Туристің басты арманы – бейбітшілік

Туристің басты арманы – бейбітшілік

Туристің басты арманы – бейбітшілік
ашық дереккөзі
408
Жуырда Францияның атқамінерлері дабыл қақты. Елдегі Туризм жөніндегі аумақтық комитеттің дерегінше, 2016 жылы Парижге келген туристер саны қаланың 2015 жылғы қонақтарынан 1,5 млн адамға азайып кеткен.  2015 жылдың қарашасында болған терактінің салдары бұл. Бірінен соң бірі болған лаңкестік шабуылдардан кейін туризмі тұралаған Түркия да осы күні шетелдіктерді қызықтырудан қалған. «Эйфелімен», хош иісі мұрын жаратын иіссуларымен әлемге аты жайылған Франция астанасы қысы-жазы қонақтан босаған емес. Парижді бір көру үшін жыл сайын әлемнің әр түкпірінен миллиондаған турист келеді. Алайда 2015 жылдың қарашасында болған лаңкестік шабуылдан соң қала тынысы айтарлықтай өзгерді. Әсіресе, шаһар қазынасының ғана емес, ел экономикасының тірегі болып отырған туризм саласы қалыпты жүрісінен жаңылды. Бір жыл ішінде Парижге келген  туристер саны 1,5 млн адамға азаюы соның айғағы. Туризм жөніндегі аймақтық комитеттің есебінше, қонақтар санының кемуі салдарынан қаланың жылдық табысы 1,3 млн еуроға қысқарған. Қонақүйлерден алынған статистика да көңіл көншітерлік емес. Париж қонақүйлеріндегі бөлмелерге тапсырыс берген шетелдіктер саны 8,8 пайызға азайса, жергілікті адамдардың саны 4,7 пайызға кеміген. Париж қонақтарының ішінде, әсіресе, қытайлықтардың үлесі күрт азайыпты. Францияның туристік рейтингінде бұл ел үшінші орында тұрғанына қарамастан, Қытайдан келетін туристер саны 268 мыңға, яғни 2015 жылғы көрсеткіштен 21,5 пайызға азайған. Жапониялық туристер де Парижге қонақ болуды сиретті. 2016 жылы Франция астанасына келген жапондар қатары 2015 жылғыдан 225 мың адамға (41,2 пайыз­) кем. Қалаға қонақ болған жапондар мен қытайлар өзге турис­терге қарағанда қымбат сыйлықтар алуға, мейрамханалар мен ойын-сауық орталықтарында демалуға ақшаны көбірек жұмсайтынын ескерсек, олардың Парижге келуді азайтуы француздардың табысын айтарлықтай кемітті. Кәрі құрлықтан келетіндердің қарасы да бұрынғыдай қалың емес. Италиялық туристер саны 26,1 пайызға кемісе,  ұлыбританиялықтар 8,6 пайызға, испандар 9,9 пайызға азайған. Ресейден келетіндер нөпірі 65 мыңға (27,6 пайыз) қысқарыпты. Ал Францияға келетін туристерінің саны жөнінен бірінші орында тұрған мемлекет – АҚШ тұрғындары 100 мыңға (4,9 пайыз) кеміген.

