«Масқара болдық»: Танымал әзілкеш ұрлық жасап, ұятқа қалған кезін айтты

Өнер иесі мектеп буфетіне ұрлыққа түскенін айтып берді.

«Масқара болдық»: Танымал әзілкеш ұрлық жасап, ұятқа қалған кезін айтты
Нұрболхан Шарапов. Фото: YouTube

Танымал әзілкеш Нұрболхан Шарапов Данияр Бекжанға берген сұхбатында ұятқа қалған кезін еске алды. Өнер иесі мектеп буфетіне ұрлыққа түскенін айтып берді.

«Сол оқиға әлі есімнен кетпейді. Тіпті, сыныптастарым да хабарсыз. 7-8-сыныпта оқитын кезім. Мектептің асханасында тортты тіліп сататын. Бір бөлігі – 15 теңге. Біздің үй мектептің дәл жанында болды. Асханасы үйдің іргесіне тиіп тұратын. Мектепке барғанда тортты сатып алып, күні бойы жеп жүреміз. Бір күні туған ағам «ұрлыққа түсейік» деді. Түңгі 12-де асханаға келдік. Сатушы түнде пісіріп, таңертеңге дайындап, қойып кеткен. Есікті сыммен ашып, ішке кірдік. Тортқа тойып, қайтадан ізімізді жасырдық. Ертеңіне мектепке барып, адамдардың әңгімесін тыңдаймыз. Ешкім ештеңе демейді. Білмей қалады деп ойлап, екінші күні тағы түстік. Күнде екі бүтін торт жейміз. Бір кезде “асханаға ұры түсіпті” деген сыбыс естілді. Ешкім білмей қалады деп ойлап, тағы да ұрланып кірдік. Бір күні енді тортты аузымызға сала бергенде біреу ұстап алды. Асхананың бастығы қызын аңдуға қойып қойған екен. Бетімізге дәу жарық түсті. Сол жерде айқай-шу басталды. Үйдегі анам да естіді. Шағын ғана ауыл болғасын, бәрі естиді. Масқара болдық», – деп есіне алды өнер иесі.

Сонымен қатар әзілкеш осы жағдайдан кейін анасының екеуін ұрып-ұрып, буфетшінің үйіне апарып тастағанын айтты.

«Буфеттің бастығы - менің сынып жетекшім. Сонымен анам ұрып-ұрып, сол апайдың үйіне апарып тастады. Ұстазымның есімі - Жариякүл. Біз тізерлеп отырып, кешірім сұрадық. Бұл оқиғаны менің сыныптастарым да білмейді.

Ұсталып қалғаннан кейін «Сынып жетекшім мектептің алдына шығармаса екен» деп ойладым. Онсыз да мектепте жақсы атымыз шықпайды. Апайымның алдында ұялғаным-ай. «Өлтірем десең, балам міне» деп анам апарып тастаған. Сол оқиға ешқашан есімнен кетпейді», - деді Нұрболхан Шарапов.