Қазақстан зияткерлік меншікті қорғау туралы бірқатар халықаралық келісімге қосылады

Қазақстан үшін бұл белгілі бір серпіліс.

Қазақстан зияткерлік меншікті қорғау туралы бірқатар халықаралық келісімге қосылады
ortcom.kz

Қазіргі таңда Қазақстан Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы басқаратын 19 халықаралық шарттың қатысушысы болып табылады. Күн тәртібінде еліміздің Марракеш шартына, Өнеркәсіптік үлгілерді халықаралық тіркеу туралы Гаага келісіміне, тауар шығарылған жерлердің атауларын қорғау және оларды халықаралық тіркеу туралы Лиссабон келісіміне қосылуы мәселелері тұр. Бұның маңызын Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында түсіндірді, деп хабарлады turkystan.kz.

Марракеш келісімі зағиптар мен көру қабілеті бұзылған адамдарға немесе басқа да қабілеті шектеулі азаматтарға қызметтерге қол жеткізуді жеңілдетуге, жарияланған жұмыстарға баспа ақпаратын қабылдауға бағытталған. Бұл келісім 2013 жылы қабылданды. Ол кітаптарға, журналдарға және басқа да баспа материалдарына қол жетімділікті кеңейтуге бағытталған.

Марракеш келісімін талқылау аясында Әділет министрлігі 2023 жылдың қыркүйегінде үлкен семинар өткізді. Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының сарапшылары, еуропалық Әділет министрліктерінің өкілдері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың өкілдері қатысты.

«Аталған шарада адамдардың білімге қол жеткізуін қамтамасыз етудің және одан әрі әлеуметтенудің негізгі ережелері мен маңыздылығы талқыланды. Гаага келісімі де өте маңызды құжат. Қазақстан үшін бұл белгілі бір серпіліс, өйткені осы келісімге қосылғаннан кейін біздің өтініш берушілер ДЗМҰ халықаралық бюросына бір өтінім беру арқылы өнеркәсіптік үлгілерді тіркей алады. Бұл көптеген ел мен аймақта бір процедуралық қадамда өз үлгілерін қағазбастылықсыз қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Лиссабон келісімін де атап өту керек. Бұл - Қазақстанның үлкен жетістігі. Осы бағытта жұмыс басталды. Оның арқасында халықаралық аренада ДЗМҰ шеңберіндегі бірыңғай рәсімнің көмегімен географиялық көрсеткіштердің шыққан жерлерінің атауын қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл шет мемлекеттерде қорғалу үшін бір тілде ыңғайлы әрі үнемді форматта өтініш беруді қамтамасыз етеді», – деп түйіндеді спикер.