Елордада 2024 жылы 25 мектеп салынады
Ал 2028 жылға дейін 200 мың оқушыға арналған 80 мектеп салынады.
2028 жылға дейін Астанада 200 мың оқушыға арналған 80 жаңа мектеп салу жоспарлануда. Нәтижесінде мектептердегі орын тапшылығы мәселесін толық шешеді. Бұл туралы ӨКҚ брифингінде Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мәлім етті, деп хабарлады turkystan.kz қалалық әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
2023 жылы Астанада 11 мектеп ашылып, пайдалануға берілді. Олар 3 білім беру мекемесінде үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге мүмкіндік берді.
Оқу жылының соңына дейін тағы төрт мектеп пайдалануға беріледі.
2024 жылы 25 орта білім беру мекемесінің құрылысы жоспарланған, ал 2028 жылға дейін 200 мың оқушыға арналған 80 мектеп салынады.
«Аталған мектептердің құрылысы үш ауысымды оқытатын 8 мектеп пен қаланың 16 тығыздалған мектебінің мәселесін толығымен шешеді. Қабылданған шаралар 2035 жылға дейін орын тапшылығы мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді», - деді басқарма басшысы.
Балаларды жайлы және қауіпсіз ортамен қамтамасыз ету мақсатында барлық білім беру ұйымдары 100% цифрлық бейнебақылау камераларымен, турникеттермен, дабыл түймелерімен және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар ағымдағы оқу жылында балаларды сапалы тамақтандыруға арналған төрт апталық мәзір әзірленді, 98 мектепте 95 576 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді (1-4 сыныптардың 91 126 оқушысы, әлеуметтік осал топтардың 5-11 сыныптарының 5 450 оқушысы).
Өткен жылы білім басқармасының жанынан Астана қаласының тамақтану сапасын бақылау жөніндегі ведомствоаралық сараптамалық топ құрылды. Топ тамақтану сапасының мониторингі жөніндегі комиссиялардың (бракераж комиссиясының) қызметіне жүйелі мониторинг жүргізеді және оқушылардың тамақтануын тиімді ұйымдастыру жөнінде шаралар қабылдайды.
Спикердің айтуынша, 2026-2027 оқу жылға қарай қалада оқушылар санының жыл сайын өсуіне байланысты 5 мың педагогке қажеттілік туындайды.
Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін жыл сайын жергілікті бюджет есебінен педагогикалық мамандықтар бойынша 1000 орынға мемлекеттік тапсырыс жүзеге асырылады (бүгінде мемлекеттік білім беру гранты бойынша 4 мыңнан аса студент оқиды).