Кемптеннен «шағын Қазақстан» ашып алған Сергей

Төлқұжатымда не деп жазулы тұрғаны маңызды емес, менің Отаным біреу-ақ. Ол – Қазақстан. Дүниенің қай бұрышында жүрсем де, Отаным деп Қазақстанды айтамын.

Кемптеннен «шағын Қазақстан» ашып алған Сергей
3460

TikTok желісін ақтарып отырғанымызда, кіре беріс есігінің маңдайшасына «Қостанайлық қазақ» деген жазуы бар тақтайша таспаланған видеоны көзіміз шалды. Аккаунтын түгел ашып қарағанымызда, Қазақстанның Көк байрағы мен тақиялар таспаланған көп видео жүктелгенін байқадық. Сөйтсек, Сергей Майер Қостанай облысының тумасы екен. 26 жасында отбасымен бірге Германияға қоныс аударған ол арада ширек ғасыр өтсе де, елмен байланысы үзілмегенін айтады. Бавария округінің Кемптен қаласында тұратын Сергей осында көшіп келген күні-ақ үйінің ішіне екі үлкен Ту, сыртына 6-7 жалауша мен тақиялар іліп қойғанын айтады. Алғыс айту мерекесі қарсаңында Сергейге хабарласып, әңгімелескен едік.

– Әлеуметтік желідегі парақшаңызға қарап, Кемптен мен Қостанай арасын жиі жалғап тұратын секілдісіз?

– Иә. Қаңтар айының басында екі аптаға барып қайттым. Кіндік қаным тамған жердің ауасын кеңінен тыныстап, иен далада атқа шауып, ет жақындарыммен шүйіркелестім. Мен бала кезден жылқыларды жақсы көремін. Тіпті, кезінде оларға қолға үйреткенмін. Наурыз мерекесі сайын ат жарысқа қатысатынмын. Биыл тамыз айында еңбек демалысына шығып жатсам, бірден «зымырай» жөнелемін. Қостанай облысы Федоров ауданы Шандақ ауылы – менің туып өскен жерім. Сонда өстім, сонда өндім. Мен – неміспін, бірақ қазақтың немісімін (күліп). Атамды Дүниежүзілік соғыс кезінде бір вагон толы көпшілікпен бірге Талдықорған жаққа, жаңылыспасам, Балқаш маңында орналасқан Лепсі стансасына алып келген. Сонда әжемді кездестіріп, кейін екеуі шаңырақ көтерген. Олар сегіз бала тәрбиелеп өсірді. Содан соң Қостанай облысына тың игеруге барған. Ал ондағылар үй-жайыңды дайындап береміз деген соң, Лепсідегі бала-шағасын Қостанай аймағына көшіріп әкелген. Екінші әжем Оралдан келіп, Қостанайға тұрақтаған. Отбасы мүшелерімнің түгелі – немістер. Ал әкем анаммен мектеп қабырғасында жүргенде көңіл жарастырған. Отбасымыздың ұйытқысы бола білген екеуі бүгінде 3 баласынан 5 немере сүйіп отыр. бар. Қазір барлығымыз Германияда тұрамыз.

– Қай жылы көштіңіздер?

– Біз 2001 жылы ауылда тұратын 42 адам бір күнде жиналып, Германияға аттандық. Барлығы – немістер. Сол кезде Германия үкіметі Қазақстандағы немістердің елге келуге болатынын айтып, рұқсат берген болатын. Мұны естіген атам түгелімізді жинап, көшіріп алып кетті. Мен ол кезде 26 жастамын. Ол жасыма дейін ауылдан шықпаған маған онда көшу оңай болмағаны анық. Менің әлеуметтік желіге жүктеген видеоларымды көрсеңіз, барлығын байқайсыз. Мен осында тұрып жатқаныма 24 жыл болса да, жүрегім Қазақстанда. Елге қайта орала алмаймын, өйткені ата-анамды тастап кете алмаймын. Екеуі де зейнет жасында. Зейнетінің бейнетін енді көріп отырған олар «Балам, бізге тыныш өлуге мұрсат берші» дейді. Мен қазір Бавария округіне қарасты Кемптен қаласында тұрамын. Қасымызда Альпі тауы бар. Аустрияға шекаралас, табиғаты керемет жер. Өзім вонваген деп аталатын саяхаттауға арналған «үйшік» көліктерге қажет детальдар әзірлейтін зауытта жұмыс істеймін.

– Үйіңізде не көп, біздің Ту мен тақия көп екенін байқадық. Көшіп кеткеніңізге ширек ғасыр өтсе де, Қазақстанға деген ерекше құрметіңізді осылай білдіргіңіз келді ме? Әлде?

– Мұнда бәрі де бар. Құрметімді көрсеткім келді, сағынышымды осылай басамын. Олар күні кеше ілінген жоқ. Ілініп тұрғанына 24 жыл болды. Тек сыртта ілулі тұрған жалаушалар бүлініп қалған кезде, ауыстырып отырамын. Десе де ауылға барған сайын Қазақстан туы бейнеленген түрлі зат алып келемін. Қазір үйімнің ішінде үлкен екі Ту ілініп тұр. Ал үшінші үлкен Ту сыртта балконда ілулі тұр. Ұмытып барамын, тағы бір үлкен Туды ұлым өз бөлмесіне іліп қоямын деп менен тартып алды (күліп). Ол «Әкем қазақ болса, менің бөлмемде де Қазақстан туы ілініп тұруы керек» дейді. Ал сыртта ілініп тұрған жалаушалар саны – сегіз. Тақиялар да сол шамада. Қамшы бар тағы. Айтпақшы, олардың ілініп тұруы тек менің көңілімді жайландырмайды. Үйге келген қонақтардың көбі қызығып,  сұрайды. Олардың кейбірі Қазақстанның туы екенін білмейді. Мен оларға тарихын, түсін, атрибуттарын айтып, түсіндіремін. Жалпы, мен тұрып жатқан аудан былай тұрсын, тұтас Кемптеннің өзінде осындай Тумен көмкерілген үй жоқ. Менің үйім ғана. Басқа ұлттар олай Ту ілмейді. Достарым менің үйімді елшілік ғимараты деп айтады. Жуырда күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздім. «Елшілігің не болды? Мына атрибуттарды ерінбей қайтадан ілесің бе?», – дейді олар қалжыңдап. Ал мен жұмыстар толығымен аяқталмай жатып, бәрін іліп тастағанмын. Кейде пиғылы жамандар парақшама «Біздің Туды алып таста» дегендей пікір жазып жатады. Оларға «Бұл – менің де Туым» деп жазамын. Осы ретте айта кетейінші, төлқұжатта не деп жазулы тұрғаны маңызды емес. Бастысы – қайда дүниеге келгенің. Қазақстан – менің туған жерім. Қостанайдың топырағын бастым, суын іштім, нанын жедім. Әрі бос жүргенім жоқ, Германияға кеткенге дейін ауыл шаруашылығын дамыту үшін тынбай жұмыс істедім.

– Ұлыңыз біздің елде өспесе де, Туды сіз секілді қадірлейтініне ризамыз.

– Ұлымның жасы он бесте. Мен оған Қазақстанда өткізген ұмытылмас сәттеріміз туралы жиі айтып отырамын. Ол Қазақстанда керемет күн кешкенімізді естіп, мұнда неліктен көшіп келгенімізге таңғалады. Әсіресе, оған «Әкеңде онда 20 бас мүйізді ірі қара мен отар қой болған» десем, таңырқайды. Олар мұндайды Германиядан көп көрмейді ғой. Тек қала сыртындағы фермадан алыстан ғана көре алады. Ал елде ауылда әркім үйінің артында қора ұстайды ғой. Соны естіп, таңғалады. «Көшпегенде, сенде бар малдың түгелі қазір менікі болушы еді. Неге көшіп келдіңдер ендеше?» дейді (күліп). Қостанайда тұратын Жүркебаевтар әулеті менің екінші отбасымдай болып кеткен. Қазірге дейін жақын араласамын. Сол кісі бір күні ұлыма «Балам, біздің ауылға кел. Сосын қалағаныңды таңда. Жылқы дейсің бе, тай дейсің бе. Сұрағаныңды беремін», – демесі бар ма?! Мұны естіп алған ұлым «Әке, енді не істейміз? Оны ұшақпен қалай алып келеміз?» дейді басы қатып (күліп).

