Көрісу мейрамы – біздің төл мереке
Жер бетіндегі тіршілік атаулы жаңаратын бұл кезеңді біздің халқымыз «Амал мерекесі» деп те атайды.
14 наурыз – Көрісу мейрамы, яғни қазақтың ежелден келе жатқан төл мерекесі. Бұл ұлы Абай айтқандай, қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасатын уақыты.
Қытымыр қыстан қысылып шыққан халық Көрісу күнінде мал-жанның амандығына шүкіршілік етіп, бір-бірімен қол алысып, төс қағыстырып амандасады.
Бүл күні ағайын арасындағы бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздықты ұмытып, бір-біріне саулық тілейді. Көктемге аман-есен жеттік деп дастархан жайып, үлкендерге сәлем беріп, құттықтап жатады.
Жер бетіндегі тіршілік атаулы жаңаратын бұл кезеңді біздің халқымыз «Амал мерекесі» деп те атайды. Таң арайлап атысымен, яғни Көрісу мерекесін асыға күткендер шаңырағында дастархан жаяды. Міндетті түрде бауырсақ пісіріп, тәтті мен дәмдісін үйіп қояды. Әр шаңырақтың жасы кішілері үлкендеріне сәлім беріп, көрісіп шығады.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, көріскен халық бір-бірін «бір жасыңмен» деп құттықтайды. Ол бір жасқа есеюінмен, осы жылға аман-есен жетуінмен дегенді білдіреді.
Содан кейін әр отбасы көршілерімен, туған-туыспен көріседі. Міндетті түрде әр адам үш үйдің есігін ашуы тиіс. Яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеру керек. Бұл дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған.
Көрісу күні Батыс Қазақстан өңірлерінде кеңінен атап өтіледі. Дегенмен тек батыста тойланады деген жаңсақ пікір. Бұл - қонақжай қазақ халқына ортақ ежелден келе жатқан көктем мерекесі.