Абай облысының тұрғыны аязда адасып қалған анасын тауып берген полицейлерге алғыс айтты

Іздеу іс-шаралары барысында түнгі сағат бір шамасында жоғалған әйелді Семей қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының инспекторлары Рүстем Әміров пен Зейін Советқалиев тапты.

Абай облысының тұрғыны аязда адасып қалған анасын тауып берген полицейлерге алғыс айтты
Фото: polisia.kz
984

Абай облысының тұрғыны аязды күні адасып қалған анасын тауып берген полицейлерге алғыс айтты, деп хабарлады  turkystan.kz.

Осы жылдың 17 желтоқсанында Семей қаласы полиция басқармасының «102» жедел арнасына қала тұрғынынан оның 52 жастағы анасы түстен кейін белгісіз бағытта үйден кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Әйелдің ауыр психикалық ауруы және мінез-құлқында когнитивті бұзылулар бар екендігі анықталды. Аязды күні далада қалғанын ескерсек, қызы денсаулық жағдайы үшін ғана емес, анасының өмірі үшін де дабыл қақты.

Жеке құрам дереу облыс орталығының жоғалған тұрғынын іздеуге кірісті. Іздеу іс-шаралары барысында түнгі сағат бір шамасында жоғалған әйелді Семей қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының инспекторлары Рүстем Әміров пен Зейін Советқалиев тапты.

«Қаланың орталық бөлігіндегі периметрді патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері Қайым Мұхамедханов көшесіндегі «Dana» сауда орталығының ауданында өзіне бейтаныс жерлерде адасып жүрген әйелге назар аударды. Полиция қызметкерлері әйелмен сенімді байланыс орнатып, тыныштандырып, үйіне жеткізді. Қазіргі уақытта ол туыстарының қасында, оның денсаулығы мен өміріне қауіп төнбейді», - деді полициядан.  

Қызы полицейлерге жедел жұмысы үшін және жақын адамын үйіне қайтарғаны үшін алғыс айтып, оларға зор денсаулық пен қызметте табыс тіледі.

 

Серіктес жаңалықтары