Музейлердің мұңы бір

Туристік жағдайдың қиындағанын қаладағы музейлердің тынысынан да көруге болады. Шетелдік қонақтардың азаюынан, әсіресе, Париждің атақты музейлері «Лувр» мен «Орсе» қатты зардап шекті. Қаланың екі жетекші мұражайы мен «Версале» музейіне келушілер саны 13-15 пайызға кеміді. Тек Помпиду орталығындағы Заманауи өнер музейінің ғана табысы артқан. Аталмыш өнер ордасына келушілердің көп болуына Пауль Клее мен Рене Магрит жұмыстарының көрмесі ықпал етті. Неміс суретшісінің шығар­машылығымен танысуға 400 мың адам келсе, Магрит суреттерін күн сайын 6 мыңнан астам адам тамашалайды. 5 қаңтарда жарияланған деректерге сүйенсек, өткен жылы «Луврда» 7,3 млн адам болған. Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 15 пайызға кем. Музей директоры Жан-Люк Мартинезаның айтуынша, шетелдік туристер санының  азаюы салдарынан «Лувр» 10 млн еуро табысын жоғалтып отыр. France-Presse басылымының жазуынша, соңғы екі жылда музей қонақтарының саны 2 миллионға кеміді. Бұлай жалғаса беретін болса, «Лувр» «әлемнің жетекші музейі» деген атағынан айрылуы ғажап емес. «Версале» дирекциясы Жапо­ния­дан келетін қонақтар санының күрт кемігеніне алаңдаулы. Десе де, жапондар музейге көп келетін қонақтар арасында  қытайлар мен америкалықтардан кейінгі үшінші орында. Өткен жылы «Орсе» мұражайына 3 млн адам ғана келген, яғни мұражай қонақтарының саны 13 пайызға қысқарды. Жағдайдың аздап оңалуына Анри Руссоның көрмесі көмектесіпті. Атақты кеденшінің шығармашылығымен танысуға 1,5 млн адам келген. 2015 жылдың соңынан 2016 жылдың екінші жартысына дейін қонақтарының саны кеми берген Париж музейлерінде мешін жылының соңында ғана кісі қарасы көбейе бастады. Биыл қалаға келетін туристер саны артса, жергілікті мұражайлар жоғалтқан табысының орнын толтыруға ниетті.  Шетелдік қонақтарды көптеп тарту мақсатында «Лувр» Вермеер мен голландықтардың көрмесін өткізуді жоспарлап отыр. Көктемде «Орсе» музейінде Ван Гог пен Монет көрмелері ашылады.        Түркияның туристік тартымдылығы азайды Өткен жылы бүкіл әлемнің үрейін ұшырған Түркиядағы лаңкестік шабуылдардан соң туристік әлеуеті жоғары ел шетелдік қонақтар үшін тартымдылығын жоғалтты. 2016 жылы Түркияға келген туристер саны 25,35 млн адамды құрады, бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 30 пайызға кем. Соңғы жылдардағы ең ірі құлдырау деп танылған бұл көрсеткіш мемлекеттің экономикалық әлеуетіне әсер етпей қоймады. Түркияның мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы елге келген туристердің басым бөлігі –  Германия (3,89 миллион), Грузия (2,21 миллион) және Ұлыбритания  (1,71 миллион) азаматтары. Жерорта теңізінің жағалауында демалуға Ресейден небәрі 866 мың адам келсе керек. Яғни ресейлік турис­тер саны 2015 жылғы көрсеткіштен 76,3 пайызға азайып кеткен. Түркиядағы шетелдіктер ең жиі баратын қалалар үштігіне Стамбұл (9,22 миллион), Анталья (5,95 миллион) мен Эдирне (2,85 миллион) кіреді. Төлем балансы тапшылығын азайтудың негізгі көзі болғандықтан, түріктердің тірлігі туризмнен түсетін табысқа тікелей тәуелді. Шетелдік қонақтардан түскен пайда өткен жылы 2015 жылмен салыстырғанда 29,7 пайызға азаюы ел билігінің мазасын қашырды. Террористік қауіптен бөлек, Түркия туризмінің тұралауына Ресеймен арадағы кикілжің де айтарлықтай әсер етті. 2015 жылдың қарашасында түріктер ресейдің СУ-24 бомбалаушы ұшағын атып түсірген соң екі ел арасындағы чартерлік әуе тасымалдары тоғыз ай бойы тоқтап тұрды.  2016 жылдың басында Түркияға барған ресейлік туристер легі 90 пайызға кемігені сондықтан. Тек 2016 жылдың жазында, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ресей көшбасшысы Владимир Путинге хат жазып, атып түсірілген ұшақ үшін өкінішін білдіргеннен кейін ғана жағдай оңала бастады. 30 маусымда В.Путин Түркияға чартерлік тасымалдардың жасалуына салынған тыйымды алып тастау туралы жарлыққа қол қойды. Ал РФ үкіметі 28 тамызда тиісті қаулы шығарғаннан кейін алғашқы чартер 2 қыркүйекте әуеге көтерілді.

