Әлем мойындаған ғалым

Академик Рәтбай Мырзақұлов туралы сөз

Әлем мойындаған ғалым
turkystan.kz

Құдайға шүкір, бүгінде қазақтың  «біз­­дерде мынада тұлғалар  бар!» деп  көр­сетуге тұра­тын перзенттері бар­шылық. Әсіресе, ғылымда. Соның бірі – Қазақстан Ұлттық ғы­лым академиясының академигі, әл-Фа­раби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қай­раткері, физика-математика ғылым­дарының докторы, профессор Рәтбай Мыр­зақұлов.

Білімге талпынған бала

«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» демекші, жер шарындағы бар қазақтың қа­ны, тамыры бір. Сондықтан олардың бәрі­нің рухани әлемін «Қазақ» деген бір ауыз сөз, құжатындағы «ұлты – қазақ» деген бір ғана анықтама біріктіреді. Сол оларға таусылмас жі­гер, қажымас қайрат пен өз ұлтына деген шек­сіз сүйіспеншілік сыйлаудан тыйылған емес. Қазақтың тілі мен мәдениетінің тұтас­ты­ғының беріктігі сондай, әлемнің екі шеті­нен келген екі қазақ отанынан жырақ бір жат елде кездессе де, бір-бірін заматта та­нып, сол бойда бірін-бірі мың жылдан бері бі­летін туыстар секілді шүйіркелесіп кете бе­реді. Осынау ғажайып рух тұтастығы жер бе­тінде қазақ халқын әлі сақтап келеді, мәң­гілікке дейін де солай бола бермек.

Тілдің бірлігі – елдің бірлігі. Ана ті­лін­де білім алған, төл мәдениетімен су­сын­дап өскен қазақтың бәрінің бір тілек, бір ар­ман жолында тоғысуы сөзсіз. Қазақи ор­тада туып-өскен, санасына қазақтың салт-дәс­түрін сіңіріп, соның уызына қанған Рәт­бай Мырзақұловтың балалық шағы мен ғы­лым өріне шыққанға дейінгі ғұмырын сара­лап көрген адам біздің кейіпкеріміздің қан­дай жолдардан өтсе де, ұлтым үшін еңбек ете­мін деген талпыныстан бір сәт те тай­ма­ғанын білер еді.
«Менің жаным әманда сарсаң кесек, Ана тіл мен туған жер ортасында» деп Рәтбайдың ақын жерлесі Қалбай Әбдіраманов айт­пақ­шы, оның ойында бала кезден жүрген бір сауал жүретін, «ұлтым – қазақ, Қазақстан де­ген ел бар, бірақ мен неге басқа елде туған­мын» деген. Оны ата-анасынан сұрайтын. Олар бұған «тарихи бір кездерде Бесқала атал­ған, бүгінде Қарақалпақстан атанып отыр­ған елдің 1930 жылға дейін ажырамас Қа­зақстанның бір бөлшегі болғанын, 1929 жы­лы осы өздері тұрған Тақтакөпір ауда­нын­да Кеңес өкіметіне қарсы ең алғашқы кө­теріліс болып, оның соңы қарақалпақ елін сол кезде қазақты билеп отырған Голощекин де­геннің Ресейдің құрамына беріп жібер­ге­нін, 1936 жылдан бастап өзбек елі құрамына қосылғанын» айтатын. Сонда Рәтбай өзі туған жерде де қазаққа қатысты талай-талай оқи­ға барын сезініп, көңіліне қуаныш ұялай­тын. Сондықтан ол «әркімнің туған жері – Мы­сыр шаһары» деп айта беретін үл­кен­дер­дің әңгімесінен көп сырды ұққандықтан ту­ған жерін де қорашсынған емес, Ата­жұр­тын да ұмытпады. Сол арман оны атажұр­ты­ның ең жоғарғы оқу орнында білім алуға тал­пындыратын.

