Депутат жаңа Үкімет жайлы: Мемлекеттік аппарат батыл әрекет етуі керек

Президент Әділетті Қазақстан құрудың негізі болар әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырудың басымдықтарын айқындады.

Депутат жаңа Үкімет жайлы: Мемлекеттік аппарат батыл әрекет етуі керек
ашық дереккөз
1193

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында өткен жұмысты қорытындылап, алдағы уақытқа әлеуметтік-экономикалық міндеттерді айқындады». Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова осылай деп пікір білдірді.

«Ең бастысы, ел дамуындағы экономикалық өсім азаматтардың өмір сапасының жақсаруына және нақты табысының артуына тікелей әсер етуі қажет. Бұл міндетті жүзеге асыруда мемлекеттік аппарат батыл әрекет етуі абзал. Осыған байланысты жаңа тағайындалған Министрлер Кабинетіне бюджет және салық міндеттемелерінің тиімділігін арттыру жүктелді. Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексін әзірлеуге мән беруде.

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіпті дамыту және су ресурстарын үнемдеуге басымдықпен мән берді. Алдағы үш жыл ішінде ауылшаруашылығына көп қаражат қарастырылады, сәйкесінше агроөнеркәсіп саласындағы өңделген өнімнің үлесі 70 пайызға артуы басты міндет. Аграрлық сала үшін су ең басты ресурс. Суды үнемдеу технологиясын енгізу және суды көп қажет ететін дақылдарды азайту бағытында жүйелі жұмысты жүзеге асыру қажет.

Президентіміз сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту саласында шұғыл шаралар қабылдауды басымдықпен айтты. Бұл үшін Үкіметтің алдында, жылу орталықтарын күрделі жөндеуден өткізу және қосымша қуат көзін табу, оны жүзеге асыру міндеті тұр.

Елімізде республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуді тезірек аяқтауды қолға алу және теміржол саласында қызмет сапасынан бастап қордаланған барлық проблемаларды шешу қажет. Бұл еліміздің Еуразияның көлік-логистикалық хабына айналуына мүмкіндік береді.

Ең негізгі, Әлеуметтік саланы одан әрі жетілдіруге, әрі реформалауға ерекше тоқталды.

Қазіргі таңда республикалық бюджеттің 50 пайызынан көбі әлеуметтік салаға қарастырылған. Сондықтан мемлекет қаражатының тиімділігі әрдайым ерекше бақылауда болуы қажет. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысы, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің қолжетімділігімен бірге сапасын арттыруға байланысты нақты міндеттер айтылды.

Президентіміз Үкіметтің кеңейтілген отырыснда мемлекеттік сатып алу, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі, құрылыс саласын реформалауға байланысты заңдар қабылдау қажеттігін айтты. Мәжіліс депутаттары ретінде бірнеше Заң жобасына тиісті нормаларды эксперттік қоғамдастықпен талқылап, әзірлеуге кірісіп кеттік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Әділетті Қазақстан құрудың негізі болар әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырудың басымдықтарын айқындады.

Сонымен қатар, Мәжілістің Пленарлық отырысында Президентіміз Мәжілістің VIII шақырылым депутаттық корпусының жұмысына жоғары бағасын берді. Біз үшін үлкен жауапкершілік. Алдағы уақытта да осы сенімді ақтау ел игілігі жолындағы жұмысымызды сапалы әрі уақытылы атқаруға еңбектенетін боламыз», - деп жазды Ж. Сүлейменова Facebook-тегі парақшасында.

Серіктес жаңалықтары