Шәкәрім және бүгінгі қазақ қоғамы

«...Сондағы ме­нің ойым, мақсатым не? Білесіңдер ме? Қал­ған өмірімді жазумен, ізденумен өткізбек бол­ғам. Сол ойымды, тапқанымды жазып, кейін­гіге қалдырмақ болдым. Өз заманым үшін жазғаным жоқ. Келер дәуірдің адамы үшін жаздым. Адамның арты бүгінгілер емес, кейін де келешек те бар. Өмір жаңара бер­мек, өмір жаңасы – адам тазара бермек... Та­рих­тың алтындай тазасы, алмастай асылы жаңа дәуірдің іргетасы болмақ. Сол ірге­тас­тың бір керегіне жарарлық тас сынығын тап­пақпын, соны жазбақпын».

Шәкәрім және бүгінгі қазақ қоғамы
1269

Былтыр Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл толды. 1858 жылы 24 шілдеде туған. Әкесі Құдайберді ерте дүниеден өтіп, сегіз жасында әкесіз қалған Шәкәрім әуелде атасы Құнанбайдың тәрбиесінде болады. Шежіресінде Құ­нанбайға арнайы тоқталған ақын бұл жайында былай дейді: «Мен пақыр өз әкем өлген соң ұлы атамыз қажы марқұмның тәр­биесінде қалсам да, бұрыннан ауылымыз, қыстауымыз бөлек бол­ғандықтан және қажы марқұм мені жетім деп аяп, қысып оқы­та алмай, ғылымнан махрұм қалып, жетімдікті сылтау қылып, ойы­ма не келсе, соны істеп, әдепсіз, ғылымсыз өстім. Әйтсе де, түр­кі танып, орысша хат танып қалдым». Әрине, Шәкәрімнің «әдеп­сіз, ғылымсыз өстім» деуін данышпанның ой биігінен қара­ғанымыз абзал. Ақынның өз-өзіне аса биік талап қоя, өзін ащы сын­ның құрсауына сала сөйлеуі бүкіл шығармашылығында көрі­ніп отырады. «Бойдағы мінді санасам, тау тасынан аз емес, жүре­гімді байқасам, инедейін таза емес», – деген ұстазы Абайдың мін­­­шілдік кредосын ғұмырына бойтұмар еткендей...
Шәкәрімнің өз атасы – Құнанбай, арғы атасы – Өскенбай би болса, түп нағашысы – қазаққа белгілі Ағанас би. Ше­шесі – аса адал, оқыған Алдабергеннің қы­зы Төлебике (ел ішінде қолының жо­март­тығына қарай, дәметіп келген жарлы-жақ­пай­ды бос қайтармаған соң Дәметкен ат­а­ған) ақынның ұлы Ахат ақсақалдың жазуын­ша, бірнеше тіл білген сауатты, он саусағынан өнер тамған шебер, өлеңге де ебі бар ақын адам болған деседі. «Құдайберді бала­лар­ы­ның ішінде жасынан басқа балаларынан гөрі қылығы өзгеше, зейінді, сезімі сергек, зерегі Шәкәрім болды» (Ахат естелігінен). Құнан­бай бір сөзінде: «Адал бол, Шәкәрім. Сенің екі нағашың да адал болған. «Ер тағайына тар­тады» деген мәтел шын. Мен олардың адам­гершілігіне, адалдығына ырза болып, құ­да болғам. Сенің адал болар жөнің бар», – дейтін (Ахат естелігінен). Анығында, Шәкәрім бес жа­сынан Өтебай деген молдадан хат танып, өз шешесінен араб, парсы тілін меңгеріп, Әмір ағасынан домбыраны үйренеді. Абай­мен араласатын орыс достарынан орысшаға қанады...
Құдайбердінің өлімі Абайға қатты бат­қан. «Қазақ үйден әйел-еркектердің шу етіп жылаған дауыстары шықты. Әкем өлді. Біз тыс­қа шықтық. Абай мені құшақтап, көп жы­лады...», – дейді Шәкәрім. Өкпе ауруы Құ­нан­бай ұрпақтарына қасірет боп жабысты. Құ­­дайберді ғана емес, Абай балалары Әб­дірах­ман мен Мағауия да осы дерттен көз жұм­ды. Шәкәрім де жас кезінде осы аурумен ауырып, Абай Курбатов деген дәрігерге қаратып, айыққан екен. Әкеден ерте қалған Шә­кәрімді Абай қойнына алып жатып жас­тайынан тәрбиелеп, кемелдікке жетуіне үл­кен қарекет етті. «Мені Абай тәрбиеледі. Абай болмағанда мұндай болуым неғайбыл еді», – дейтіні сондықтан ақынның.
