Астанада Олимпиада ойындарына арналған штаб ашылды

Штабтың негізгі жұмысы – спортшылардың алдағы жарыстарға сапалы дайындығын қамтамасыз ету.

Астанада Олимпиада ойындарына арналған штаб ашылды
gov.kz

Бүгін Туризм және спорт министрлігі жанынан Канвон-2024 қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы мен Париж-2024 жазғы Олимпиада және Паралимпиадаға дайындық жұмыстарына арналған штабтың ашылуы өтті, деп хабарлады turkystan.kz.

2023 жылғы 13 желтоқсанда спорт сарапшыларының қатысуымен жасөспірімдер Олимпиадасы мен жазғы Олимпиада және Паралимпиадаға Ұлттық құрама командаларының жұмысын ұйымдастыруға арналған штаб құру туралы министрліктің бұйрығы қабылданған болатын.

Аталған штаб Мемлекет басшысының Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті және спорт федерациялары бірлесе жұмыс істеу керек деген тапсырмасын орындау мақсатында құрылды. Штабтың негізгі жұмысы – спортшылардың алдағы жарыстарға сапалы дайындығын қамтамасыз ету. Штаб барлық кешенді жарыстар аяқталғанға дейін тұрақты негізде жұмыс істейтін болады.

Штабтың құрамына 6 адам кірді. Олар – ҰОК спорт департаментінің директоры Елсияр Қанағатов, ҰОК Бас хатшысының орынбасары Серік Сәпиев, туризм және спорт министрінің қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөніндегі кеңесшісі Диас Ахметшәріп, уризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК көркем гимнастикадан команда басшысы Әлия Нұрсафина, Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК спорттық өрмелеуден команда басшысы Нұрсұлтан Алдоңғаров пен «Ұлттық конькишілер федерациясы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің спорттық директоры Бектұр Қиятбай.

Іс-шараға Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері және биылғы әлем біріншіліктері мен халықаралық жарыстардың жеңімпазы мен жүлдегері, спорт журналистері қатысты.