Сәрсенбі, 7 Желтоқсан, 2022

Мырзагелді КЕМЕЛ: Кез келген реформа сатылап жүзеге асуы керек

– Мырзагелді аға, сіз Парламент Мәжілісінің үш шақырылымында депутат болдыңыз. «Мемлекеттік басқарудың теориясы мен тәжірибесі» оқулығының авторысыз. Сондықтан Елбасы Үндеуінің негізгі мазмұны – Конституциялық реформа туралы сіздің пікіріңізге ден қойсақ деп едік. Әуелі мынаны айтыңызшы, Конституцияға енгізілетін өзгерістер қандай мәселелерді қамтиды?

– Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда қабылданған. Содан бері 4 рет – 1998 жылы 21 наурызда, 2003 жылы 24 сәуірде, 2007 жылы 21 мамырда және 2011 жылы 2 ақпанда қаралып, 59 өзгерістер мен толықтырулар енгізілген екен. Бұл жолғы қаралуға 18 өзгеріс пен толықтыру ұсынылыпты. Ұсыныстарды талдай келе, Конституцияға енгізілетін түзетулер мемлекеттік билік тармақтарының өкілеттігіне өзгерістер енгізу арқылы олардың кейбір құзыретін жаңаша айқындап және жауапкершілігін арттыратынына көз жеткізуге болады. Бұл, сөз жоқ, олардың қызметін жақсарта түсетін болады.

– Билік тармақтарының ішінен алдымен Үкіметке берілмекші өкілеттік пен жауапкершілік жөнінде бастасақ.

– 44-баптың 8 және 9-тармақшаларын алып тастау ұсынылып отыр. 8-тармақтағы: «Республиканың мемлекеттiк бағдарламаларын бекiтедi» деген өкілеттік жобада Үкіметтің қарауына беру ұсынылды. Бұл орынды, ол Үкіметтің құзіретін арттырумен бірге жауапкершілігін де арттырады. 9- тармақтағы «Республика Премьер-министрiнiң ұсынуымен Республиканың мемлекеттiк бюджетi есебiнен ұсталатын барлық органдардың қызметкерлерiне арналған қаржыландыру мен еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесiн бекiтедi» деген ереже бұрын Президентте болған болса, енді Премьер-министрдің өзіне берілмек. 66-бапта: 1-тармақша: «Үкімет мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабiлетiнiң, қауiпсiздiгiнiң, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етудiң негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады» деген мәтіннен кейін: «Республика Президентiнің келісімімен мемлекеттік бағдарламаларды бекітеді және олардың орындалуын қамтамасыз етеді» деген сөздер қосылмақ. Содан соң, 8-тармақшадағы: «Үкiмет құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың басшыларын қызметіне тағайындайды және қызметінен босатады» деген жолдар: «Үкiмет құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдарды құрады, таратады және қайта ұйымдастырады, олардың басшыларын қызметіне тағайындайды және қызметінен босатады» деп өзгертілмек. Бұл – қисынды ұсыныс. Ал 64-баптың 9-тармағына бұрын Президенттің өкілеттігінде болып келген өкілеттіктің Премьер-министрге берілуі ұсынылуына байланысты жаңа тармақша қосылды. Ол – «9-1) мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын барлық органдардың қызметкерлері үшін еңбекақы төлеуді қаржыландырудың бірыңғай жүйесін Республика Президентiнің келісімімен бекітеді».

– Қоғамда «Парламенттің рөлін күшейту керек» деген пікір жиі айтылады. Мұндай реформаға, әсіресе, өзіңіз депутат болған екінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісі белсенді түрде ұмтылған еді. Ол тұста, рас, саяси партиялардың да белсенділігі жоғары болды. Жағдай қазіргіден басқаша болатын… Ал енді, арада он жылдан астам уақыт өткенде сол «тілек» орындалғалы отыр. Президент өзі бастамашы болып отырған реформа бойынша Парламентке қатысты қандай өзгешелік болмақ?

