СҚО-да жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады

Оған денсаулық сақтау, ветеринария, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау, азаматтық қорғаныс және энергетикада қызмет ететін жас отбасылар қатысады.

СҚО-да жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады
Ипотека. Фото: Krisha.kz

Солтүстік Қазақстан облысында жастардың баспана мәселесін шешу мақсатында жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама іске қосылмақ. Қажетті қаражат бөлінді, деп хабарлады turkystan.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавлда өңір тұрғындарымен кездесіп, жүзеге асатын жобалармен таныстырды. 

«Баспана алу – өзекті мәселелердің бірі. Петропавлда биыл «Қызылжар жастары» жеңілдетілген ипотекасын іске қосамыз. Оған денсаулық сақтау, ветеринария, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау, азаматтық қорғаныс және энергетикада қызмет ететін жас отбасылар қатысады. Жобаға сұраныс бар, адамдар күтуде, қаржы қарастырылған», - деді жақсы жаңалықпен бөліскен облыс әкімі.

Петропавл қаласын дамыту мақсатында бірнеше жоба қолға алынбақ. Мәселен, облыс орталығында қазіргі уақытта 600-ге жуық аула бар, оның жартысын жаңарту қажет. Өңір басшысының айтуынша, биыл 60 аула жөнделмек. 5 жылда барлығы 260 аула қамтылады. Сондай-ақ қалада 7 автотұрақ пен 20 жылытылған аялдама орнатылады. 

«Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қоғамдық атаулы саябақтар құрылады. Бұл бастаманы кәсіпкерлеріміз қолдап, қаржыландыруға келісті. Олардың ішінде: Геннадий Зенченко, Дмитрий Шарапаев сынды бизнесмендер, «Севказэнерго», «Қызылжар су» және «Alageum Electric» кәсіпорындары бар. Жолдарды жақсарту бойынша кешенді жұмыстар жалғасады. Облыс орталығындағы көшелердің барлығына асфальт төселмегені жасырын емес. Біз биыл қаланың шетіне басымдық береміз. Петропавл әкіміне 5 жылда қиыршық тас төселген жолдарды асфальтқа ауыстыруды тапсырдым. Биыл қаланың 44 көшесі жөнделмек, оның ішінде 39 көшеде бұрын асфальт болмаған», - деді Ғауез Нұрмұхамбетов. 

Облыс орталығындағы өзекті мәселенің бірі – қоғамдық көліктің жағдайы. Петропавлда қазір 115 жаңа автобус жүр. Ескі автобустар жүретін маршруттар да бар. Жылдың ортасында тасымалдаушылар 30 жаңа автобус сатып алмақ.