«Қыран көзін қияға салады» демекші, ор­та мектепте жаратылыстану пәндерінен үз­дік бағаға оқыған сары баланың қол соз­ған биігі тым алыста еді. Ол кезде Қазақ­стан­да шығатын газет-журналдарды КСРО-ның бар түпкіріндегі қазақтар жаздырып алып оқи­тын. Рәтбай да Атажұртынан келетін газет-журналға құмар еді, әсіресе, сол тұста тең­дессіз ғылыми көпшілік журнал – «Білім жә­не еңбек» десе ішкен асын жерге қоятын. Жыл сайын сол журналды жаздырып алып, бә­рін ешкімге бермей жинап жүретін Рәт­байдың онан үйренгені көп еді. Қазақ ті­лін­дегі ғылыми мақалаларды қызыға оқитын қиян­дағы қазақ ауылының оқушы баласы­ның көзін ашып, танымын тереңдете түскен «Білім және еңбектің» әрбір беті даналыққа толып тұрғандай болып көрінетін. Сол тұста журналда физика-математика ғылым­да­ры­ның докторы, Қазақ КСР-і Ғылым акаде­мия­сы­ның академигі Жабағы Тәкібаев, физика-ма­тематика ғылымдарының докторы Өмір­зақ Сұлтанғазин туралы жарияланған ма­қа­лаларды оқыған жас бала солардай ғалым болуды армандап, түндер бойы қиялына ерік беретін.
1954 жылы 1 ақпанында Қарақалпақ АКСР, Тақтакөпір ауданы, Калинин атындағы кол­хозда (1971-1994 жылдар аралығында Геор­гий Димитров атындағы кеңшар, 1994 жылдан бері қарай Қоңыраткөл ауыл аза­мат­тары жиыны) дүниеге келген Рәтбай Мыр­зақұловтың ата-анасы Мырзақұл Қара­жанов пен анасы Қағаз Пәрменова кол­хоз­дың жұмысшылары болатын. Анасы қа­тал­дау болғанымен, әкесі Мырзақұл жұмсақ адам еді. Содан болар, ол кісінің өзіне зекіп сөй­легені, үйде дауыс көтергені не балаларын ша­палақпен тартып қалғаны Рәтбайдың есін­де жоқ. Отбасында үш ұл бір қыз болды, ағасы Мұратбай мен інісі Аңсатбайдың орта­сын­да туған мұны, неге екені белгісіз, әкесі қа­сынан қалдырмайтын. «Ата балаға сын­шы», бәлкім, әке жүрегі осы баласының бо­ла­­шақта үлкен адам боларын, ауыл-елдің атын шығаратын азамат боларын сезген де шы­ғар, әйтеуір, бұған деген ықыласы бө­лек­ше-тұғын. «Мына бала жақсы бала, тек бір айыбы сап-сары» деп қалжыңдап отыратын, өңі өзіне тартқан баласына мейірлене қарап.

Бастауыш сыныпта өздерімен көрші тұратын Қазына апайы оқытты. Қа­тал ұстаз болатын. Соның арқасында Рәтбай са­баққа алғыр болып өсті. Бастауыш сынып­тан соң алгебра, геометрия, физика пәнде­рі­не қызығушылығы күшті болды. Жоғары сы­­­ныпта Рәтбайды математикадан Сәйпен мұ­ғалім оқытты. Оны математикаға қы­зық­тырғанда осы ұстазы. Бірақ Шымбай қала­сын­дағы екіжылдық мұғалімдер институтын бі­тірген Сәйпен мұғалім (Сейфолла Раз­бе­ковті ауылдастары солай атайтын) неше жыл­дан бері 8-сыныпқа дейінгі матем­а­ти­ка­ны оқытып келгендіктен, 9-10-сыныптың ал­гебрасын оқыту ол кісінің тәжірибесінде бол­маған. Бұл жағдай ауылдағы мектеп он­жыл­дыққа айналған соң мұғалімге де, оның оқушыларына біраз қиындық тудырған-ды. Сон­дықтан орта мектептегі осы бір күрделі пән­ді игеру, негізінен, оқушылардың өзде­рі­нің зеректігіне байланысты болды. Сондай қиын­дықтан суырылып алға шығып, оқушы ке­зінде алгебраны өз бетінше жақсы игер­ген­дердің алдында Рәтбай болды.

