Солтүстік Қазақстанда көмір бағасы қымбаттады

Өңірде небәрі 1 айдың ішінде көмір бағасы 12 пайызға дейін артқан.

Солтүстік Қазақстанда көмір бағасы қымбаттады
Gov.kz
923

Бір айдың ішінде өңірдегі қатты отынның құны 12%-ке дейін өскен, деп хабарлады Almaty.tv.

Петропавл тұрғыны Нина Рубанова жер үйде жалғыз өзі тұрады. 69 жастағы зейнеткер көмір сатып алудың жыл сайын қиындап бара жатқанын айтты.

"Мен көмірді бірден сатып ала алмаймын, алдымен кепілге бір дүниемді беремін, кейін ақша пайда болған кезде толық сомасын өтеймін. Ал қазір баға 19 мың теңгеге дейін көтерілді. Үйімді жылыту үшін 100 мың теңге керек. Тағы 10 мың теңгем көмірді жеткізіп берушілерге кетеді. Алған зейнетақым, тіпті үйімді жылытуға жетпейтін болды", – деді Рубанова.

Қала тұрғыны Нұрлан Әбішев те бағаның көтерілгеніне наразы. Биыл алған 3 тонна Шұбаркөл көмірінің сапасына ол да шағым айтты.

"Сапасы нашар. Шалақында отын ғана жағатынбыз, ал мұнда бірінші рет көмір алдым, қымбат. Бензин, газ қымбат", – деді қала тұрғыны Нұрлан Әбішев.

Көмір мәселесін біржақты етуге бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті енді кіріскен. Қазір жауаптылар көмірді сатумен айналысатын субъектілердің іс-әрекетіне талдау жүргізіп жатыр.

"Көмір бағасы кен орындарында сатып алу бағасының өсуіне, сондай-ақ көмірді тасымалдау бойынша шығынның өсуімен тікелей байланысты. Демек теміржол тарифтері мен көмірді тасымалдайтын локоматив қызметінің бағасы өсті. Сондай-ақ жылдан жылға еңбекақы төлеудің қоры артып жатыр,  осының барлығы тиісінше көмір бағасының өсуіне тікелей әсер етті", – деді өңірдегі бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаменті басшысының міндетін атқарушы Аслан Әліпбаев.

Өңірде небәрі 1 айдың ішінде көмір бағасы 12 пайызға дейін артқан. Халық арасында сұранысқа ие Майқұбаның бағасы - 3,3, Қаражыра - 11,3, ал Шұбаркөлдің құны - 11,8 пайызға дейін көтерілген. Егер кәсіпкерлердің құнды негізсіз көтергені дәлелденсе, алдымен ескерту, кейін айыппұл салынбақ. Жауапты мамандар мұндай жағдайда ірі нарық субъектілерінің 5 пайыз, ал шағын кәсіпкерліктің 3 пайыз табысы тәркіленетінін ескертті.

Серіктес жаңалықтары