2 түркістандық оқушы әлемнің үздік жоғары оқу орындарынан шақырту алды
Бірі Кореядағы «KAIST» университетінен, екіншісі Гонконг қаласындағы «CityU» университетінен грант ұтып алды.
11-сынып оқушысы Нұрболат Полатхан мен Абдулла Бақтиеровқа әлемдік университеттер арнайы грант бөліп отыр.
Түркістан Білім-Инновация лицейінің оқушысы Нұрболат Полатханға Корея мемлекеті 100 000 АҚШ доллары көлемінде грант бөлмек. Ол өзінің математикадан республикалық және халықаралық олимпиадаларда алған жүлделерімен көзге түскен.
Сондай-ақ, IELTS емтиханынан 7,5 ұпай және SAT емтиханынан 1 510 ұпай жинап өзінің ағылшын тілін де жетік меңгергенін дәлелдеген. «KAIST» университеті әлем бойынша ең үздік 56 университеттің қатарына кіреді.
Сонымен қатар, Түркістан Білім-Инновация лицейінің 11 сынып оқушысы Абдулла Бақтиеров әлем бойынша ең мықты 70 университеттің қатарына кіретін «CityU» университетінен шақырту алған.
«CityU» университеті - Гонконг қаласында орналасқан. Абдулла онда толық грантта оқитын болады. Жас түлек бұл уақытқа дейін информатика пәнінен республикалық және халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделерге ие болған.
Оның үстіне IELTS емтиханынан 7 ұпай жинаған.