Асқақ арман жетегінде

Рәтбайдың қатарластарынан бұрын­ғы оқу­шылар ауылдағы сегізжылдық мек­­тепті бітірген соң, 9-10-сыныпты көрші Карл Маркс атындағы совхозда (қазіргі «Мү­лік» ауы­лы) не Тақтакөпір ауданы орталы­ғын­­­да­ғы мектептерге барып, туыстарының үйін­­де жатып оқитын. Ал Рәтбайлар 8-сы­нып­ты бітіріп, 9-сыныпқа көшкен жылы Ди­­митров совхозының орталығынан жаңа онжылдық мектеп ғимараты пайдалануға бері­ліп, 1971 жылдың бітірушілері тұңғыш рет орта мектепті өз ауылында тәмамдады. Сөй­тіп, туған ауылында алғашқылардың бірі бо­лып онжылдық мектептің түлегі атанған Рәт­бай үлкен арманды үкілеп, жоғарғы оқу ор­нының студенті атанбаққа бел буады. Ол кез­де өзге елдегі қазақтар сияқты бесқа­ла­лық­тарға да Алматы деген бір арман. Ондай ар­ман Рәтбайдың жүрегін дүрсілдетеді. Аға­сы Мұратбай мұны Алматыға балаларын оқу­ға апара жатқан кісілерге қосып жіберді. 

Бала арманның жетегінде қазақтың бас қа­ласы – Алматыға алып-ұшып жеткен бала Қаз­МУ-дың физика факультетіне құжат тап­сырды. Алайда мандаттан сүрінген Рәтбай он бір балмен конкурстан өтпей қалды (оқу­ға қабылданудың ең төменгі шегі – он екі балл екен). Физикадан 4, математика – ауыз­ша 4, жазбадан 3 бағасын алған баланың жо­лы болмады. Бірақ аталған факультеттің сол кездегі деканы Совет Исатаев Рәтбайға «Әзір­ше бара бер, егер оқуға түскен бала­лар­дың біреуі келмей жатса сені міндетті түрде ша­қыртып аламыз» деп мұның көңіліне үміт отын жағып қойды.

Ол кездің сөзімен айтқанда «оқудан құ­лап қалған» бала бейтаныс ортада не істейді? «Жо­лы болмаған» жігіттің ауылға қайтудан бас­қа жолы жоқ. Рәтбай да бір жағынан бауыр басып қалған әсем Алматысын қимай, екін­ші жағынан ертең ауылға барғанда ал­дынан шығатын «құлап қалыпты» деген сөз­ден қорынып, амалсыздан еліне беттеді. Ол кезде ауылда «оқудан құлап қалыпты» де­ген сөз сауатсыз, білімсіз дегенмен бірдей. «Құ­лап» келіп ауылда жүру сұмдық ұят. «Құ­ла­ған» баланың ата-анасына да елдің сөзі ауыр тиеді. Бірақ амал нешік. Жұрттың сөзі ба­сылғанша, басыңды салбыратып, қо­лың­нан келсе, ауылдастарыңның көзіне түсуден қа­шып уақыт өткізесің. Не ауылдың сыр­тын­да егін ору секілді жұмыстарға кетіп, үйіңе қараңғы түсе келесің. Әйтеуір, оқу туралы әңгіме саябырсығанша күн өткізесің...

Тағдырдың салғанына мойынсұнғанмен, Рәт­байға да бұл кезеңнен өту оңай болмады. Ал­матыдан елге жеткенше үйіне қалай жұрт кө­зіне түспей баруды ойлап келген ол, Тақ­та­көпір ауданы орталығына келген соң, Қоңы­раткөлге кеште баратын автобусқа отыр­мақшы болды. Автобустың да ең соңғы орын­дарының біріне отырып, ауылға жет­пей, сырттағы көпірдің жанынан түсіп қалу керек деп ойлады ол...

Мезгіл қыркүйек айы. Көпірден түсіп қа­лып, ауылдың күншығысындағы «Лесхоз» ауылына қарай жүріп, оны айналып өтіп «Абат ауылға» – өзінің үйіне қас қа­рай­ған соң барып әзер келді. Жағдайды білген соң, үйіндегілердің көңіл күйлері түсіп кетті. Бір ауыр атмосфера пайда болды. Бейне қы­зы қайтып келген үй сынды. Өйтпегенде ше? Бала-шағаның аузынан жырып, анау Бе­лоруссиядан кітап сатып алып беріп оқытқан мақ­таулы ұлы, мектепте ең жақсы оқушының бірі деп мақталатын бала... оқуға түсе алмай кел­се не болғаны?..

