Әйгілі әнші Иса Байзақов ұстаған домбыра табылды

Дауылпаз ақынның өз қолымен ұстаған мұндай жәдігер өңірде тұңғыш рет табылып отыр

Әйгілі әнші Иса Байзақов ұстаған домбыра табылды
gov.kz

Домбыра Ертіс ауданынан табылды, деп хабарлады turkystan.kz Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде қала тұрғындары ақын, әнші-композитор Иса Байзақов ұстаған көне домбырамен танысты.

Дауылпаз ақынның өз қолымен ұстаған мұндай жәдігер өңірде тұңғыш рет табылып отыр.

Көне аспап жайында Исаның Үлгілі ауылындағы музейін алғашқы ұйымдастырушы, ардагер ұстаз, Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Күләш Әбиева әңгімелеп берді.

Бұл домбыраны ақын 1942 жылы туған жеріне келгенде досы Мүпти Ахметовке тарту еткен. Бұл өңіріміз үшін таңғаларлық жаңалық болып отыр. Себебі, ақынның туған жеріндегі музейлерде мұндай жәдігер жоқ, – деп атап өтті ардагер ұстаз Күләш Әбиева. 

Сондай-ақ келер жылы тұлғаның туғанына 125 жыл толады. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ақынның мерейтойы қарсаңында зерттеу-іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Соның бір нәтижесі – осы көне жәдігер.