Cүңгуір-құтқарушы Элона
Біздің кейіпкеріміз мамандығы бойынша – журналист. Еңбек жолын телевизия саласынан бастаған Элона құтқарушылар жасағына баспасөз хатшысы керек екенін естиді. Журналистиканың басқа саласында да еңбек етіп, тәжірибе жинағысы келген жас қыз көп ұзамай өзі қалаған жұмысқа кіріседі.
Әлемде ең қауіпті 8 мамандық бар. Соның бірі – құтқарушы-сүңгуірлер. Олар зардап шеккендерді құтқарады, суға батқандарды іздейді. Адам өмірін сақтап қалуға барын салатын мамандар күн сайын тәуекелге барады. Дабыл қағылған сәттен бастап көмекке мұқтаж жанды аман алып қалуды ғана ойлайды. Ал құтқару кезінде сүңгуірдің тірі қалатынына ешкім кепілдік бермейді. Алайда мамандықтың осындай қиындығына қарамастан өз кәсібін жақсы көретін, ерлермен тең дәрежеде еңбек ететін нәзік жандылар да бар. Солардың бірі – Ақтөбе облысындағы ТЖД Жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы, сүңгуір Элона Медведева.
Біздің кейіпкеріміз мамандығы бойынша – журналист. Еңбек жолын телевизия саласынан бастаған Элона құтқарушылар жасағына баспасөз хатшысы керек екенін естиді. Журналистиканың басқа саласында да еңбек етіп, тәжірибе жинағысы келген жас қыз көп ұзамай өзі қалаған жұмысқа кіріседі.
Құтқарушылармен қоян-қолтық жұмыс істегеннен кейін Элонаның осы салаға қызығушылығы ояна бастайды. Батыл қыздың алдында тағы да екі таңдау тұрды. Не биікті бағындырған алпинист болу, не су астын кезген сүңгуір болу. Қазақстанда екі мамандық та әйелдер үшін өте қауіпті жұмыстар тізімінде. Элонаға су астындағы қайнаған «өмір» қызық көрінді. Судағы балықтар мен балдырларды, неше түрлі тіршілік иелерін көзіне елестеткен жас қыз сүңгуір боламын деп шешім қабылдайды. Алайда ол алда өзін мүлдем басқа «әлем» күтіп тұрғанынан бейхабар еді. Өйткені Ақтөбенің өзендерінің суы мөлдір, тұнық емес, қараңғы, бұлыңғыр, лайлы. Қолсозым жер көрінбейді. «Шешінген судан тайынбас» дегендей сүңгуір болам деп таңдау жасағаннан кейін осы мамандықтың қыр-сырын толық меңгеруді алдына мақсат етіп қояды. Осылайша, жүрек жұтқан қыз аймақтағы құтқару бекетіндегі жалғыз құтқарушы әйел болады.
Алғашында ерлерден құралған ұжымда арпа ішіндегі бір бидай болған нәзік қыздың бұл таңдауына күмәнмен қарағандар да табылды. Алайда олар Элонаның жұмысқа жауапты, қиындықтан қорықпайтынын көріп қолдай түсті.
– Құтқарушыларға адамдардың қайғысы мен көз жасын көруден ауыр ештеңе жоқ. Суға кеткен адамның жақындары не достары бізді жағада үлкен үмітпен күтіп тұрады. Алайда көп жағдайда адамдар құтқарушыларға бірден хабарласпай уақыт созып алады. Мұндай кезде әр минут бағалы. Сүңгуірлер оқиға орнына жедел жеткеннің өзінде суға кеткен адамды құтқарып үлгермейді, – дейді Элона.
Сүңгуірлер жұмысының қызығынан қиындығы көп. Олар лайлы, бұлыңғыр суда жүзіп жүріп алдынан не шығатынын білмейді. Су астында не жоқ дейсіз. Балық аулауға арналған ау, бетон плиталар, темірлер, қоқыс қалдықтары жатады. Су астындағы үйінділер арасынан адамның денесін табу сабан ішінен ине іздегенмен тең. Бұл көп уақытты қажет етеді.
– Кейде күтпеген жерден өлген адаммен бетпе-бет келетін кездер болады. Мұндай сәтте сасқалақтамай, іштегі қорқынышты жеңіп, сабыр сақтаған дұрыс. Жалпы, құтқарушылар тез шешім қабылдай алатын, жауапкершілігі мол, епті болуы керек, – деп ойымен бөлісті кейіпкеріміз.
Құтқарушылар ел қатарлы еңбек демалысына шығып, мереке күндерін алаңсыз өткізе алмайды. Төтенше жағдай орын алса, белгіленген уақытта әрқашан жоғары жауынгерлік дайындықпен жұмыс орнынан табылуы керек. Сондықтан құтқарушылар өздерін кәсіби тұрғыдан жетілдіріп, физикалық дайындықта болуы шарт. Жүзу, секіру, жүгіру сынды спорт түрлерімен айналысу маңызды. Жұмыс барысында кезекші диспетчердің жұмыс орнын тастап кетуіне рұқсат жоқ. Тәулік бойы телефонның жанында отырады. Өйткені шыр еткен әр қоңыраудың артында адам тағдыры жатады.
– Өмір болған соң әртүрлі жағдайлармен бетпе-бет келеміз. Қауіпті, қиын мамандық болса да қызықты сәттерге куә болып жатамыз. Кейде кішкентай балалар қоршауға басын кіргізіп алады да қайта шығара алмайды. Мұндай сәттерде күле жүріп жұмысымызды көңілді аяқтаймыз. Өзім қиындықтар мен стрестік жағдайлардың бәрін жұмыста «қалдырып», үйге көтеріңкі көңіл күймен қайтуға тырысамын, – дейді тәжірибелі сүңгуір.
Қиын жағдайға тап болған адамның өмірін құтқару үшін күн сайын тәуекелге баратын, үнемі жан-жақты дайындықта жүретін, жаңа техникалар мен инновациялық технологиялар меңгерген Элона үздік қызметкер, сүйікті әйел, адал жар, қамқор ана. Әріптестерімен де тату, өз ортасында сыйлы. Өз білгенімен бөлісіп, жастарға бағыт сілтеуге қашанда дайын. Өзгелер үшін күн сайын өз басын қауіпке тігетін Элона жұмыстан тыс уақытта да айналасындағы адамдарға қол ұшын беріп, көмегін аямайды.
– Шақырған жерге барып, өз міндетімізді атқарып, алғыс алған кезде бар қиындықты ұмытып кетеміз. Адамдар рахмет айтып құшақтағанда, қуаныштан көзіне жас алып тұрып жақсы тілегін жаудырғанда, өркенің өссін деп бата бергенде, өзімізді өте бақытты сезінеміз, – деп әңгімесін аяқтады Элона.
Мамандығыңызға деген адалдығыңыз алға жетелей берсін дейміз біз.