Рәтбай төргі бөлмеде тығылып жатыр. Күн­діз жұрттың көзіне түсуге өзі жасқанады, көр­сетуге ата-анасы да намыстанады... Солай бір­неше күн өтті. Бірақ үнемі жұрттан жа­сырынып өмір сүре алмайсың ғой, ақыры Рәт­бай да ақырындап сыртқа шығатын бол­ды. Ауылдың солтүстік шығыс жағында Мыр­зақұл ақсақалдың егін егетін меншік жері болды. Сол жерге малға қыстық азыққа деп жоңышқа егетін. Соны орып жатқан кез. Ана­сы Қағаз апайға еріп Рәтбай да соны оры­суға барған. Үн-түнсіз жоңышқа орып жа­тады. Сөйте-сөйте қайтадан ауылдағы өмір­ге үйрене бастады. Тіпті, оқуға деген ын­тасы суый бастады ма, қалай?..
«Оқудан құлап» үйіне келген күні «енді не істейсің?» деген ата-анасына «ақылы даяр­лық курсы бар екен, күзде қайта Алматыға ба­рып соны оқысам, келесі жылы оқуға тү­су­ге мүмкіндік бар екен» деп көңіл-күйі тү­сіп отырған ата-анасының көңіліне үміт сәу­ле­сін түсіріп еді. Ал қазір ауылда шөп орып жү­ріп, Алматыны еске түсіргенде, ойына кі­лең бір жағымсыз нәрсе келетін сияқты. Ана жерге барса да, мына жерге барса да, кас­сада отыратын өзге ұлт өкілдері – кілең көк көз сары әйелдер ауылдан келген бала­лар­ды тез танып қоя ма, не орысшасы нашар қазақтарды жақтырмай ма, бірдеңе сұраса арп ете қалатын. Өздері түйенің жарты етін­дей жуан келеді. Ол кезде Алматының қаза­ғы қала халқының 18-20 пайызындай-ақ. Қала қазақтарының көбі орысша сөйлейтін. Ал бұл қазақы ауылдан келген балаға, әрине, жаман әсер етеді... Осыларды ойлаған Рәтбай тіпті Қарақалпақстанда-ақ оқи берсем қай­теді деген ойға келген. Осыны жоңышқа орып отырып анасына жайымен айтып көр­ген. Бірақ өзі оқымаса да, оқығанның қадірін білетін намысқой ана қатты ашу­ланды. «Болсаң, дұрыс адам бол! Өйтіп жүнің жы­ғылатыны бар, несіне басында әуре бол­дың? Біз отырмыз мында ұлымыз Алматыға оқу­ға кетті деп. Сенің мұндай жасық екеніңді біл­генде, ештеңе күтпей тыныш отырар едік қой! Ағаң оқыған техникумды менсінбей кет­кен өзің, енді не деп міңгірлеп отырсың? Ер­кек адамда намыс деген болмай ма? Бір рет жолым болмады деп өстіп еңсеңді тү­сір­сең, кейін қалай адам боласың?» деп қат­ты-қат­ты айтып тастады. Анасының бетіне ке­ліп көрмеген және мына сөзі сүйегінен өтіп кет­кен Рәтбай «Болды, апа, енді қалайда Ал­­­матыға оқуға түсемін!» деп сөз берді.

Ұзамай не де болса нартәуекел деген 17 жас­тағы бала Алматы қайдасың деп қайтадан жолға шықты. Қандай қиын­дық көрсе де, мойынсұнбауға белді бекем бай­лап, қазақтың астанасына баратын ұшақ­қа түсте отырып, кеште Алматыға жетті. Ер­теңіне барып даярлық курсына түсті, мұн­да ҚазМУ-дың оқытушылары сабақ бе­ре­ді екен, соның бірі аталған оқу орын­да­ры­ның механика-математика факультетінде са­бақ беретін ұстаз. Сол кісі оқу барысында Рәт­байдың қарым-қабілетін байқап, «осыны бі­тір­гесін біздің факультетке кел, сенен жақ­сы маман шығады» деп марапаттап оты­ра­тын. Шынына келгенде, Рәтбай матема­ти­ка­ны күшті оқитын, бірақ физик болғысы кел­ді. Сондықтан ол оқытушысына «жоқ, фи­­­зикаға тапсырамын» деп кесіп айтып, көңі­лін қалдырғысы келмейтін.

