1873 жылы топографтар Маңғыстауда 1133 шыңырауды тіркеуге алған

1873 жылы топографтар Маңғыстауда 1133 шыңырауды тіркеуге алған

1873 жылы топографтар Маңғыстауда 1133 шыңырауды тіркеуге алған
ашық дереккөзі
1064

Шыңыраудың басында ши сыңсыған...

«Үстірттің үстіндегі ең терең, ең өрісі мол шыңырау осы болмақ. Шығыр тартқанда қара атан қазірдің өзінде екі жүз қадамнан асып қайтып жүр. Кешеден бері құдықтан шыққан топырақтың қиыршығы азайып, жентек-жентек саз ұшыраса бастады. Суының тұщы болуы да ғажап емес. Енді Еңсеп сол туырлық сазды түгел ойып біткенде, ар жағынан балдай тәтті тұщы су тесіп шықса, Байсал бай ханға сәлем берер ме. Аман болса, бүкіл ала қырдың үстіндегі жалпақ ел бұл шыңырауға көзін сүзіп өтеді. Байсал бай дәулетін осы жолы төкпегенде қайда төгеді. Айдыны асқан жерде аямай сілтеп қалатын шығар!»

«Шыңырау» повесі, Әбіш Кекілбаев

Қазақ халқының тіршілік қамын қамтамасыз ету жүйесінде құдықтардың алатын орны зор болды. Құдық – байырғы, күрделі жер асты, гидротехникалық құрылыс. Қазіргі кезеңде архео­логиялық қазба жұмыс­тары­ның нәтижесінде жер асты суларын құдық қазу арқылы пайдалану көне дәуірлерден қалыптасқандығы белгілі болып отыр. Қола дәуірінің орта кезеңіндегі қоныстарға жататын Батыс Қазақстандағы Тастыбұлақ, Солтүстік Қазақстандағы Шағалалы деген жерлерден орташа диаметрі 95-100 см, тереңдігі 5 метр болатын цилиндр тәріздес археологиялық құдықтардың орындары табылған, яғни сол заманның өзінде ежелгі тайпалар құдық қазудың күрделі технологиясын меңгерген. Қазақ даласына келген саяхатшылар, зерттеушілер, әскери шенеуніктер топонимикалық карта жасағанда, елді мекендермен қатар, суаттар мен құдықтар аттарын енгізіп, олардың қала орталығынан қашықтығын көрсетіп отырған. Бұл еңбектердің тарихи география, тарихи топонимика үшін берері мол. Олардың қатарында Б.Залесский, А.П.Залесский, Маг-Гахан, В.Пельц, С.П. Щвецов, О.С. Вялов т.б. еңбектерін атауға болады. Құдықтар қыстау, көктеу-күздеу, жайлауда және көш, керуен жолдарында қазылды. Мал табынының мерзімдік жайылымын қамтамасыз ету мақсатында қазақтар жыл сайын өздерінің ата-бабалары қалыптастырған көш жолдары бойымен көшіп, жаңа қонысқа жеткенше белгілі құдық басына, өзен бойына тоқтап отырды. Көш және керуен жолындағы құдықтар көшпелілер мен керуеншілер жолын жалғастыратын, ел мен елдің арасын байланыстырып тұратын айрықша мәнді белгі, су бекеті ретінде қызмет еткен. Көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығындағы еңбек өте ауыр болатын. Мал жаю, төлдету және оны өсіру, табынды сақтап, ауырған малды емдеу, табиғи су көздері жоқ шөл мен шөлейт өңірлерде құдық қазып, оны қалыпты жағдайда ұстау үшін қазақтардың көп күш-жігер жұмсауына тура келді. Қазақтардың дәстүрлі мал шаруашылығы табиғаттың дүлей құбылыстарына тәуелді еді. Шу қазақтары Жетіқоңыр жайлауына жету үшін Бетпақдала, ал Сыр қазақтары Торғай арқылы Қостанай жеріндегі жайлауларға жету үшін Арысқұм, Дариялықтақыр сияқты шөлдерді кесіп өтті. Сырдың төменгі ағысы бойындағы қазақтар Ырғыз, Ақтөбе жайлауларына көшер жолында Кемпірқұдық, Қызылдемар, Қияқты, Жалынды, Алтықұдық, Қаражүз, Тасқұдық сияқты құдықтардың үстінен өткен. Кіші Борсық, Үлкен Борсық құмдары, Мойынқұм, Қызылқұм, Қарақұм сияқты табиғи су көздерінен жырақ жерлерден құдық қазып, оны қалыпты жағдайда ұстауы, өздерінің тіршілік қамын қамтамасыз ету жүйесі және малды шөлден аман алып қалудың қамы еді. Әсіресе, суы тапшы табиғи зоналарда құдықтардың маңыздылығы жоғары болды. Көш жолдары бойындағы ауыл уақытша тоқтайтын құдық басы да, табиғи және жасанды су көздерімен қатар «суат» деп аталып, бір суаттан екінші бір суатқа жету жолының қашықтығы 5-10 шақырым болатын. Ертеде адамдар жайылымдық жер, мерзімдік қоныс қарағанда иеленген жерге белгі қалдырып кетіп отырған, суатқа бірінші келіп тоқтаған ауыл суат немесе құдық басындағы шөптің басын буып байлаған, бұл дәстүр топ будым деп аталған. Егер басқа ауыл байланған шөпті көрсе, онда олар суатқа тоқтамай одан әpi көше берген. Қазақ жерінде құдықтардың қазылған жеріне, судың көлеміне, су көзінің таяздан және тереңнен шығатынына байланысты құдық қазудың да өзіндік әртүрлі әдіс-тәсілдері қалыптасты. Зерттеушілер еңбектеріндегі мәліметтерді зерделей отырып, пайдаланатын уақыт мерзіміне қарай құдықтардың ұзақ жылдар пайдаланатын тұрақты, терең емес етіп қазылып, керек болмаған кезде көміп кететін уақытша түрлерінің болғандығын көреміз. Тұрақты құдықтардың 4-5 метрге дейін терең емес, таяз, 4-тен 10 метрге дейін орташа тереңдіктегі, 10 метрден асатын терең түрлері болды. Қазақ халқының ерте замандардан бері келе жатқан гидротехникалық білімі құдықшылық деп аталған кәсіп түрін қалыптастырды. Терең құдықтар «шыңырау» деп аталды. Маңғыстау, Үстіртте су өте тереңнен шығатындықтан тек «шыңыраулар» қазылды, шыңырау құдықтарды таспен шегендегендіктен «тас құдық», «тас шыңырау» деп те, терең болғандықтан «құрдым құдық» деп те аталды. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов 1926 жылы КСРО Ғылым Академиясының тапсырмасымен Адай уезін зерттеуге бағытталған экспедиция құрамында болған кезінде шыңырау құдықтарға ерекше назар аударған. Ә.Бөкейханов «Казахи Адаевского уезда» атты еңбегінде шыңырау құдықтар жайында былай деген: «Шыңырау. Осылай аталған тереңдігі 30-40 сажын болатын, тас­пен шегенделген құдықтар, малдан қорғау мақсатында аузы тас­пен, құммен көмкерілген». Осы тұста Ә.Бөкейхановтың шыңырау құдықтардың тереңдігіне қатысты сажын өлшемі көңіл аудартады. 