Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына жаңа ректор тағайындалды

Бұл туралы Арман Жүдебаев Instagram-дағы жеке парақшасында жазды.

Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына жаңа ректор тағайындалды
yandex.kz

Арман Жүдебаев Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы ректорының міндетін атқарушы лауазымына тағайындалды. Бұған дейін ол Мәдениет және ақпарат вице-министрі қызметін атқарған еді. 

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі ретінде қызметімді аяқтап, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректорының міндетін атқарушы лауазымына тағайындалдым.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мәдениет, руханият салаларына айрықша назар аударып отырғаны баршаңызға аян. Бұл – осы салада еңбектеніп жүрген әрбір әріптесіміз үшін анық қуаныш әрі салмақты жауапкершілік. Сондықтан, артылған сенімнің үдесінен шығу, «Әділетті Қазақстан» идеясының принциптеріне сәйкес жұмыс істеу – ортақ міндетіміз.

Аида Ғалымқызына мол тәжірибесімен бөлісіп, маған зор сенім артып, жауапкершілігі үлкен қызметті сеніп тапсырғаны үшін алғыс білдіремін!

Жаңа жұмыс орнына нақты тапсырмалармен, үлкен жауапкершілікпен келдім. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында нәтижелі еңбек етіп, салалық білім беру бағытына және тарихы терең оқу ордасының жағдайын жақсартуға білім-білігімді, тәжірибемді, күш-жігерімді саламын.

Барша ниеттес, тілектес азаматтардың құттықтауына алғыс білдіремін! Күшіміз – бірлікте. Еңбегіміз жемісті болсын!, - деп жазды ол.