ҚазМУ-дегі алғашқы сәтсіздіктен сабақ алған Рәтбай даярлық курсында физика мен ма­­тематикаға, әсіресе, математиканың жаз­ба­ша емтиханына қатты дайындалды. Есеп­тер­ді көп шығарды. Қолынан кітап түспеді. Со­лайша, бір жылдай теориялық білімін же­тілдіріп, 1972 жылы Рәтбай ҚазМУ-дың фи­зика факультетіне қайта құжат тап­сырғанда, емтихандар саны мен конкурстан өтудің ережесіне өзгеріс кіргізілгенін білді. Бұрынғы математика (ауызша, жазбаша), фи­зикадан (ауызша) алынатын емтихан­дар­дың қатарына енді орыс тілінен диктант жазу қосылыпты, сондай-ақ конкурстық бал­ға орта мектеп бітіру туралы аттеста­тын­дағы бағалардың орташа балы қосылатын бол­ған екен. Сөйтіп, сынақ тапсыру басталып кет­ті. Алғашқы емтиханды физикадан тап­сы­рып «3» алып қалса да, одан кейін мате­ма­тиканың «ауызшасынан» 5, «жазбасынан» 4, орыс тілінен 5 бағасын алған сары бала ай­ды аспанға бір-ақ шығарды. Негізгі үш ем­тиханның екеуінен жақсы нәтиже көр­сеткен абитуриентке бәрі назар аудара бас­тап еді. Өзге елдің бір қиырынан келсе де, талабы таудай қазақ баласына ұстаздарының мейірі түскен де шығар. Барлық сынақтардан осылайша аман-есен өткен Рәтбай төрт емтиханнан 18 балл жинап, оның үстіне ат­тес­татының орташа балы 5-ке жетіп, 23 бал­мен (ең жоғары балл 25 еді) ҚазМУ-дың фи­зика факультетіне оқуға түсті. Кеше ғана «әл­деқалай болады» деген уайыммен жүрген ба­ла бүгін қуаныштан аяғы жерге тимей жүр! Ен­ді қуанышты хабарды тезірек елге жеткізу ке­рек. Алдымен осында тұратын, ауылдас көр­шісі Айбергеннің інісі Райымбек ағасына ба­рып қуанышын бөлісті. Сосын Алматының бас поштасына барып, ауылына – ата-ана­сына телеграмма салды. Телеграммаға екі-ақ ауыз сөз жазды: «ҚазМУ-ге түстім!».

Шәкірттіктен ғалымдыққа дейін

Физика факультетінде Рәтбайлар екі қазақ, екі орыс және бір ағылшын ті­лін оқитын – бес топ болып оқыды. Олар­дың арасында Орынбек Жәутіков атындағы рес­публикалық мамандандырылған физика-ма­тематика мектеп-интернатының түлек­тері көп болды. Олардың, әрине, басқалардан оқ бойы озық болатыны айтпаса да түсінікті. Олар тақтаға шығып тақылдап сабақ айтып жатқанда, басқалары үндемей отырады. Сол үн­демей жай тыңдап отыратындардың ара­сында Рәтбай да бар. Әрине, үндемей­тін­дер­дің тыныштығы білімсіздік емес, кей­біреу­лері ұялшақ болса, кейбіреулерін аналардың мысы басады. Бірақ үнемі олай болмайды ғой. 
Бірде математикалық анализ сабағында, «Шек» деген тарауды өтіп болған соң, бақылау жұмысын жүргізді. Бақылаудың нәтижесі барлық есепті дұрыс шығарған екі-үш студент бар екенін көрсетті. Соның бірі Рәтбай болды. Әшейінде үндемей, сабақта тым-тырс отыратын Рәтбайдың қабілеті математикалық анализ сабағын жүргізетін оқытушыны таңғалдырды. Өйтпегенде ше? Арнаулы мектепті бітіріп келген балалардан қарапайым ауыл мектебін бітіріп келген баланың қабілеті артық болса таңданбай қайтеді? Содан ол оқытушы Рәтбайды мақтап, көтермелеп жүретін болды. 