1 сажын 3 аршынға, ал 1 аршын 0,71 см-ге тең, сонда 1 сажын шамамен 2 м. 13 см, болса, 30 сажын тереңдіктегі шыңырау 63,9 метр, 40 сажын тереңдіктегі 85,2 метр болады. Мәтін орыс тілінде жазылғасын сажын деп берген, ертеде құдық тереңдіген құлаш немесе қадаммен шамамен есептеген, сондықтан 30-40 құлаш немесе адым дегенді айтса керек. Өткені бұл өңірде, 1,5 – 2 метр жер қабатынан соң қалыңдығы 30-40 метр, кейде одан да қалың, бірақ жұмсақ тас қабаты түзілген, сондықтан жер астындағы суға жету үшін көздеген жердің тас қабатын үңгу қажет еді. Ол үшін үстіңгі жер қабатын кең етіп қазып алып, дәл ортасынан диаметрі 1,5 метрдей етіп тасты дөңгелете сүйменмен (басы үшкір темір құрал, оны балықшылар мұз оюға қолданған) тескілеп, 30-40 см қабатын қопарып алады, оны «тасты бауыздау» дейді. Бұдан әрі бауыздалған қабатты шетінен сындырып отырады. Шыңырау тереңдеген сайын, оның түбіндегі балшық пен тас сынықтарын шығару, салмағы ауыр болғасын қиындай береді. Сондықтан балшықты тасты шығару үшін көн теріден тігілген ауыр долықты немесе көншелекті ұзын арқанға байлап, түйенің көмегімен тартып шығарған. Шыңырау қазу жұмысы шамамен 1-2 айға созылатын. Шыңырау қазуға 4-5 немесе бірнеше ер адам қатысқан. Шыңырау қазу күрделі еңбек, әрі, шөлді, тасты жерден қазылатындықтан көздеген жерге қазық қағылып, үстінен киіз үй тігіліп, бір малды құрбандыққа шалып, құран оқытқан соң, қазуды бастаған. Су көзін тапқан соң, оны шүберекпен тығындап қойған, үгі деп аталатын ойық жасап алған соң тығынды алып тастаған, сол кезде су біртіндеп үгіні толтырған. Құдық қазғанда шыққан топырағын құдық аузына айналдыра төгетін. Құдықшылар ішкі жұмысын бітірген соң, құдық ернеуі, яғни аузы опырылып құламауы үшін, оны тастармен көмкеріп, қалап көтерген. Оны құдықтың қорғаны, құдықтың қоршауы дейді. Құдықтың қорғаны құдық ернеуінен 0,5 аршын биік болған. Құдықтың аузы «әйкел» деп аталған тасқақпақпен жабылды. Тасқақпақтың ортасы мес қауға сиятындай етіліп тесілген, сондықтан «әйкел құдық» деген де атау қолданылған. Қақпақтың сыртын құдық суын шаң-тозаңнан сақтау үшін киізбен қаптаған. Шыңырау қаздыруға тапсырыс берген байлар ақысына 100 қой төлеген. Құдықтың құны құдық ақы, құдық ақы мал деп аталды. Поляк зерттеушісі, әрі суретші Бронислав Залесский 1848 жылдары Үстірт даласында болып, шыңырау жайлы «...мұндай жерде шыңыраулар өте сирек, бір-біріне дейін ондаған шақырым жер жүруге тура келеді. Олардың бір кездері әлдекімдердің ерен еңбегімен, күшімен қазылғаны даусыз. ...Олар кез келген жерден қазылғанымен, қазақтар құдықтарды оңай табады. Құдық суының дәмі жүрек айнытардай болғанымен, шөл дала тіршілігінде оның қызметі ерекше. Құдық айналасына аз да болса да көгерген өседі, қызыл мия дөңгелек жапырағын жайса, қамыс-қоға биікке қол созады, самалмен сыбдырлап, ши тербеледі», – деп құдық басындағы тірлікті тірі табиғатпен байланыстырады. Шыңырау суы таза, салқын болғанымен, дәмі тұздылау болған. 1873 жылы әскери топографтар Маңғыстаудан 1133 шыңырауды тіркеуге алған. Белгілі географ О.