Алматыда 6 магистральды көше ұзартылады

Жұмыс 2025 жылдың соңына дейін аяқталады.

Алматыда 6 магистральды көше ұзартылады
Алматы. Фото: pixabay

Алматыдағы ұзартылатын алты магистральды көшенің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы қалалық мобилділік басқармасы мәлімдеді. 

Төле би көшесін Яссауи көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту бойынша жер телімдерін сатып алуға байланысты жол-құрылыс жұмыстары және инженерлік желілерді қайта құру жүргізіліп жатыр. Ұзындығы 4,5 км жоба екі учаскеге бөлінген. Жұмыс 2025 жылдың соңына дейін аяқталады.

Биыл ұзындығы 4,3 км болатын Хмельницкий көшесін «Қайрат» шағын ауданынан Талғар тас жолына дейін ұзарту және Райымбек даңғылын Жетісу көшесінен Талғар тас жолына дейін ұзартып салу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарланған. 

«Биыл ұзындығы 0,6 шақырым болатын Мұқанов көшесін Райымбек даңғылынан Мақатаев көшесіне дейін ұзарту жұмыстары басталады. Осы аумақтар бойынша жобалық құжаттама әзірленіп, сараптамада жатыр. Жер телімінің алынуына қарай Жұбанов көшесін Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту жұмыстары жүргізіледі. Жоба бойынша жалпы ұзындығы 3,9 км болатын 2 кезек қарастырылған. Аяқталу мерзімі - 2026 жылдың соңына дейін», - делінген хабарламада.