Міне, Рәтбайдың математикадан осы ал­ғырлығы оның алдағы өмірінде – ғылым­дағы жетістіктерінде үлкен пайдасын тигізді. 
С.Киров атындағы ҚазМУ-ды (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) бітіргеннен кейін Рәтбай еліне кетіп бір-екі жыл Нөкіс мем­лекеттік университетінде жұмыс істеді. Де­генмен алысты көздеген талантты жасқа он­дағы ағалары Алматыға барып жұмыс іс­теуге кеңес беріп, ол Алатаудың баурайына қай­та келді. Сөйтіп, ғылымға біржола ден қой­ған жас ғалым 1981 жылы Ресейдің Дуб­на қаласындағы Біріккен ядролық зерттеулер инс­титутына барып, алдымен ғылыми тә­жіри­бе жинақтаушы, соңынан аспирант бо­­лып жеті жыл еңбектенді. Сонда жүріп ғы­лыми жетекшісі Владимир Маханьковтың бас­­шылығымен алғашқы ғылыми мақа­ла­сы­ның бірі Швецияның ғылыми журналында жа­рық көрді. Аспирантурамды бітіргеннен кейін 1988 жылы Мәскеудегі П.Лумумба атын­­дағы Халықтар достығы универ­сите­тінде «Теориялық және математикалық фи­­­­зика» мамандығы бойынша кандидаттық дис­сертация қорғап Алматыға келді. Өзі оқы­ған білім ордасында ұстаздық жасады.
Ғылымдағы өз тақырыбын тереңдете зерт­теген ол, араға он үш жыл салып, 2002 жылы әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың ғы­лыми кеңесінде «Спиндік жүйелер және сы­зықтық емес физиканың көп өлшемді со­литондық модельдерін зерттеудің диф­фе­ренциалды-геометриялық тәсілдері» деген та­қырыпта докторлық диссертациясын қор­ғады.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, мем­лекет билігі елордаға көшкеннен кейін, Рәт­бай Мырзақұлов та сонда барып, қазақ ғы­лымын дамытуға бел байлады, сөйтіп, 2006 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің шақыруымен он­дағы «Жалпы және теориялық физика» ка­федрасының меңгерушісі қызметіне та­ғайын­далды. Сол кезде университет аясында «Еура­зиялық халықаралық теориялық фи­зика орталығын» ашып, орталықты осы күн­ге дейін басқарып келеді. 2010 жылы 

Р.Мыр­зақұлов профессор атағын алды. Жа­ра­тылыстану ғылымдары саласындағы үздік ғылыми зерттеулер үшін Қ.Сәтбаев атындағы сый­­­­лығының (2010-2016 ж.ж.), «Еуразия мақ­та­нышы» сыйлығының иегері (2010 ж). 2017 жылы әл-Фараби атындағы ғылым мен тех­ника саласындағы мемлекеттік сый­лы­ғын беру туралы жарлыққа сәйкес бірінші ка­тегорияда «Қазақстандық іргелі ғылымның әлемдегі алдыңғы қатарлы деңгейге шығуға мүм­кіндік туғызатын, нақты ғаламның қа­сиеттерін сипаттауға арналған гравитация теориясының дамуы» тақырыбындағы еңбегі үшін әл-Фараби атындағы ғылым мен тех­ника саласындағы Қазақстан Республика­сы­ның Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Ал шет­елден алған сыйлықтарын тізіп шығу үшін бірнеше бетті толтыру керек.