Теракт һәм баспана нарығы

Лаңкестік шабуылдардың әлемді үреймен үйіргеніне талай жылдың жүзі болды. Алайда оқиғалар ұмытылады, адамдар шекара асуды жалғастырады және сұраныстан уақытша айырылған баспана нарығы қалыпты тірлігіне қайта көшеді – әрине, егер ішкі сұраныс мықты болып,  шетелдік туристердің сұранысына тікелей тәуелділік болмаса. Туризмге тәуелділік жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаны шарықтатып жібереді. Өйткені турис­тер легі мен баспана сатып алушылар саны арасында өзара ықпалдастық бар және пәтерлерді қысқа мерзімді жалға алу нарығы тұтастай алғанда жылжымайтын мүлік нарығына ықпал етеді. Демалушылар көп баратын елдерде баспана сатылымы жоғары. Сәйкесінше, егер туристер легі азайса, ерте ме, кеш пе, бұл жылжымайтын мүлік нарығына салқынын тигізеді. Лаңкестік шабуылдар қаупі сейілсе, ел көру, жер көруге құмар шетелдіктер қайта ағыла бастайды. Соның арқасында экономикасы туризмге аса тәуелді емес мемлекеттердегі баспана нарығы терактіден кейін тез ес жияды. Тіршілігі туристерге жіпсіз байланған елдердің көшін Египет, Тунис, Түркия бастап тұр. Мәселен, 2015 жылдың маусымында Сус шипажайындағы террорлық акті Тунистің жылжымайтын мүлік нарығын тұралатты. 2011 жылы болған мемлекеттік төңкерістен («Араб көктемі») кейін шетелдіктер Египетке де, Туниске де ат ізін салмай кеткен еді. 2015 жылдың қарашасында Синай түбегінің маңында ресейлік ұшақ атып түсірілгеннен кейін Ресей, Германия мен Ұлыбритания өз азаматтарына Египетке баруға тыйым салды. Салдарынан 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында Мысырға ағылатын туристер легі 2015 жылмен салыстырғанда 40 пайызға азайып кетті. Соңғы екі жылда туризмнің тұралауынан Түркияның жылжымайтын мүлік нарығы да  айтарлықтай зардап шекті. Өткен жылдың шілде айындағы мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетін айтпағанның өзінде, елде бірнеше лаңкестік шабуыл жасалды. Стамбұлдың Сұлтанахмет алаңындағы жарылыс, елдің оңтүстік-шығысында миналанған автобустың жарылуы, Анкараның автобус аялдамасындағы террорлық акті, «Ататүрік» әуежайындағы халықаралық терминалдағы жарылыс – мұның бәрі туризмнің, сәйкесінше ел экономикасының кері кетуіне себеп болды. 2016 жылдың сәуірінде Түркияға келген туристер саны 28 пайызға құлдырады, бұл – соңғы 10 жылдағы антирекорд. Терактілерден үріккен шетел­діктер осы күні Түркиядан үй сатып алуға  асықпайтын болған. Елдегі жағ­дайдың тұрақталуын күтіп, әліптің артын бағып отырғандар көп. 2016 жылдың қаңтары мен мамыр айлары аралығында Түркиядағы жылжымайтын мүлікке тапсырыстар саны 2015 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 5 есе кеміген. Лаңкестік шабуылдар жиі болса да, жылжымайтын мүлік нарығы зардап шеге қоймайтын мемлекеттер бар. Мұндай елдердің экономикасы шетелдік туризмге тәуелді емес. Олардың қатарына Ресей мен Израильді жатқызуға болады. 1990 жылдан бері Ресейде терактісіз өткен жыл жоқ десек, қателеспеспіз. Соңғы жылдардағы ең ірі лаңкестік шабуылдарды еске түсіріп көрелік. 2002 жылы шешен содырлары Мәскеуде Дубровкадағы Театр орталығын басып алды, салдарынан 130 адам қаза тапты. 