Әли Оқапов тегін үш рет ауыстырғанын айтты
Өнер иесі отбасына қауіп төнген жағдайлар болғанын жеткізді.
Роза Рымбаеваның ұлы, әнші, музыкант Әли Оқапов «Менің өмірім» бағдарламасында тегін үш рет ауыстырғанын мәлім етті, деп хабарлады turkystan.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
«Әкеміз өмірден кеткен соң біз үшін өте қиын кезеңдер болды. Барлығын ашып айта алмаймын, бірақ отбасымызға қауіп төнген жағдайлар да өтті. Соған байланысты тегімді үш рет ауыстырғам. Негізі Оқапов боп туылғам, кейін Тасқынұлы болдым. Сосын Рымбаев деп өзгерттім. Кейін, 16 жасқа келгенде алғашқы төлқұжатымды аларда «Мама, енді бәрі тынышталған сияқты, біз үшін ештеңе қауіпті емес сияқты. Қалай қарайсың, мен негізі Оқаповпын ғой, түрім де, мінезім де әкеме тартқан. Сен қарсы болмасаң, құжатымды қайтадан Оқапов деп өзгертіп алсам» деп едім. Анам қарсы болған жоқ, «әрине, өзің шеш» деп айтты. Анам әрқашан бізге еркіндік береді. Ал Мәди ол кезде кішкентай, «онда Мәди Рымбаев болып қала берсін» деді», - дейді Әли Оқапов.
Алайда ол отбасына қауіп төндірген жағдайды ашып айтудан бас тартты.
«Себебін айта алмаймын, өткен нәрсе өтті. Біз аман-есенбіз, арты жақсы болды, бастысы – сол. Қазір енді арада көп уақыт өтіп кетті ғой. Кей кездері "осы шынымен болды ма, болмады ма" деп сенбей, ойланып қалам», - деді әнші.