Мемлекет басшысы бюджет қаражатын оңды-солды жұмсауға болмайтынын айтты

Басты мақсат – елімізді аймақтағы ашық нарықтық экономикасы бар маңызды орталыққа айналдыру екенін еске салған Президент ұлттық буржуазияға зор міндет жүктеліп отырғанын айтты.

Мемлекет басшысы бюджет қаражатын оңды-солды жұмсауға болмайтынын айтты
сурет: ult.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселесі көтерілді.

Тағы бір мәселе – бюджет қаржысын үнемдеу. Үкімет бұл мәселені әрдайым басты назарда ұстауға тиіс. Қазір бюджеттің кірісі мен шығысы қайта қаралып жатыр. Қаржыны оңды-солды жұмсауға болмайды, бұл – ақиқат. Мемлекеттік мекемелердің бюджетін тексеріп отырмаса, шығыстары ұлғая береді. Мұны қатаң бақылауда ұстау керек. Тағы да қайталап айтамын. Қаражат ең қажет жобаларға, ең маңызды мәселелерді шешуге жұмсалуы қажет, - деді Президент.

Басты мақсат – елімізді аймақтағы ашық нарықтық экономикасы бар маңызды орталыққа айналдыру екенін еске салған Президент ұлттық буржуазияға зор міндет жүктеліп отырғанын айтты.

Мен ұлттық буржуазия туралы ой-тұжырымды осыдан 24 жыл бұрын Давос экономикалық форумында атап өттім. Бұл жерде ұлттық деген сөз кәсіпкердің ұлтына емес, оның азаматтық сана-сезіміне қатысты айтылып отыр. Яғни, елімізге қоғам алдындағы жоғары жауапкершілігін сезінетін және Қазақстанды дамытуға елеулі үлес қосатын ұлттық буржуазия керек, - деді Мемлекет басшысы.