С. Вялов 1930 жылдары Үстірт гидрологиясын зерттегенде 63 тас шыңырауды есепке алып, олардың 23-інің басынан бірден жетіге дейін тас астауларды кезіктірген. Тас астауларға 10 қауға су кететін, 40-50 жылқыны бір уақытта суарған. Ә.Бөкейхановтың жергілікті Маңғыстау және Үстірт қазақтарынан жазып алған дерегі бойынша, шыңырау мен тас астау бір шебердің қолынан шыққан. Шыңырау, суат, қақ, тақыр суларын ауыл мүшелері бірігіп, ортақ пайдаланғанымен, шыңырау суын қолданғанда алғашқы кезек қаздыртқан иесіне тиесілі еді. Бұл шыңырау қаздырту ісінің күрделі екендігін, әрі шыңырау қаздыртқан адамға деген белгілі бір құрметтің болғандығын көрсетеді. Шыңырау құдықтан суды 5-10 шелек су сиятын тері меспен тартып шығарған. Тері местің аузы дөңгелек, шеңбер немесе төртбұрышты етіп құйылған «шанықбақ» деп аталған темір құрсауға бекітілді, мес қауғаның аузының көлемі айналдыра санағанда 6-7 сүйемдей болған. Мес қауға ұзын ағаш сапқа бекітілді, ағаш саптың екінші басы 30-40 см болатын тері таспа арқылы арқанға жалғанып, су түйе көмегімен тартылды. Құдық басына орнатылған бұл қондырғы қол шығыр деп аталды. Су көздері бір біріне жақын болса, екі шыңырау жақын жерден қазылып, қос құдық атанды. Маңғыстауда Мәліш құдығы деп аталатын қос құдық осы күнге дейін сақталған. Қосқұдық бір-бірінен алыс болмағасын су тарту ісін жеңілдету үшін екеуінің басына қолшығыр орнатылып, екеуіне бір көлік (түйе, жылқы, өгіз) жегілді. Ол үшін екі долық байланған көн арқанның ұштары көліктің беліне бекітіліп, көлікті екі құдық арасына жүргізіп отырған, сонда бір құдықтың түбіне жетіп, су толған долықты тартқанда, екінші долық өз құдығының түбіне түседі де, алма кезек су тартылып тұрады. Ал құдық басында тұрған адам долықтағы суды астауға төгіп, қайта тастап тұрады. Жеке шыңырауға жеке көлік керек болса, қосқұдыққа екеуіне ортақ бір көлік болады, яғни жұмысты ұйымдастырудың бұл түрі тиімді болған, бірақ қос шыңыраулар өте сирек еді. Кіші және Үлкен Борсық құмдарында тереңдігі 10-40 сажынға дейін жететін құдықтар жиі кездескен. Бетпақдалада да су көзі шыңырау тереңде болғанымен, дәл Үстірт, Маңғыстау шыңырауларындай өте терең болған емес. Қызылқұм шөлді аймақ болғандықтан, мал құдықтар арқылы суарылды, тереңдігі 45 қадамға дейін жеткен. Қызылқұм құдықтарының басына бір мезгілде 200-300 түйеге дейін жиналған. Қызылқұмда құдықтардың бір-бірінен ара қашықтығы 15-20 шақырым еді. Қазақ жерінің солтүстік батыс өңірінде, Елек өзені аңғарындағы жайлауларда су таяз жерден шыққанымен, суы аз болғандықтан құдықтар жиі қазылып, «таңқы» деп аталды. Маңғыстау, Үстірт қазақтары жайлауға келгенде таңқы құдық суларын тазалауды дәстүрге айналдырған, кез-келген кісі белдеме деп аталған күректі беліне байлап жүрген. Таңқы құдықтардың ернеуі 0,5 аршыннан 1,25 аршынға дейін, тереңдігі судың шыққанына қарай 2,5-нан 5 аршынға дейін болды. Таңқы басына 3-4 қауға су кететін тас немесе бүтін ағаштан ойылған астаулар орнатылды. Суы таяздан