Ерлан Қошанов: Құрылтайда айтылған мәселелер Парламент мінберінде көтеріліп, нақты іске асырылатын болады

Ерлан Қошанов кейінгі кездері есірткі саудасы өзекті әлеуметтік проблемаға айналғанын, депутаттар осы мәселені шешуге бағытталған жұмыстың бел ортасында жүруге тиіс екенін айтты.

Ерлан Қошанов: Құрылтайда айтылған мәселелер Парламент мінберінде көтеріліп, нақты іске асырылатын болады
сурет: Informburo.kz
786

20 наурыздағы Мәжілістің жалпы отырысында Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Ұлттық құрылтайда көтерілген маңызды мәселелер жөнінде Парламенттік тыңдалым өткізу қажет екенін айтты.

Бәріңіз білесіздер, жуырда ғана Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысы еліміздің рухани-идеологиялық, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық бағдарларын айқындап берді. Президенттің көтерген келелі мәселелері мен сөйлеген сөзін бағдарламалық құжат ретінде қабылдауға болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзекті проблемаларға тоқталып, оларды шешудің стратегиялық және шұғыл тәсілдерін атап көрсетті. Соның ішінде депутаттарға бірқатар міндет жүктеді. Біз енді соларды орындауға жедел кірісуіміз керек. Бүгінгі депутаттық сауалдар – Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзіне көрсетілген нағыз қуатты қолдау. Аталған мәселелер Парламенттің ресми мінберінен көтеріліп, нақты іске асырылатын болады.  Яғни олардың негізінде Парламент бірқатар заң жобасын қабылдауға тиіс. Мәселен, бүгін біз лудоманиямен күресуге бағытталған заң жобасын жұмысқа алдық. Бұл құжат депутаттардың бастамашылығымен әзірленді. Оны осы сессияның соңына дейін қабылдауымыз қажет, - деді Мәжіліс Төрағасы.

Ерлан Қошанов кейінгі кездері есірткі саудасы өзекті әлеуметтік проблемаға айналғанын, депутаттар осы мәселені шешуге бағытталған жұмыстың бел ортасында жүруге тиіс екенін айтты. Есірткі өндірісімен айналысқаны үшін жауапкершілікті күшейтіп, оны аса ауыр қылмыстармен теңестіруіміз қажет екені де айтылды.

Тағы бір маңызды жайт – вандализм. Оның да кез келген түрі үшін жауаптылықты заңнама деңгейінде қатайту керек. Дін мәселесі де аса өзекті. Осы саланы реттеудің құқықтық негізін дәстүрлі әдет-ғұрпымыз бен құндылықтарымызға, зайырлы мемлекет қағидаттарына сүйене отырып, қайта қарауымыз қажет. Сонымен қоса, археология, мемлекеттік рәміздер мен мемлекеттік наградалар саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмысы күтіп тұр. Мәселен, кейінгі күндері қоғам қызу талқылап жатқан Герб мәселесі өзекті болып отыр. Шынтуайтында, аталған мәселенің талқыға түсуі – қоғамдағы пікір алуандығының көрінісі. Қолданыстағы Гербтің бейнесіне байланысты жастар, қоғам белсенділері тарапынан көтерілген ұсынысқа Президентіміз құрылтайда өз пікірін білдіріп, ортақ, байыпты шешімге келуге шақырды. Мемлекет басшысы осылайша Герб мәселесін ашық талқылауға шығарып отыр. Бұл ретте жалпы жұртшылықпен бірге, мемлекеттік символиканы зерттеп жүрген геральдика саласының кәсіпқой мамандарының ұсыныстары жете талқылануы қажет. Біздің Герб – сан ғасырлық тарихымызды таңбалайтын, мемлекетіміздің айбынын асыратын, халқымыздың асқақ рухын айшықтайтын негізгі символ болуы керек. Ең бастысы, еліміздің болашаққа ұмтылысын бейнелейтін бірегей атрибутикасына айналуға тиіс. Бұл, әрине, қоғам мен арнаулы комиссияның құзыретіндегі мәселе, - деді Ерлан Қошанов.

Қорытындылай келе, Мәжіліс Төрағасы Ұлттық құрылтайда көтерілген маңызды мәселелер жөнінде Парламенттік тыңдалым өткізу қажет деп санайтынын айтты.

Серіктес жаңалықтары