Демек, Абай – Шәкәрімнің ағасы, – де­сек – ол екі ақын арасын ашатын анық­­­­­тамалыққа аздық етеді. Ш.Құдай­бер­ді­ұлы Абайдың арқасында қазақтың сахара­сы­на білім мен ғылымның шырағын жағып кет­кен асылдардың біріне айналды. Ғұмыр­бая­нын сүзген адам Шәкәрім ақын ғылым­ның бар саласына қызығушылық танытып, зердесіне қондырғандығын байқайды. Ахат естелігіне бақсақ, Шәкәрім жаратылыстану ғылымына терең бойлап зерделеген. Тас пен то­пырақтың қасиетін зерттеп, күндегі қол­данысына жаратқандығын айта келіп: «Ал айуан, өсімдіктерді зерттеу байқауында қы­зық­ты болжамдары бар. Оларды келешекке қал­дырдым», – деген Ахат ақсақалдың ай­тары өкінішке орай бізге жетпеді... 
Ақын, ойшыл, тарихшы, теолог, философ, әнші-композитор сияқты қасиеттерді Алла бір басына тоғыстырған толағай тұлға Абай салған сара жолдан таймай, туған халқының болашағы жолында барлық күш-жігер, ақыл-парасатын сарқыды. Атаның қаны, ананың сүтімен келген Шәкәрім бойындағы шын­шыл­дық пен сыншылдық қасиетті Абай қам­шылай отырып ширатты. Ұстазының руха­ни азығын мейілінше бойына сіңірген Шәкәрім Құдайбердіұлы – Абай аңсаған ТОЛЫҚ АДАМ деңгейіне жеткен жан. Сол се­бепті де Шәкәрім маңындағы елге ғана емес, тұтас ұлтқа қарата сөз айта алды. Қа­раң­ғылықтың қапасында жатқан халқын Абай­ша сынады, сөзбен қамшы басты оларға. Ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен ел қор­ғайтын заман емес, ендігі жау сыртта емес, іште еді. Іште болғанда өз ішіміздегі на­­дан­дық, жалқаулық, алауыздық, жағым­паз­дық, өсек пен өтірік, мақтан мен ысырап­шыл­дық сияқты мың сан кесірмен Абай жал­ғыз алысса, «ғаскерім – өлеңім мен сөз­де­рім» деген Шәкәрім де осылардың артынан шам алып түсті. «Айналам – дау, жанжал, өті­рік, ұрлық, қанау, талау, надандық, жуан­дық, зорлық, мақтан, мансапқұмарлық, пар­тия, озбырлық, қорқаулық, жалқаулық, ұрыс-төбелес, міне менің өмірім. Мен осы­лармен жағаласып, арпалысып өмірімді өт­кіз­дім», – деген еді қажы. (Ахат естелігінен). 
Арпалысудағы, елді сынаудағы мақсат не? Қарақан басын ойласа байлықты да, би­лікті де көрді. Өзі аса пейіл бермесе де ел ішін­дегі қиян-кескі партия тартысын тию мақ­сатында Абайдың қолқалауымен екі-үш рет амалсыздан болыс болды. Өз сөзінде: «...Абай маған «әкімшілік қолында болған адам елді жемей, қиянат қылмай, партия, дау-жан­жал­ға кіріспей отыра алмайды. Кіріскен адам ардан айрылады. Білім қуудан қалады», – деп құлағыма құя беретін. Сондықтан болыс­тыққа құмар болмадым», – дейтіні бар. (Ахат естелігінен) «Жас өмірдің арасы... бос өткенін қара­шы», – деп кейіннен опынады осы жыл­дарына. Ақ пен қызыл таққа таласып, ара­сын­да Алаш азаматтары қазақты ел етемін деп жанталасқан кезеңде Алаштың төбе биі бо­лып билік айтатыны бар. Бірақ ел әлі алауыз­дық пен надандықтың шырмауында жат­қанын сезіп, бұл қызметтен де бойын аулақ салды. 1929 жылдары Алматының та­рих институты ғалым ретінде аттай қалап ша­қырғанда да, Саят қорасын сая көріп қағаз бе­тіне түсер болашақ қазынасымен оңаша қал­ды. «Арымды сатып бақ алып, мансап тап­қанымша, көптің адалын жақтайын, көп­ке жағайын, көргенімді, білгенімді бар адам ба­лас­ы үшін жазайын, наданның көзін ашайын», – деген ақынның азаматтық ұста­нымы бүгінгі өзін зиялыға санайтындарға сабақ.
Өз-өзіне көңілі толмау – даныш­пан­дық­­тың белгісі. Қазақты сынаса Абай, одан қалды Шәкәрім сынасын. Бүгінгі ұр­пақ содан сабақ алуы тиіс. Сынды өзінен бас­тайды Шәкәрім:
Айна қойдым алдыма,
Көрейін деп өзімді.
Екі құлақ тарс бітіп
Шел басыпты көзімді, – деп басталатын өлеңін­де өзіне қамшы басады, жанын жеп опынады. Болыстық қылған жылдарын:
Қарасам мақтау айнадан – 
Әлемнен озған мен бір жан:
Ел құтқарған топаннан
Тобықтының Нұхымын, – деп бейнелей­тіні бар. Ащы сарказм. Отызында бір айдай тілі байланып, сөйлей алмай қалған ақын же­ті жасынан жазған-сызғандарын өртеп жі­берген екен. Қай шығармасының асығыс жа­зылып, қайсысының осал тартып жат­қа­нын тайға таңба басқандай етіп айтып оты­рыпты. Ешқандай арнайы оқу оқымаған, тек Абай­дың алдын көріп, одан соң Абай нұс­қауы­мен түрлі оқығандармен пікірлесе жү­ріп білім жинап, бастысы өз талабы мен ерік-жігерінің арқасында Шәкәрім сол за­ман­­дағы ең білімді адамдардың қатарына шық­­қан екен. «Сол кезде шығыс әдебиет­те­ріне Шәкәрімдей жүйрік адам көргем жоқ. Шы­ғыс әдебиетіне берілуіме себеп болған ұста­зым – Шәкәрім», – дейді М.Әуезов бір с­ө­зін­де.
Өмір бойы ізденумен, білімін шың­даумен өткен Шәкәрімнің бір қай­ғы­сы – оның қарекетінің дұрыс-бұрыстығын ай­тып тең сөйлесер замандасының, асыл сө­зіне баға берер көзі ашық адамының бол­мауы. «Ұқтырарлық пенде жоқ, жалған бас­қан жерімді», – деп ақын заманынан озық ту­ған ойшыл Абай кеткен соң жалғызсырап, шын сорлап қалады. Жанынан сырлас тап­па­ған ол алыстағы Толстойға хат жазып, ақыл-кеңесін алып отырады. «Танбаймын, шә­кіртімін Толстойдың», – деп жазушыны шын ұстаз тұтады.
Кешегі Шәкәрім сыны – бүгінгіге сабақ. Өйткені ақынның әр сөзі өміршең:
Тағы да талай сөз жаздым,
Елім тәлім алсын деп.
Қазақтың мінін көп қаздым,
«Адам емес, аңсың» деп, – деген Шәкәрім­нің сөздерінен бүгінгі ұрпақ қаншалықты тә­лім алудамыз? Жай адам тұрмақ қазақтың зия­лысымын дегендер ақынның шығар­ма­ларын атап бере алар ма екен? Алған тәлім сол, үлкен-кішіміз жарыса ақынның туған кү­нінде суфлерға қарап, өлеңін ойсыз көз­бен ежіктей тақпақтап, TikTok-қа шығудан әрі аспай жүрміз...
«Бұл елде басты жұмыс – ел қыдырмақ, бай ауылға түстеніп пайда қылмақ», елдің си­қы бүгін де аса түзеліп кетті деп айта ал­мас­пыз. Осы күнге дейін халықаралық дең­гей­де өткізіліп жатқан түрлі форумдар мен сим­позиумдар, конференция мен басқосулар қазақты ендігісі технократ жасау керек еді. Әлде өзіміздің иісалмастығымыздан болар, бас­қасын айтпағанда ішер ас пен киер киім­ді көршіден тасуды тоқтата алмадық. «Қазақ та қажытты, күнім жоқ жиынсыз», – деген Шә­­кәрім атамыздың заманындағы күлтө­бенің басындағы күнде жиын бүгінде асқы­нып кетпесе, бәсеңсіген жоқ. Ел басқаратын әкім-қаралардың дені ала таңнан қара кешке дейін жиналыста. «Жапондардың құпиясы, олар жұмыс туралы есеп бермейді, жұмыс жа­сайды» (Питер Друкер). Ал бізде бәрі кері­сінше. Бүкіл Қазақстан бір-біріне есеп беріп жат­қандай көрінеді, маған.