2010 жылы Ресей астанасындағы Сокольническая линияда болған жарылыс 41 адамның өмірін жалмаса, 2011 жылы «Домодедово» әуежайындағы жарылыстан 37 адам көз жұмды. Елде қайғылы оқиғалардың көп болуына қарамастан, олар жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдайды өзгерте қоймады. Өйткені Ресейде шетелдік сатып алушылардың үлесі өте аз, керісінше, ішкі сұраныс жоғары. Израильге келер болсақ, 2000 жылдан бері лаңкестік шабуылдардан әскери қызметкерлерді қоспағанда 1000-нан астам бейбіт тұрғын қаза тапты. Қауіп-қатердің сейілмей тұрғанына қарамастан, елдегі баспана бағасы құлдыраған жоқ. Жергілікті мамандардың айтуынша, жылжымайтын мүлік құны жылдан жылға өсіп келеді. Құрылыс қарқыны да артқан. Бұған ішкі және сыртқы сұраныстың жоғары болуы себеп. Сондықтан Израильде терактілердің саны мен жиілігі жылжымайтын мүлік нарығындағы өзгерістерге әсер етпейді деуге негіз бар. Десе де, ірі оқиғалардың мүлік саудасына ғана емес, елдің тұтастай дамуына ықпал ететінін жоққа шығаруға болмас. Мәселен, 2006 жылдың шілде, тамыз айларында болған Израиль мен Хезболла арасындағы кикілжің тұтынушылар мен инвесторлардың сеніміне селкеу түсірді. Салдарынан баспанаға сұраныс та, тапсырыс та күрт құлдырады. Бірақ 2007 жылдан бастап нарыққа қайтадан жан біте бастады. Экономикасының әлеуеті зор болғандықтан, АҚШ-тың жылжымайтын мүлік нарығы террорлық актілердің зардабын тартқан емес. 1997 жылдан 2006 жылға дейін Нью-Йорктағы тұрғын үйлер құны тұрақты өсті. Тіпті 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі терактіден соң да бас­пана бағасы құлдыраған жоқ. Атышулы оқиғадан 2 айдан кейін-ақ нарық қалыпты даму жолына түсті.  Ішкі сұраныс жоғары болғандықтан ірі лаңкестік шабуылдың өзі АҚШ-тағы тұрғын үй құнына кері әсерін тигізе алмады. Алайда туристік нарық айтарлықтай зардап шекті. Шетелдік туристерден түскен қаражат көлемі 2000 жылы 17 млрд АҚШ долларын құраса, 2001 жылы 15 млрд доллар, 2002 жылы 14 млрд долларға дейін түсіп кетті. Тек 2003 жылы ғана АҚШ-қа қонақ болып келген шетелдіктер ел қазынасына 18 млрд доллар құйды. 2015 жылдың қарашасында Парижде болған теракті де жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаны құлдырата қоймады. 2015 жылдың IV жартыжылдығында қаладағы баспана бағасы шамамен 0,4 пайыз көтерілсе, 2006 жылдың І жартыжылдығында 1,2 пайызға артқан. Тіпті атышулы оқиға болған «Батаклан» театры орналасқан 11-округтың өзінде бағалар 0-5 пайыз аралығында көтерілген. Соңғы жылдары Франциядағы жылжымайтын мүлік нарығындағы 4 пайызға дейінгі ауытқу қалыпты құбылыс саналады. Қалай десек те, оқиғалар мен құбылыстар арасындағы өзара тәуелділіктің болуы заңды. Алайда нарықтың өсіміне оң әсер ететін және кері ықпал ететін оқиғаларды шатастыруға болмайды. Мәселен, Израиль нарығында өсім бар, алайда бұл терактілердің кері әсері жоқ деген сөз емес. Лаңкестер ойран салмаса, нарықтың өсу қарқыны қазіргіден де жоғары болатынын ұққан жөн.  Францияда да дәл осы жағдай: лаңкестік шабуылдар болмағанда елге келетін туристер легі көбірек болып, баспана сұранысы жоғары болар еді. Сәйкесінше жылжымайтын мүлік бағасының өсімі де айқын білінері күмәнсіз болатын.

Серіктес жаңалықтары