– Бәрінен бұрын бізді кіре беріс есіктің маңдайшасында ілулі тұрған «Қостанайлық қазақ» деген жазуы бар тақтайша таңғалдырды.

– Оның жылт-жылт етіп жанатынын байқадыңыз ба?! (күліп). Мен мұны елде жасаттым. Қарағандыда бір жігіттер тақтайша жасаумен айналысады екен. Оларға хабарласып, осындай жазуы бар тақтайша жасап беруін өтінді. Мен ауылға осы барғанда олар ол тақтайшаны ауылға жеткізіп қойыпты. Соны осында әкеп, есіктің төбесіне іліп қойдым. Енді қостанайлық қазақ екенім рас қой. Қостанай – менің туған жерім. Көпшілік мақтаныш па деп түсініп қалуы мүмкін. Әсте де олай емес. Мен – қарапайым адаммын. Бала кезден жарымжан, тұрмысы төмен тұрғындарға көмектестім. Әсіресе, әлсіздерге күш көрсетіп жатқандардың сазайын беретінмін. Ауылдағылар мұны жақсы біледі. Бала кезден тентек болып өстім. 14 он төрт жасымнан бастап анамның қасында жұмыс істедім. Содан соң маған «Өзің қара» деп 50 шақты бұзауды бағуға берді. Кейін ірі қара бақтым. 16 жасымда трактор, комбайн айдап, жер өңдедім. Сөйтіп-сөйтіп, ауылда бар жұмысты істеп, өз ортамда сыйлы болып жүрдім.

– Сізге сұхбаттасуға хабарласқанымызда «Қазақстан туралы сағаттап айтып беруге бармын» дедіңіз.

– Иә, кез келген мерекеде, құрылтай, той, туған күнде Қазақстан туралы біреу әңгіме бастаса болғаны, мен іліп әкетемін. Тоқтамаймын (күліп). Кейде келген қонақтар менен шаршайтын секілді көрінеді. Бірақ енді қайтемін? Бұл – менің сүйікті тақырыбым.

– Қазақша ет әзірлейді екенсіз.

– Иә, арнайы қазанда қазақша ет, қуырдақ әзірлеймін. Үйдің алдында шағын ауламыз бар. Сонда түрлі тамақ пісіремін. Бұрын осындағы түрік дүкенінен қой етін сатып алатын едік. Басында жылқы етін Германияда сатуға тыйым салынған болатын. Ол кезде Чехияға барып, сатып әкелетінмін. Қазір осындағы орыс дүкенінде қазы, шұжық та сатылады. Ал қазір Қазақстаннан келгендер жылқы етін сататын бір жер тауып алса керек. Олар өз үйлерінде сол еттен қазы айналдырады. Сосын осындағы орыс дүкеніне алып келеді. Әрі қазыны тапсырыспен алдыртсақ та болады. Пошташы есігіңнің алдына әкеп береді. Қазір бұрынғыдай жылқы етін іздеп, қиналмаймыз.

–  WhatsApp­-тағы суретіңізден «Қазақ» деген жазуы бар, шаңырақ пен қыран құс бейнеленген арнайы киім тіктіріп алғаныңызды байқадым.

– Осында бір тігінші қыз спорттық киімдер тігумен айналысады. Оған «Осылай тігіп берші, мына сурет болсын, ана жері былай болсын» деп тапсырыс бергенмін. Ал қалған киімдерді осы барғанда алып келдім. Менде атрибуттары бар жейделер мен жеті тақия бар. Біразы үйде, сыртта ілініп тұр. Бір рет қолдан кестеленген бір тақияны жұмысқа киіп барғанмын. Мұным бір әріптесіме ұнамаса керек. Сосын бастық басқа бас киім киюмді өтінді. Ақырында тақияға ұқсас, ешқандай өрнегі жоқ бір бас киім тауып алдым. Оны жұмысқа киіп жүрмін, үйде де киемін.

– Сізге тек домбыра жетіспей тұр.