шығатын құдықтарды «орпа», «еспе», ал құдық қазылатын жерін орпалық деп те атаған. Үшорпа, Қоңырорпа, Жаңаорпа, Ащыорпа, Тереңорпа, Қызылеспе, Ащыеспе сияқты жер атаулары құдықпен байланысты екені анық. Сондай-ақ суы таяз жерден шығатын құдықты «ілме құдық» деп атаудың кездесуі, суды қауғамен оңай тартып алуына байланысты қалыптасқан. Ілме құдықтың тереңдігі 2-ден 3,5 метрге дейін болады. Таяз құдықты да істің көзін білетін, судың көзін танитын адамға қаздыртқан. Қарақұмда құдықтардың жиі кездесуі, қазақтардың көшпелі өмірімен тікелей байланысты екендігі анық. Қарақұм Сыр қазақтарының көктеу, күздеуін қамтамасыз еткен. Қарақұмда құмнан түзілген төбені тау, ал етегін құмжаға дейді. Бұл жерде құдық екі құмжағаның арасындағы жазық ойпаттан қазылады. Құдықты қазып, лай судың, одан кейін таза судың көзі шыққан соң, ішіне құламас үшін, бүтін күйінде құдықтың қабырғасына, ал түбін ішіне қаратып, қалап шегендеп шығады. Мұны «шеген құдық» немесе «шеген» дейді. Дүзген – сексеуілдің бір түрі, биіктігі 1-1,20 м. Бір айта кетерлігі Арал, Қарақұмнан басқа өңірде құдықты сексеуілмен шегендеген деген түсінік қалыптасқан. Жергілікті қариялардың айтуынша, құдықты шегендеуге сексеуілді қолданбаған, себебі сексеуіл улы, әрі ащы, сексеуілдің уы суға бөлініп, одан су ішкен мал мен адам ауру болады. Қарақұмда шеген құдықтың диаметрі 4 метрге дейін, тереңдігі 2-5 метрге жетеді, себебі, Қарақұмның құмы сусылдақ, жұмсақ болғасын, диаметрін үлкен етіп қазады. Қарақұмда Дүйіспай, Тамен деген екі ағайынды жігіттің құдықшы ретінде аты шыққан екен. Қазақ жерінің басқа өңірінде аузы кең қазылған құдықты «опан құдық» деп атады. Тау, адырлардың етегінен, қайнар көздерінен қазылған суы мол құдықтар «сүтті құдық» деп аталған. Суы мол құдықтар «ақпа құдық, ақшелек құдық» деп те аталды. Суы мол құдықтан 500 қой бір уақытта су іше алған. Отарды суаруға бірнеше астау қойылған. Қазақтар ескірген көне құдықты «обашық құдық», аузы тар, әрі таяз құдықты «ойма құдық», өте таязын «шұқанақ құдық», өте таяз әрі айналасы бекітілмегенін «беке», суы тартылып құрғап қалғанын «құрқұдық», ал суының тартылуын «құрлану» дейді. Ал бірнеше құдық бір біріне жақын орналасса, «ордалы құдық» деген теңеу айтылған. Ерте заманда тұщы судың қай жерден шығатынын білетін адамдарды «көзді», «көзі қарақты» деп атаған. Өткен ғасырларда Байболат деген Сыр қазағының судың көзін танитын қасиеті болған екен, қырға көшіп бара жатқан жолда (Сыр қазақтары Арқа жақты қыр деген) жер көзінен шығып тұрған буды көрген. Сол жерден құдық қаздырды, суы мол құдық, кейін жүргіншілер тоқтайтын Байболат құдығы Байболат суатына айналған. Атақты Бұқарбай батыр атын қалдырам деп Байболат құдығы айналасынан бірнеше рет құдық қаздырғанымен су шықпапты деседі. Қырдағы Шақшақ қазған деген құдықтың иесінің де көзі қарақты болғаны сөзсіз. Судың көзін танудың бір әдісі – атты адамдар