Қазақстанда 137 мыңға жуық науқас паллиативті көмекке мұқтаж
Себебі науқас үшін ең маңыздысы – аурудың азабын жеңілдету.
Алматыда халықаралық конференцияда бас қосқан сарапшылар күн тәртібінде паллиативті көмектің ауқымын арттыруды қарады, деп хабарлады turkystan.kz 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Себебі науқас үшін ең маңыздысы – аурудың азабын жеңілдету.
Елімізде паллиативті көмек жүйесі әлі де қалыптасу үстінде. «20 жыл бұрынғыға қарағанда қазір жағдай тәуір», - дейді мамандар. Айықпас дертке шалдыққандарға стационарда және үй жағдайында көмек көрсетіледі.
Дегенмен бұл көмекке мұқтаж науқастардың бәрінің бірдей қолы жете бермейді.
«Қазақстанда қазір жыл сайын 13 мыңға жуық қазақстандық тек қатерлі ісік ауруынан көз жұмады және бұл науқастардың барлығына паллиативтік көмек қажет. Паллиативтік көмек – бұл ең алдымен медициналық көмекті, психологиялық қолдауды және әлеуметтік қолдауды қамтитын шаралар кешені», – деді ҚР ДСМ бас штаттан тыс онкологы Диляра Қайдарова.
Паллиативті көмектің негізгі бағыттарының бірі – онкологиялық ауруға шалдыққан науқастарды қолдау. Дегенмен бұл қызметке инсульт, инфаркт, өкпе аурулары, ВИЧ, СПИД, тіпті психикалық ауытқуы асқынған науқастар да мұқтаж. Заңнамалық тұрғыда арнайы бекітілген тізім жоқ. Себебі паллиативті көмекті қажет ететін жағдай өте көп, - дейді мамандар. Сондықтан онкологиялық емес, басқа да айықпас дертпен ауыратын адамдарға паллиативті көмекті арттыру – кезек күттірмейтін мәселе.
«Паллиативті көмек қандай болу қажет? Бұл жөнінде дәрігерлердің арнайы білімі жоқ. Ол үшін білім беру бағдарламаларын стандарттау керек. Бұл бағдарламалар волонтерлерге, психологтарға, әлеуметтік қызметкерлерге қолжетімді болуы тиіс. Заңнаманы да жетілдіру керек. Бізде балаларға паллиативті көмек көрсету бағыты дамымай жатыр», – деді ҚР Паллиативті көмек қауымдастығының президенті Гүлнара Қоңырова.
Паллиативті көмек өмірінің соңына таяған науқастарға ғана көрсетіледі деген қате түсінік, дейді мамандар. Көмек пациентке диагноз қойылған сәттен басталуы керек. Сонда науқас пен оның жақындарына қиындықты еңсеру жеңілдейді.
«Тіпті өмірден үмітін үзіп келгендерге де жан-жақты қолдау көрсетіледі. Олардың қатарында тәуір болып, өз аяғымен үйлеріне қайтып жатқандар да бар. Сондықтан жалпы осындай қамқорлық жасалып жатқанына ризамын», – деді ем алушы Владимир Елисеев.
Алматыдағы паллиативті көмек орталығы 170 науқасқа арналған. 6 бөлімшеде түрлі ауыр созылмалы ауруға шалдыққан науқастарға көмек көрсетіледі. Дәрігерлердің айтуынша, инсульттен ауыр жағдайға түскен науқастардың 59%-і жақсы динамикамен ауруханадан үйіне шығарылған.