Алматы облысында есірткі зертханасын ұйымдастырған азамат ұсталды

Есірткінің «қара» нарықтағы алдын ала құны 150 млн теңгеден артық сомаға бағаланады.

Алматы облысында есірткі зертханасын ұйымдастырған азамат ұсталды
ҰҚК баспасөз қызметі

Алматы облысы бойынша ҰҚК департаменті синтетикалық есірткі өндіру бойынша жасырын зертхана әрекетінің жолын кесті, деп хабарлады turkystan.kz.

6 ақпанда Алматы қаласына жақын орналасқан жеке үйде психотроптық заттарды дайындау кезінде қылмыс үстінде есірткі зертханасын ұйымдастырушы 1995 жылы туған Қазақстан азаматын ұстады.

«Тінту барысында 40 мың бір реттік дозаға эквивалентті 8 кг артық «мефедрон» психотроптық заты, сондай-ақ оларды дайындайтын құрылғы мен компоненттері алынды», – делінген хабарламада.

Анықталған есірткінің «қара» нарықтағы алдын ала құны 150 млн теңгеден артық сомаға бағаланады.

Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

ҚР Қылмыстық-процестік Кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.