Екі адамды өлтірген көкшетаулық өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Тергеу барысында бірқатар қажетті тергеу әрекеттері, сараптамалар жүргізілді, оқиға орнында күдіктінің айғақтары тексерілді

Екі адамды өлтірген көкшетаулық өмір бойына бас бостандығынан айырылды
Ашық дереккөз

Екі адамды пышақтап өлтірген Көкшетау қаласының тұрғыны өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп жазады turkystan.kz kazinform-ға сілтеме жасап.

Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, жантүршігерлік қылмыс 2023 жылы Көкшетау қаласында болған. Қылмыстық іс материалдарында көрсетілгендей, сотталушы мен егде жастағы ер адам және әйел үшеуі қосылып арақ ішеді. Кейін екі ер адамның арасында жанжал туындап, соңы төбелеске ұласады. Ол кезде әйел көрші бөлмеде ұйықтап жатады. Төбелес барысында сотталушы қарсыласына бірнеше рет пышақ сұғып алады. Ол алған пышақ жарақатынан сол жерде көз жұмады. Осы кезде, қатты дауыстан әйел оянады. Оның айғайын көршілері естіп қалады деген қауіппен ер адам оны да пышақтап өлтіреді.

Осылайша, әп-сәтте екі адамның өмірін қиған ол пәтерден шығып, жақын маңдағы үйдің ауласына пышақты лақтырып кетеді. Артынша, тергеу органдарынан құтыла алмайтынын түсінген ол полицияға қоңырау шалып, болған оқиғаны айтады.

Тергеу барысында бірқатар қажетті тергеу әрекеттері, сараптамалар жүргізілді, оқиға орнында күдіктінің айғақтары тексерілді.

«Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен сотталушы екі адамды өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Ол жазасын төтенше қауіпсіздік қылмыстық–атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады. Сот жазаны тағайындау кезінде сотталушының мас күйінде ауыр қылмыс жасағанын ескерді. Сонымен бірге, ол 2008 жылы кісі өлтіріп, 9 жылға бас бостандығынан айырылған», - деді ведомстводан.