шауып өткесін, басына тымақ киіп, жер бауырлап жатып, жерге құлағын тосып тыңдағанда, жер дүңкілдесе, судың көзі барын білдіретін болған. Бұл әдіс негізінен су тереңнен шығатын Үстірт, Маңғыстауда қолданылған. Тағы бір әдісінде сүйменді лақтырып, соның ұшы қадалған жерді қазады екен. Ал, таяз құдықтарды ақбас шөп, қияқ қамыс, ши, алабұта өскен жерден қазады, ол жерлерде су жер бетіне жақын, әрі тұщы болады. Сырдың Қараөзек, Жаңадария, Іңкәрдария арнасы аңғарында жер саздақ болып келеді, сондықтан құдықтың диаметрі Қарақұмдағыдай кең болмайды, енін 2 метрдей етіп қазып, еменмен шегендейді. Емен суда ісінбейді, еменді солтүстіктен, Арқадан, түйеге артып тасыған. Еменді кесіп, қиюластырып қалап отырып, су көзіне жеткенде су өтетін көз қалдырып отырған. Сондай-ақ, бұл жерде құдық шегендеуге күйдірілген қышты да қолданады. Құдық қазуды игерген адам, шегендеуге де ұста болған. Таяз құдықтан су тартып шығаруға қолданылатын шелек қолқауға деп аталып, ірі малдың бүтін сыдырылған бас терісінен жасалынған. Ол үшін бас терісінің түгін ұстарамен қырып, бауыздау түбін тігіп, тұмсық жағын айналдыра кесіп, шеңбер ауыз жасайды, ішіне құм толтырып, шелек түріне келтіріп алған соң кептіреді. Әбден кеуіп, сіреу болған көнтері суға қанша салса да жібімеген. Тері қауғаның аузы жұмсақ кезінде ағаштан керілген. Қолқауға 2-4 метр болатындай ағаш сырыққа байланған. Құдық басына орнатылатын астау да жергілікті жердің материалына байланысты болды. Сыр-Арал қазақтары құдық басында мал суаруға қойылатын «науа» деп аталған астаудың екі басын ағаштан жасап, оған теріні керген, құрастырған ағашын желімдеуге талдың шырынын, жантақтың балын пайдаланған. Қарақұмда қыстың күні құдық суына қосымша, қар жауғанда қарды тегіс жерге үйіп, үстіне су құйып, мұз жасайды. Қатқан мұзды қайтадан шауып, ойып, «мұз науа» жасап алып, малды суарған. Бүтін ағаштан ойылған астаулар мен науаларды көшкенде өздерімен бірге алып жүрген. Құдық басындағы астауларға қатысты, ақпана, дере астау» деген атаулар да бар. Құдық басында астау тәрізді суды мол етіп тартып алып жинап қоятын гидротехникалық құрылысты ауыт, әуіт, кей жерде әуіз дейді. Кей құдықтар кім қаздыртса, яғни кім тапсырыс берсе, соның есімімен аталған. Мысалы, Қосым, Қара молда, Қожабай, Алтыбай, Адамбай, Байбике, Адырбай. Қарақұмда «Шортанбай шегені» деген құдық болған. Қазақтың соңғы билерінің бірі Шортанбай би Қарақұмдағы Ақши жайлауына көшкенде шеген құдық қаздырған екен. Ал, кейде құдықшының атымен аталған, мысалы, Сарбай қазған, Баубек қазған. Құдық атауларының қалыптасуы тарихи топонимикалық, ономастикалық тұрғыда көңіл аударарлық мәселе. Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы Оғызқара деген құдық атауының осы жерді байырғы оғыз тайпасының мекендеуімен байланысты екені анық. Көне түркі тілінде ақ, қара сөздері түсті ғана білдіріп қоймай, белгілі бір мағынаға ие болған. Мысалы «көңілі ақ» десе жанның тазалығын білдіреді, шөптің сапасына қарай «ақ от», «аузы аққа тиді»; адамға қатысты қара сөзі «қарасы көрінді», «қалың қара», «қорған болған қара орманым». Осыған орай Ақшығанақ, Аққұдық, Ақиген, Ақшілік, Қарақұдық, Қарасу, Қарашеген деген құдық аттары суының мол, әрі тұщылығын қарай қалыптасқан. Сары сөзі түркі-моңғол тілінде сары «анық», «ашық», «айқын», көне иран тіліндегі сар «басты», «негізгі», түркі тіліндегі сар «кең», «жапан» деген мағынаны білдірсе, қазіргі қазақ тіліндегі сары сөзі топонимдерде «кең», «үлкен», «көлемді» мағынасын білдіреді. Қарақұмдағы Сарапан (Сары+апан) деген құдықтың атауы көлемінің кеңдігі мен суының молдығына байланысты қалыптасқан. Ал батыс өңірдегі Сарықұдық, Сарышыңырау атауы тасы сары түсті, әрі сазды жерден қазылған терең құдықтарға қолданылған. Қазақ халқының ұғымында «үш», «жеті», «тоғыз», «қырық» киелі сан ретінде қалыптасқандығы белгілі. Санға байланысты Үшқұдық, Төртқұдық, Алтықұдық, Жетіқұдық, Тоғызқұдық, Қырыққұдық, Мыңқұдық атаулары кездеседі, сондай-ақ Жалғызқұдық, Қосқұдық атаулары да құдық санын білдіреді. Суының дәмі мен көлеміне қарай: Көлқұдық, Сорқұдық, Тұзбай, Ащықұдық, Ақшабұлақ, Сорбай, Тұзбұлақ, Жаманқұдық, Қайнарқұдық, Тұщықарасу; қазылған жеріне қарай: Тақырқұдық, Сайқұдық, Баршақұм, Жусан, Бортас, Көкдомбақ, Жолқұдық, Шеңгел, Алтынқұдық, Қызылқұдық, Майтөбе құдық, Қаққұдық, Шиліқұдық, Талқұдық. Ш.Уәлиханов Қырыққұдық пен Ащықұдықтың Арыс өзені мен Келес өзені аралығында жатқанын және суының ащы екенін атап көрсеткен. Бөрітескен деген құдық атауы бөрінің сарып кеткен жерін де судың таяздан шығатынын біліп қаздыруына байланысты аталған екен. Бөрітескен құдығы 1811 жылы Сібір әскери линиясының регистраторы Мамедияровтың жолжазбасы мен Ш.Уәлиханов жазбасында кездеседі. Сирек болса да әйел атымен аталған құдықтар да бар, мысалы, Қызылқұмда Қызқұдық, ал Арқада Шөлбарша деген құдықтар болған. «Судың да сұрауы бар» деген сөздің түп-тамыры құдықтан су шығарудың оңай шаруа еместігін тағы да дәлелдейді. Қазақ халқының наным-сенімдер жүйесінде сүйелді кетіру үшін жаңа ай туғанда қолын жайып «жаңа ай, сүйелімді алып кетші» деп жалына отырып, айға сыйынады да, ай сәулесі түсіп тұрған құдыққа тиын тастайды. Бұл шаралар шындығында сүйелдің қайтуына көмектескен. Құдықтан су алуға барғанда алдымен суға тас лақтырады, сонда су ішіндегі шайтандар ұшып кетеді деген. Құдықтың бетін ашық қалдырмаған, жын-шайтандар үйір болмасын деп, таза ұстауды мақсат тұтқан. Қазақ даласында 1968-1970 жылдарға дейін құдықты қолдан қазғаны белгілі. Су шығаратын техникалардың қолданысқа кеңінен енуіне байланысты, құдық суына деген қажеттілік төменде, дегенмен де ауылдық жерлерде «атамның көзі» деп құдықты сақтап, қолданып отырған үйлер кездеседі.

Тәттігүл Картаева, тарих ғылымдарының кандидаты

Серіктес жаңалықтары