Абай облысында мұз астына түсіп кеткен 5 жастағы бала іздестіріліп жатыр
5 жастағы екі бала Қарақол өзенінде толық қатпаған мұз үстінде ойнаған.
Абай облысында мұз астына түсіп кеткен 5 жасар баланы іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлады turkystan.kz.
22 желтоқсан күні 12:54-те Үржар полиция бөлімінің «102» арнасына учаскелік полиция инспекторының хабарламасы келіп түсті. Ол Таскескен ауылында балалардың бірі мұз астына түсіп кеткенін мәлімдеді.
«5 жасар екі бала ауылдың шетінде орналасқан Қарақол өзенінде толық қатпаған мұз үстінде ойнаған. Мұз жарылып, балалардың бірі мұздың астына түсіп кеткен. Осы сәтте екінші бала ересектерге көмек сұрауға жүгірді», – делінген хабарламада.
Куәгерлер өздерінің учаскелік инспекторына қоңырау шалды. Ол дереу оқиға орнына барып, құтқарушыларды шақырды.
«Баланы іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Аймақтағы су қоймаларында мұздың қалыңдығы қазір 3 см-ге жетпейді», – делінген хабарламада.