Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек – Тоқаев
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың отырысы өтіп жатыр.
Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзінде ел тұтастығының зиялы қауым бірлігінен басталатынын айтты. Бұл туралы turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап хабарлады.
«Ашығын айтуымыз керек, біз тарихқа келгенде көбінесе эмоцияға беріліп кетеміз. Өткен заманды орынсыз қазбалау жақсылық әкелмейді, оның пайдасынан гөрі, зияны көп. «Өспейтін елдің баласы өнбейтін дауды қуады» деп бекер айтпаған. Өткен іс өтті, енді оны ешкім өзгерте алмайды. Уақыт ең әділ төреші екенін ұмытпайық. Бізге бітпейтін дау-дамай емес, мызғымас ынтымақ пен бірлік керек. Қазіргі тарихи кезеңде халқымыздың сөзі де, ісі де – бір болуы қажет. Сондықтан зиялы қауым, ең алдымен, еліміздің бірлігін нығайтуға баса назар аударғаны жөн. Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі – бос» деген сөзі әлі де өзекті болып тұр. Мен зиялы қауым өкілдерінің бір-біріне әрдайым тілектес болғанын қалаймын. Өзара жанашыр болу, түптеп келгенде, елге жанашыр болу деген сөз. Тағы да қайталап айтқым келеді: ұсақ-түйек әңгімені қою қажет. Қазақты бөліп-жаруға болмайды. Біз жалпыұлттық деңгейде ойлауға ұмтылуымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.