Салынған қала жоқ,
Оқытқан бала жоқ.
Қолында өнер жоқ
Ғылымда дана жоқ, – деген Шәкәрімнің сө­зіне бір ғасыр болыпты. Не өзгерді? Орыс­қа бодан боп кіргенде бізде бірде-бір қа­ла­мыз қалмаған, Тараздың қаңқасынан басқа. Қа­зіргі қалалардың дені – орыстың салған бе­кіністері. Сол себепті де қалаларымызға не­ше жыл болғанын біле алмай дағдарып жүр­геніміз. Мың жыл, мың жарым жыл де­ген­нің бәрі болжам, нақты құжат жоқ. Ақ­моланы әшекейлеп, бар күш-қуатымызды са­лып, Астана еттік, үш рет атын ауыстырдық. Бол­ды, сонымен тәмам. Ал өңірлер ше? Өкі­ніш­тісі, сол кеңес заманында салынған моно қа­лалар тәуелсіздік алғалы отыз жылда ой­ра­ны шықты. Ауылдар туралы айтуға ауыз бар­майды. Басы бар аяғы жоқ шикі рефор­ма­лардың кесірінен көп ауылмен бірге менің ауы­лым да еш апатсыз, соғыссыз тарих бе­ті­нен жойылды... Оқытқан бала ше? Әрине, Шә­кәрім заманынан бері қазақтың көзі ашыл­ды. Қай жерде, қай елде білім алам десе де, қазақ баласына жағдай жасалуда. Бірақ үз­діктер оқу іздеп шетел асқанымен, қайта ора­лып жатқаны қанша? Ғалымдардың дең­гейі негізінен шетелдік скопус журналына шық­қан мақаламен өлшенер болған соң, қа­зақ ғылымында жаңалық ашу кібіртіктеп тұр, қаржы да мардымсыз. Бөлінген қар­жыны жарата алмаудамыз, өйткені отыз жыл­дық ғылыми тоқырауда ақын іздеп отыр­ған дана ғалымдар да шетке, не басқа са­лаға ауысып кеткен. 
Бүгінгі қоғамның бір дерті атаққұмар­лық болса, «...менің ойымша, атақ алу үшін қылған іс, айтылған сөзде нағыз та­за­лық болмайды. Не тіршілікте, не артқыларға ат қалдыру дегенді тіпті миыма қондыра ал­маймын. Себебі сіз мақтау, жоқтау керек қыл­масаңыз да, қылған іс, айтылған сөзіңіз жа­ратылыс ағымының талқысына салын­бақ­шы. Ол сіздің ісіңіздің бағасын, салмағын аш­пай қоймайды. Сондықтан не іс қылсаңыз да, атақ үшін қылмай, көпке пайда қылу, я көп­ті зияннан құтқару үшін істеу жөн», – де­ген қажы сөзі бүгінгі түрлі сыйлықтар мен ма­рапаттарға арын сатып сайқымазаққа ай­налғандарға, кеудеге тағар темір үшін жо­ғары жаққа телміретіндерге тоқтау бола алар ма екен? Әй, қайдам? Олар өздерін осының ішінде емеспіз деп ойлайды. Олардың ары құрсауланып, көздерін шел басқалы қашан? Өйт­кені «ақыл жоқ бұл қазақта ойға ұнар­лық, өзін-өзі тексеріп, бой сынарлық». Орден мен медальға талас сонау бодандық бұғаудың бір тетігі-тін. «Енді бір көксерлік ісіміз – тас­та­ған сүйекке таласқан Мойнақша орыстың зна­гіне таласып, ата-бабаларымыздың елдік, жұрт­тық сақтап келген бірлік-берекесін жыр­тып алғанымыз», – дейді ақын. Сал­пын­шаққа құмарланғанымыз сонша, алаш кө­семдерінің атына жасалған түрлі жылтырақ-ме­дальдар сатылып, жұрт таласа алып, даң­­­­ғойлықтың шегіне жеттік.
Көретін көзі жоқ,
Ұғатын сөзі жоқ.
