Елордада жалға берілетін пәтерге ие болғандардың тізімі жарияланды

Оның нәтижесін zhilfond.kz сайтынан көруге болады.

Елордада жалға берілетін пәтерге ие болғандардың тізімі жарияланды
Үй. Фото: pixabay

Астанада сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй иелерінің тізімі шықты.  

Оның нәтижесін zhilfond.kz сайты мен «Астана қаласының тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ www.gov.kz сайтынан көруге болады. 

Елордалық тұрғын үй инспекциясы басқармасының сайтында көпбалалы отбасылар, жетім балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар және халықтың әлеуметтік осал топтары санаттарына жалға берілетін баспана бағдарламасының нәтижесі жарияланған. 

Үш санаттың әрқайсысындағы тізімдер екіге бөлінеді: өткен және өтпеген.

Халықтың әлеуметтік осал топтарының санаттары үшін қалған 76 бір бөлмелі пәтер бойынша іріктеу жалғасып жатыр. 

Бағдарлама бойынша өткен азаматтарға тұрғын үй орталығының қызметкерлері хабарласып, одан әрі қарайғы іс-қимылды түсіндіреді. 

«Алаяқтық жағдайларының көбеюіне байланысты тұрғындардан өте сақ болуды өтінеміз» дейді әкімдіктен. 

Өйткені тұрғын үй орталығының қызметкерлері телефон шала отырып, ешқашан кредит, қарыз өтеуді, үй беру үшін бұғатты алып тастауды сұрамайды.