Ақтауда Адай жылқысының мәртебесін растайтын куәлік берілді
Бұл өз кезегінде жылқы өсірушілерге осы тұқымды сақтау, өсіру және насихаттау үшін тиімді болмақ.
Ақтауда Ұлттық зияткерлік меншік институтының, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Әділет министрлігінің өкілдері «Асыл тұқымды адай жылқысы» заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер бірлестігіне «Адай жылқысы» брендін пайдаланудың айрықша құқығын растайтын куәлік табыс етті, деп хабарлады turkystan.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Осылайша адай тұқымды қазақ жылқысының ерекше қасиеттері енді заңды түрде бекітілді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев адай жылқысын асыл тұқымды мал ретінде тану керектігін айтқан еді.
Ол үшін Маңғыстауға Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институтының мамандары келді. Заманауи технологияларды қолдана отырып, сарапшылар жылқылардың генетикалық құрылымын анықтау үшін ғылыми сынақтан өткізді.
Ұлттық зияткерлік меншік институты директорының орынбасары Айдын Артықова зерттеу жұмыстарының нәтижелерін ескере отырып, қазақтың адай жылқысының ерекшеліктері енді заңды түрде қорғалғанын айтты. Бұл өз кезегінде жылқы өсірушілерге осы тұқымды сақтау, өсіру және насихаттау үшін тиімді болмақ, сонымен қатар ұлттық ойындарды, соның ішінде көкпар мен бәйгені насихаттауға ықпал етпек.
«Ұлттық зияткерлік меншік институты әрқашан ұлттық брендтердің қорғалуы мен сақталуын мұқият қадағалайды. «ҚазПАТЕНТ» географиялық ерекшелігіне қарай Алматы апортынан кейін адай жылқысының тұқымын патенттеді. Тұқымның жаңашылдығы, ерекшелігі мен біртекітілігі, сонымен қатар, ғылыми, патенттік критерийлерге сәйкестік, оның ұлттық брендке айналуына мүмкіндік берді. Айрықша құқықтардан басқа, патент иесіне 30 жылдық қауіпсіздік мерзімі беріледі. Патенттер тек адай тұқымына ғана емес, оның 2-типі мен 3-желісіне де берілді» - деді Айдын Артықова.
Маңғыстау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов Қазақстан Президентіне адай тұқымды қазақ жылқысының мәртебесін нығайтуға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.
«Мамандар адай тұқымды қазақ жылқысын ұлттық бренд ретінде тану үшін үлкен жұмыс атқарды. Ол үшін Маңғыстауға ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік инспекция комитетінің арнайы мемлекеттік комиссиясының мүшелері шақырылды. Сарапшылар облыстың барлық аудандарындағы 1400-ден астам жылқыларды зерттеді. Нәтижесінде адай жылқысының бірегейлігін растады. Маңғыстау ақсақалдарының атынан Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қазақтың адай жылқысының мәртебесін алуға қолдау көрсеткені үшін алғысымызды білдіреміз, - деді Серікбай Төлетов.
Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев патент алу жұмыстың маңызды бір бөлігінің аяқталғанын, дегенмен атқарылатын жұмыстардың басым бөлігі әлі алда екенін жеткізді.
«Президенттің тапсырмасы бойынша жүргізілген жұмыстың арқасында адай тұқымды қазақ жылқысы қазір Қазақстанның ұлттық бренді болып табылады. Бұл мақтаныш сезімін тудыратын маңызды жетістік. Біздің басты мақсатымыз – ата-бабаларымыздың мұрасын құрметтеу арқылы ұлттық болмысымызды сақтау. Мұндай мәртебе алу тұқымның бірегей генетикалық қасиеттері мен мәдени мұраны сақтауға, селекциялық бағдарламаларды дамытуға, тұқымды сақтап қалуға және сапасын жақсартуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Сондай - ақ асыл тұқым мәртебесі халықаралық жарыстарда мемлекет мүддесін қорғауға және туристерді тартуға ықпал етеді, - деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
Қазақтың адай жылқысы Арал-Каспий ойпатының аумағында жергілікті жылқы популяциясының көпжылдық халық селекциясы негізінде қалыптасты. Бұл тұқымның жылқылары жергілікті қатал табиғи-климаттық жағдайларға жақсы бейімделген. Сыртқы ерекшеліктерге айрықша төзімді және күтіп-баптау жағдайларына тез бейімделеді.