Атағы әлемді шарлаған

Бүгінде ғылым, оның ішінде жара­ты­лыс­тану саласының дамуы осыдан 30-40 жылғы деңгейінен көп алға кетіп қал­ды, өзгеше дамып жатыр. Заман өзгерді, бая­ғыдай ғылымды саясат құрсаулап тұрған жоқ, ғылыми еңбегіңді қайда қорғаймын де­­сең, қайда жариялаймын дегенге кедергі бо­­­ла­тын нәрсе атымен жоқ. Яғни, «күшті ала­­­ман­да сыналады». Бұрынғыдай сенің ға­лым­­дығыңа, ашқан жаңалығыңа бір елде баға берілмейді, әлемдік деңгейде мойын­далуыңа ешкім кесе тұрмайды, мықты бол­саң, күллі әлем сол сәтінде ашқан жаңа­лы­ғыңды бір­ден таниды.

Бұрын кезегімен кандидаттық, соңынан док­торлығыңды қорғап, профессор, акаде­мик атанып алған соң мұртыңды балта шап­пай жүре беретін болсаң, қазір олай жайдан-жай жүре алмайсың. Ғылыммен үздіксіз айна­лы­сып, әлемнің мықтыларымен үнемі тайта­ла­сып жүрмесең, санаттан шығып қалуың дем ара­сында. Міне, бүгінгі ғылымдағы осы жыл­дамдық Рәтбай Мырзақұлов сияқты ғы­лым­ның тынымсыз адамына бақ болды де­сек қателеспеспіз.

Қазір баяғыда бір ашқан жаңалығыңды қы­рық жыл талғажау ете алмайсың, сол се­бепті үздіксіз ізденіс пен өсу ғана ғалымды ал­ты құрлыққа түгел танытады. Бұл орайда ға­лымдардың жазғандары импакт факторлы журналдарға жиі жарияланып, одан өзгелер жиі сілтеме алған сайын олардың Хирша ин­дексі өсе береді. Мәселен, дәл қазір Рәтбай Мыр­зақұловқа қатысты деректерді алсақ, оның шетелдердің импакт факторлы жур­нал­дарына 291 ғылыми мақаласы жарық кө­ріп, оның сілтеме индексі 7418-ге жеткен. Осы­ның арқасында оның қазір Хирша ин­дексі 47-ге жеткен. Бұл бойынша қазақ ғалы­мы Орталық Азияда бірінші орында тұр. 
Үндістанның Бхаратхидасан, Италия­ның Саленто, АҚШ-тың Калифорния және Жа­понияның Нагоя университетінде дәріс бер­ген Қазақстан Ұлттық ғылым акаде­мия­сының және Еуропалық жаратылыстану ака­демиясының академигі (Германия) Рә­т­бай Мырзақұловтың ғылымдағы жетістік­тері­нің өзін санамалау да оңай емес. 2022 жыл­ғы 3 қарашада жарияланған Elsevier ғы­лыми баспасының соңғы деректеріне сәй­кес, Стэнфорд университетінің сарапшы­лары құрастыратын «Әлемдегі ең беделді 2% ғалымдардың» (World's Top 2% Scientists) екі рейтингіне кірген Р.Мырзақұлов теориялық фи­зиканың және математиканың, аст­ро­фи­зи­ка, космология, дифференциалдық гео­мет­рия, гравитация, солитондар теориясы, диф­ференциалдық теңдеулер секілді бір­неше саласымен айналысады. Ол «Мыр­зақұ­лов гравитациясы» деп аталатын бірнеше тео­рия ұсынды. Сонымен қатар ол «Мырзақұ­лов теңдеулері», «Мырзақұлов-Лакшманан тең­деулері» деген атпен танылған бірнеше диф­ференциалдық теңдеулер енгізді. Әрине, мұ­ның бәрі айтуға ғана оңай, шын мәнінде, бұл үздіксіз тер төгіп қана қоймай, сол тер­дің өтеуіндей ғылымға қосылған жаңа­лық­тар. Сондықтан «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүй­сінерге жарар ол» деп ұлы Абай айт­қан­дай, бүгінде ұлтының, мемлекетінің атын шығарып жүрген Рәтбай Мырзақұлов – қа­зақ­тың мақтанышы. Ақиқат үшін айта ке­тейік, осыдан тура он жыл бұрын бізде мы­на­дай ғалым бар деп, қазақ еліне Мырзақұлов жетістіктерін көпшілікке баспасөзде алғаш жаз­ған біз едік, шүкір, бүгінде бар қазақ оның атын біледі, жетістігін мақтан етеді. 

А.ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