1 мамырдан бастап елорда әуежайында шектеулер енгізіледі

Астана әуежайында түнгі уақытта күрделі жөндеу жүргізіледі.

1 мамырдан бастап елорда әуежайында шектеулер енгізіледі
Depositphotos.com/brokenrecords

Астана қаласының әуежайын толық жаңғыртуға байланысты дайындық жалғасуда. Оның шеңберінде Көлік министрлігі елорда әуежайы басшылығымен бірлесіп, отандық және шетелдік әуе компаниялардың өкілдерімен кеңес өткізді, деп хабарлады turkystan.kz.

Бірқатар келіссөздердің, ауа райы болжамының, әуежайдың әртүрлі уақыт кезеңдеріндегі жүктемесін зерделей келе, жолаушылар үшін туындайтын қолайсыздықтардың салдарын азайту мақсатында түнгі уақытта күрделі жөндеу жүргізу туралы шешім қабылданды.

«1 мамырдан 24 желтоқсанға дейін жергілікті уақыт бойынша сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін Астана қаласының әуеайлағында әуе кемелерінің ұшып-қонуына шектеу қойылады. Бұл іс-шара әуежай ұсынатын қызметтердің сапасына кері әсер етпейтінін атап өту маңызды. Өз кезегінде ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу бойынша жұмыстар барлық қажетті құрылыс нормалары мен қауіпсіздік нормаларын сақтай отырып, Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің тұрақты бақылауымен жүзеге асырылатын болады», – делінген хабарламада.

Әуежайдың қолданыстағы ұшу-қону жолағы 20 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген және сенімгерлік басқару кезеңінде инвесторға артылған басты міндет - ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу болған.

Осы ірі жобаны іске асыру инвестордың жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады.