Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық етуі шеңберінде өткен салтанатты іс-шараларды Қазақстан мен Әзербайжан Елшіліктері бірлесіп ұйымдастырды.
Оларға Қазақстанның Елшісі Қанат Тумыш пен Әзербайжан Елшісі Шовги Мехдизаде, Елшіліктердің қызметкерлері және екі бауырлас мемлекеттің азаматтары, сондай-ақ Вьетнамның ресми тұлғалары мен белсенді азаматтары-қоғам қайраткерлері, академиялық және іскер топтардың, БАҚ өкілдері қатысты. Іс-шаралардың әрқайсысына 100-ден астам адам қатысты.
Белгілі қазақстандық әртіс, «Қазақконцерттің» солисті Перизат Тұрарова, сондай-ақ әзербайжандық дипломат және ашуг (ақын) Муса Гулиев Хошиминде өткен салтанатты іс-шараға қатысып, вьетнамдық көрермендерді өздерінің тамаша қазақ және әзірбайжан ұлттық композицияларымен және әндерімен таң қалдырды. Ханойда Қазақстан мен Әзербайжан мәдениетін бейнелейтін музыкалық нөмірлер шырқалды.
Сонымен қатар, екі Елшілік пен олардың отандастары қонақтарға әртүрлі ұлттық тағамдары бар бай үстелдер дайындады. Қазақстаннан, Әзірбайжаннан және Вьетнамнан келген іскер адамдар байланыс орнатып, кейбір алдын ала бизнес-келісімдерге қол жеткізді.
Вьетнамның ірі қалаларында Наурыз мейрамын тойлау түркі, оның ішінде қазақ және әзірбайжан мәдениеті мен өнерін Қазақстан Республикасының ТМҰ-ға төрағалық еткен жылы ілгерілету тұрғысынан ірі оқиға болды. Оны кең Вьетнам жұртшылығы, қазақ және әзірбайжан қауымдастықтары өте жылы қабылдап, әлеуметтік желілерде жоғары баға алды.
Іс-шаралар достық, ынтымақтастық және өзара құрмет атмосферасында өтті және өзара ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.