Қазақтың бұл күнде
Аты бар, өзі жоқ.
Түзелер кезі жоқ
Түзетер тезі жоқ
Жер жүзі халықтың 
Қазақтан езі жоқ. 
Төбеңнен қос қолдап ұрардай ауыр сөздер. ХХІ ғасырға жеттік дегенімізбен ақын сөзінің астарына үңілсек, осы күйден қаншалықты алыстап кеттік. Біз сол Абайдың, Шәкәрімнің заманынан бері қарай нені жоғалттық, неден айырылдық? Тіл жұтап, дін құбыжықтанып, діл ұлттық реңінен айырылып, салт-дәстүріміздің дауысы алпауыт елдердің айғайының астында тұншығып жатқандай боп сезіледі. Тіл дегеннен шығады, Шәкәрім заманында туған тіл тақырыбы бүгінгідей өзекті болмағанымен сол кездің өзінде «Қазақ балаларының оқу орыс тілінде қойылған мектептерге қашуы неліктен»? – деген мақала жазып, қазақша оқулық тапшы деген желеумен жоғары сатыда (класта) орысша оқуға мәжбүр қазақ балаларының хәлін баян етеді. «Түбінде екі сатылы мектептің екеуінің де ана тілінде болатынына сөз жоқ», – деген ақын болжамы бүгінде қандай күйде? Балабақша мен мектептердің барлығы тек қазақ тілінде ғана болуы қажет. Енді күлбілтелей берсек, өзі қан-сөлсіз қалған қазақтың тілінен біржола айырыламыз. Латын қарпіне көшудің де созылып кетуі осы – айыр тілдің салдары...
Сол кездегі қазақ қоғамының дертін көрген Шәкәрім де Абайдай аласұрды, алысты, қажыды. «Мұндай елде туғанша, бұл сағымды қуғанша, еркін тілді буғанша, жеткізсе нетті қазамды», – деп бұл тірліктен түңілген кезі де болды. Соңында елден жыраққа кетті. Бірақ елді ел қылам деуден танбады. «Надандықтан қираған сүйегін» сүйретіп саят қорасынан сая тапты. 
Мен жетелеп өлемін, 
Өрге қарай қазақты.
Өлсем де ойын бөлемін,
Сөзбен салып азапты.... Бұл – ақын мис­сиясы. Әуелден, «кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық», – деп Абай салған жолменен жас­­тарды білім мен ғылымға шақырған Шә­кә­рім ақтық демі үзілгенше сол қайратынан қайт­пады. 
Адам үшін еңбегім,
Елу бес жыл тергенім.
Қалағанын қарап ал,
Мұрам сол, жастар, бергенім, – деп қал­дыр­­ған ақынның әр сөзінен қазақ сабақ алып, әсіресе жүрегі кірлемеген жастар жағы ру­хани азық еткенде ғана елдің болашағы жар­қын болмақ.
Партия қуған өңкей қырт
Жазылмайтын ол қылқұрт.
Мен тартам ел қайғысын,
Әкімі – залым, биі – әңгүрт
Бай, жуан, әкім, сопылар,
Жемтік көрсе шоқылар.
Бірі алдап, бірі арбап
Талайтын елді осылар.
Ел зарлатқан қулардың
Алдынан зауал тосылар, – деп күйінген ақын­ның сөзінен бүгінгі қоғамның да сиқын көре­міз. ХХІ ғасырдағы асқынған дертіміздің бірі – жемқорлық, парақорлық болса, осы жол­­­­дардың кейіпкерлері соны жасап жат­қан. Демек, ғасыр бұрынғы дерт дендеп кет­­­­песе, сылынбапты. «Бар жұмыс – алдау мен ұрлық, пара». Екі күннің бірінде парамен ұста­лып жатқан шенділер, жыл өтпей орын ауыс­тырып жүрген бастықтар. Осыдан ба­рып «жақсылардың біріне біреуі қас» қоғамда уәде мен сөзде пәтуа қалмай, билік атаулы­ның ішін тұрақсыздық, келер күнге деген сенімсіздік кеулеп бара жатқандай...
