Жұмақта бол, Жұмаға!
Тіпті, біз мына орыс, батыс, Еуропа, француз бен ағылшынның әдебиетін оқыған кезде ондағы түрлі құбылыстарды қабылдаймыз да, өзіміздікіне келгенде тосылып қаламыз
Қасиетті Оразаның екінші күні Суықтөбеден суық хабар жетті. Ұлтымыздың сирек суреткері, ақ самалдай аңқылдаған болмысымен, шындықты сүйген шынайы қалпымен ел-жұртының асыл ұлына, қабырғалы қаламгеріне айналған Жұмабай Шаштайұлы ағамыз Жаратқанның құзырына қайтыпты. Суыт хабар, суық хабар.
Кәкімбек Салықов ақында: «...Қатар жүрген күндерді сыйлайықшы, біреу ерте, біреу кеш бір құлайды» – дейтін жолдар бар. Әнге айналып кеткен. Астарына үңілсең, өмірдің бар мәні, тіршіліктің тіні, жалғанның жарығы бәрі-бәрі осы бір екі жолға сыйып кетердей.
Жазушы Жұмағаңды, журналист Жұмағаңды, редактор Жұмағаңды, ұстаз Жұмағаңды біздер танығалы қашан. Ал қарапайым өмірде онымен сырлас, сыйлас, сапарлас болу деген басқа.
Қашанда шындықтың шырайын кіргізіп, айтарын алғаусыз ақтара салатын қасиеті оны қаламдас, қанаттастарына сыйлы етті. Ақ сөйлеп, ақиқатын айтқан адам Ар байрағын биік ұстаушы. Оның алдында жәдігөйлік дәрменсіз. Осы жылдар ішінде Жұмабай Шаштайұлының болмыс-табиғатына бір кісідей үңіле алдым деп ойлаймын. Алатаудың ақ бұлтындай пейілі, жеті өзеннің тұнығындай мейірі қаламгер қасиетінің кең жазирасындай еді. Сүйінбай мен Жамбыл елінің тумасы Жұмабай ағам бар қазаққа бір көзбен қарады, бір жүрекпен сүйді, рушылдық пен жершілдіктің дертінен бойын таза ұстады, жарықтық! Бойын таза ұстады демекші, оның табиғатынан әулиелік нышанын көруші едім. Сенген адамына жансарайын ашып, жан сырын ақтара салатын.
«...Сондай-ақ менің байқағаным, жазушылар бір-бірін айтқысы келмейді. Шындығында, жаңа леп, жаңа сөз айту қиын екен, ал оны қабылдау тіпті қиын екен, үйреншіктіден шыққысы келмейтіндер де бар. Тіпті, біз мына орыс, батыс, Еуропа, француз бен ағылшынның әдебиетін оқыған кезде ондағы түрлі құбылыстарды қабылдаймыз да, өзіміздікіне келгенде тосылып қаламыз», – деп сыр ақтарды бірде Жұмағаң.
Жұмекеңнің Рафат Әбдіғұлов деген әдебиетші досы болды. Мектепте бірге оқыпты. Ол кісінің қайтқанына да он жыл болып қалды-ау. Иман байлығын берсін. Сол Рафхаңды төбесіне көтеріп, аузынан тастамай айтып отыратын.
– Ол бәрімізден көп білетін. Рафатты айтам да. Осы Рафат оқыған кітаптарын: «Мына жазушы көп қорлық көрген екен» – деп айтып отыратын. Сөйтсек, ол бәрін түсініп сезеді екен. Біз кімді қалай оқуды сол Рафаттан үйрендік. Бала кезден классикалық әдебиетті өте жақсы меңгерді. Назары мықты, сыншыл азамат менің алғашқы жазғандарыма да сын көзімен қарап, бағасын берген. Бір-бірін оқымаса, пікір айтпаса адам өспейді, – деп бала кездегі досының мерейін өсіріп, аузынан тастамай айтып отыратын. Өзімен пікірлес, сырлас, сыйлас қаламгерлерге ниеті бөлек еді. Әсіресе, жазушы Несіпбек Дәутайұлын ерекше құрмет тұтатын.