–  Екі жыл бұрын менде домбыра болған. Кейін оны Боранбай есімді қазаққа сыйлай салдым. Неміс қызына үйленген онымен кездейсоқ бір тойда танысқан едім. «Атым – Серік. Секе десең болады» дегенмін алғаш танысқан кезде. Сол кеште оны аяп кеттім, себебі ол 26 жыл елде болмаған екен. Әлдебіреулер Қазақстан, ауыл, үй туралы әңгімелесе бастаған кезде, мен өз әдетіме салып, «қотарыла» жөнелдім. Бір кезде қарасам, Боранбайдың көзі мөлтілдеп тұр. Ақырында оны арқасынан қағып, жұбатып әлек болдым. Сол кезде ол «Серік, мен емес, сен қазақ секілдісің ғой» дегені бар. Сосын сыртқа шыққан кезде көлігімді ашып, ішінде тұрған домбыра, тақия мен Туды алып шықтым да, оған бердім. «Ала ғой, бауырым. Бірақ бастысы – қайдан шыққаныңды ұмытпа» дедім. Содан бері домбырасыз жүрмін. Елден әкелуім керек. Осы жолы жүгім көп болған соң, сындырып аламын ба деп қорықтым.

– Осы мереке қарсаңында шетте тұратындардың біразы арада бәленбай жыл өтсе де, Қазақстанмен арадағы байланыс үзілмейтінін айтып ағынан жарылды. Сіз де...

– Мен де солай. Ол байланыс менің ақтық демім біткенде ғана үзіледі. Жүрегімді әлдебіреу жұлып алғанда ғана тоқтайды. Ал жүрегім соғып тұрғанша, ол байланыс керісінше нығаймаса, еш үзілмейді. Мен Қазақстанды айрықша жақсы көремін. Қазақ тілін үйренуге мүмкіндік болған жоқ, себебі ауылдағы мектепте қазақ тілі пәні жүргізілмеді. Біз неге екенін білмеймін француз тілін оқыдық. Есесіне, менің Василий атам қазақшаны жетік меңгерген еді. Мұны ауылдағылар жақсы біледі. Ол немісше бірде-бір сөз білмейтін. Ол тіпті ауылдағы қазақ балалардан жақсы сөйлейтін. Олар «Вася ағай, орысша сөйлесші, сізді түсінбейміз» десе де, атам оларды әдейі ыза қылу үшін қазақша сұрақтарды төпелете қоятын. әдейі оларды қинап сөйлесетін.

– Бүгінгідей мерекеде кімге алғыс білдірер едіңіз?

– Ең алдымен, Қазақстан халқының алдында басымды иемін. Мен Қазақстанда туып, өскенімді мақтан тұтамын. Тағы да қайталап айтамын, төлқұжатымда не жазулы тұрғаны маңызды емес, менің Отаным біреу-ақ. Ол – Қазақстан. Дүниенің қай бұрышында жүрсем де, Отаным деп Қазақстанды айтамын. Бұлай деуіме себеп көп. Бастысы – дархан көңілді халықтың ыстық ықыласы. Ауылда бәріміз бірге өстік. Бір-біріміздің үйімізге қонып, қолда барымызды бөлісіп өстік. Біздің ауылда көбіне қазақтар мен немістер тұрған. Орыстар аз болды. Екі татар отбасы тұрды. Сосын бір украин, бір беларусь отбасы болды. Сондықтан біз көбіне қазақтармен етене араластық. Үлкендердің әңгімесін тыңдап, көз алдыларында өстік. Мен қазір ауылыма барып, кез келген үйге емін-еркін кіре аламын. Маған елге барар кезде қонақүй іздеп, бас қатырудың қажеті жоқ. Себебі мені ауылда әрдайым құшақ жайып қарсы алатын адамдар жетерлік. Кейде олар бар жақсысын алып шығып, мені күтемін деп, асты­-үстіме түсіп, әлек болады. Ал бұл маған ұнамайды. Оларға «Сыртта жүрсем де, өзгерген түгім жоқ. Әуре болмаңдар! Бастысы көрпе берсеңдер болғаны. Жерге төсеп жата саламын. Тіпті, далаға шығып, ашық аспан астына ұйықтауға да бармын. Есесіне, өз жерімде, өз «үйімде» жатамын» деп әрең тоқтатамын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

 

Серіктес жаңалықтары