Қорқамын деп адамнан Құдай жасап,
Ойында жоқ жаратқан бір Құдайы, – де­гендей құдайдан емес, адамнан қорқатын за­манда өмір сүріп жатырмыз. Бір күндік тақ, мансап үшін бастығының алдында жа­ғына жалпылдаған ептілердің қарасы Шә­кә­рім­нің заманынан әсте азаймаған сыңайлы. Тұң­ғыш президентке отыз жыл бойы ода айт­қан жағымпаздар жүріп келе жатып тә­піш­келерін ауыстыра қойды да, кемел адам ке­меңгерім деген әуенге салып, жырлай жө­­нелді. Бірақ тумысынан текті пре­зидент жа­ғымпаздар жарапазанын жақтыра қой­мады... Бодандықтың бізге жұқтырған ең ке­селді індеті ол – осы жағымпаздық. Қазақ жа­­ғымпаздардың көзін жой­май, ел болудан қа­лады... 
Зұлымдық қылып елді жеп,
Ойладың әбден байырды.
Атану үшін мырза деп
Кәріпке бердің қайырды. Отыз жыл бойы ел­дің байлы­ғын сорып, қайыршыға ұстат­қан­­дай қып тиын-тебен үлес­ті­ретін жақ­ша­ның ішіндегі «атым­тай жомарттар» арамызда жүр. Шә­кәрім заманындағы «Құдайға пара бе­ріп, Тәңірін малмен алдағандар» бү­гін­де ме­шіт салып жарысуда. Ал қажы айтатын «ша­ла дін мен қате пәннің соңына ергендер» қо­ғамның шырайын бұзуда. «Шыннан өзге Құ­дай жоқ, Анық Құдай – шын Құдай», – де­ген ойшыл сөзінің астарын ұқпай жүрміз. «Ра­хым, ұят, ар, ынсап – төртеуі болса, дін бо­лар». Міне – діннің қарапайым анықтама­сы. Шәкәрім ежіктеген таза дін мен шатақ дін­ді ажыратудың орнына сақал мен хид­жаб­тың дауын өршелене үрлеген қазақ қо­ға­мы қорқынышты болып бара жатқандай. 
Бүгінгінің тағы бір кеселі – шектен шық­­қан ысырапшылдық. Мал ша­шып, борышқа (кредитке) кіріп, тірнектеп жи­ғаныңды елді сорған банктерге беріп, со­­­ларды семірту. Ақынның «Қайтер едік жі­гіт­тер, тым қымбатты кимесек, мақтан үшін бо­рышты үсті-үстіне үймесек», – деп баста­ла­тын «Шаруа мен Ысырап» атты ұзақ өлеңі бай­дың малын шашып, кедейдің артын ашып жатқан тыраш пен ысырапшылдың бей­несін беруде. 
Демек, тәуелсіздік алғаннан бергі уа­қыт­та қазақтың жеткен жетістігі мен қатар кері кет­кен кежірлігі де бар екенін естен шығар­мауы­мыз керек. Біз де Шәкәрім бабамыз сияқ­ты неге өзімізге бір уақыт сынмен қара­масқа. 
Дос мақтайды сен жақсы көрмек үшін,
Дұспан мақтар елірте бермек үшін,
Есептемей есірік елің мақтар,
Көп нені айтса, соны айтып ермек үшін, – дегендей бізде қазір көзге мақтау мен сырт­тан өсектеп ғайбаттау үйреншікті әдетке ай­налды. Жапанға жалғыз кеткен ақынның ақ­тық сөзіне құлақ түрейікші: «...Сондағы ме­нің ойым, мақсатым не? Білесіңдер ме? Қал­ған өмірімді жазумен, ізденумен өткізбек бол­ғам. Сол ойымды, тапқанымды жазып, кейін­гіге қалдырмақ болдым. Өз заманым үшін жазғаным жоқ. Келер дәуірдің адамы үшін жаздым. Адамның арты бүгінгілер емес, кейін де келешек те бар. Өмір жаңара бер­мек, өмір жаңасы – адам тазара бермек... Та­рих­тың алтындай тазасы, алмастай асылы жаңа дәуірдің іргетасы болмақ. Сол ірге­тас­тың бір керегіне жарарлық тас сынығын тап­пақпын, соны жазбақпын». 
Міне, Шәкәрім бабамыздың арманы қазақты ел ету болса, біздің – мына, бүгінгі ұр­пақ­тың кері кетуге еш құқы жоқ. Ақын сөз­дерін көкейге түйе жүрейік, ағайын. Өйт­кені Шәкәрім мұрасы – кешегі мен бүгінгінің ғана емес, ертеңгінің де рухани азығы!


                     Бауыржан Ердембеков,
филология ғылымдарының докторы

Серіктес жаңалықтары