– Несағаң хабарласты, сені сұрады. Әке, Қордайға келеді екен, барып қайтпаймыз ба? – деуші еді. Баратын едік. Несағаң Жамбыл мен Кенен жайлы кемел әңгімелер толғап, аяғы әзіл-қалжыңға толы әдемі бір сәттерді сан бастан кештік. Сол сәттер, сол сағаттар, сол сапарлар енді сағынышқа айналар.
Жазушы Жұмабай Шаштайұлы өзіне де, өзгеге де аса талапшыл еді. Әсіресе, әдебиеттің әңгімесіне келгенде. «Талғам дүниесіне ұлттық нұсқадағы кісілік те қажет» – дейтін қаламгер. Өзінің «Қызыл қар» шығармасы туралы өзі: «...Сыни пікірлер 84-жылдың күзінен басталып, 85-жылы аздап-аздап айтылып жүрді де, 86-жылдың қысына қарай Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің XVI съезінің есепті баяндамасында тұжырымдалып келіп, бір-ақ аяқталды. «Қызыл қардың» алғашқы нұсқасын жалпы балаң дүние деп жабық рецензия жазған Тынышбай Нұрмағанбетовтің: «Қызыл қардың» иесі мен екінші повестің авторы басқа ма, бұл екі дүние бір адамның қолтаңбасына ұқсамайды», – деп айтқаны тегін емес те. Қолға қайтадан алған уақытына баяндау балаңдығы мен суреттеулердің шолақ та олақ тұстарынан өзіңнен-өзің қысылып, жеріну дегенің біле-білген адамға оңай нәрсе емес екен».
Бұл енді жазушы Жұмабай Шаштайұлының өз сөзі. Аңғарған адамға әдеби ерлік деген, өз-өзіне сын көзбен қараудың үлгісі осындай-ақ болар.
Жұмағаңның әйгілі «Аспанқора» хикаяты әдеби қауымды да, оқырманды да жалт қаратқан. Өзінің: «Бірде Рымғали Нұрғалиевқа «Аспанқора» деген шығармамды алып барғанымда: «Тағы осындай он дүние жазсаң, тарихта қаласың» дегені бар. Осы повесть туралы Мұхтар Мағауин «Үлкен жазушының елесі келе жатыр» деп жазды. Сол үмітті ақтай алам ба? – дейтіні бар бір сұхбатында.
Сол «Аспанқора»: «– Атан өліпті, – деді Сайлаубай, Қасымжомартты қызыл шырайлы жүзі шоққа қарыла түскендей қарттанып, аппақ қолымен бетін сипады да, қоңды реңі шымырлай Сайлаубайға тіктеп қарады. – Е-е, Атан Атан болғалы қай заман! Дүние шіркіннің бір-ақ тұтам екенін білмеді ме екен сорлы. Құдай-ау, сонша неге бір тұтамы қалғанша өкпесі өшіп, еті өлмей осы дүниеден шарқ ұрады бұл пенде? – деп басталушы еді.
Неге екенін кешелі-бері «Аспанқора» бастауындағы осы сөйлемдер жадымда жаңғырып, санамды сілкіп тұрғандай.
Қоштасу сөз жазу қашанда ауыр. Ол қазақтың ғажайып жазушысы, асыл азаматы Жұмабай Шаштайұлы болса сол ауырпашылық еңсеңді басып жіберетіндей.
Не дейміз енді? «Қызыл қар», «Жала мен нала», «Біздің заманның Аязбиі», «Құралайдың салқыны», «Жаңғырық» секілді шығармаларыңызды қайталап оқып, өзіңізбен кезіккендей көзайым болармыз сағынғанда.
Өзіңіз жырларын жатқа оқитын Қасым ақын: «...Адамзат сапарының қонағымыз» – демеуші ме еді?
Жарық күннің жалқын сәулесі түгесілгенше есіміңізді есте сақтап, кітаптарыңызға шаң тигізбеспіз, Жұм-Аға!
Алдыңыз жарық болсын.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