– Бұл өзгерістер мен толықтырулардың кейбірі Парламентпен бірге Үкіметке де тікелей қатысты. Жобада 45-баптың 2-тармағын және 53-баптың 3-тармақшасын алып тастау ұсынылған. Оның мәнісі мынада: 45-2: «3. Конституцияның 53-бабының 4-тармақшасында көзделген ретте Республика Президентi заңдар шығарады, ал 61-баптың 2-тармағында көзделген ретте Республиканың заң күшi бар жарлықтарын шығарады». 53-3: «3) Президентке оның бастамасы бойынша әр Палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің даусымен бір жылдан аспайтын мерзімге заң шығару өкілеттігін беруге хақылы». 61-2: «2. Республика Президентiнiң заңдар жобаларын қараудың басымдылығын белгiлеуге, сондай-ақ осы жоба жедел қаралады деп жариялауға құқығы бар, бұл Парламент заң жобасын енгiзiлген күннен бастап бiр ай iшiнде қарауға тиiстi екенiн бiлдiредi. Парламент осы талапты орындамаса, Республика Президентi заң күшi бар Жарлық шығаруға хақылы, ол Парламент Конституция белгiлеген тәртiппен жаңа заң қабылдағанға дейiн қолданылады». Бұл үш тармақ пен тармақшалар бір-бірімен байланысты. Конституцияның 36-бабының 3-тармағындағы: «Мәжiлiс таратылған жағдайда Парламенттiң конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау жөнiндегi қызметiн уақытша, Мәжiлiстiң жаңа құрамы сайланғанға дейiн Сенат атқарады» деген ережеде көрсетілгендей, Сенат таратылмайтындықтан, яғни Парламентте үздіксіз жұмыс атқарылатыны нақтыланғандықтан 53-3-тармақтағы ереже қажетсіз. Сол секілді, жаңа айтқан 62-2-2 тармақшадағы ереже де қажетсіз болып қалды. Кәсіби Парламент өнімді еңбек ету жолына түскеніне ондаған жылдар болды. 57-баптың 6-тармақшасында: «6) Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша Республика Үкіметі мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есептерін тыңдауға хақылы. Есепті тыңдау қорытындылары бойынша Үкімет мүшесі Республика заңдарын орындамаған жағдайда Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен оны қызметтен босату туралы Республика Президентіне өтініш жасауға хақылы. Мұндай жағдайда Республика Президенті Үкімет мүшесін қызметінен босатады». Осы жердегі «көпшілік даусымен» деген сөздер «үштен екісінің» деген сөздермен алмастырылып,  «Егер Республика Президенті мұндай өтінішті қабылдамай тастаса, онда депутаттар Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен алғашқы өтініш берілген күннен бастап алты ай өткеннен кейін Республика Президентінің алдына Үкімет мүшесін қызметінен босату туралы мәселені қайталап қоюға хақылы» деген сөздер алынып тасталды. Бұл өзгерістің мағынасы мәселенің шешімін алты айға дейін күтіп жүргенше, жақтап дауыс беруші депутаттар санын көбейту арқылы жеделдету ұсынылған. Бұл – қисынды ұсыныс. Сол секілді, 64-баптың 2-тармағындағы «Конституцияда көзделген жағдайларда» деген сөздер алынып тасталып, «Үкімет алқалы орган болып табылады және өзінің бүкіл қызметінде Республика Президентінің алдында жауапты» деген жерге: «Парламент Мәжілісінің және Парламенттің алдында жауапты» деп қосылды. Бұл жерде де Парламенттің өкілеттігі артып тұр. «Парламент Мәжілісінің» және «Парламенттің» жеке-жеке аталуының өзі де бұл екеуінің әрқайсысы өз алдына конституцияда белгілеген өкілеттік шегінде жұмыс атқара алады деген сөз. Ал 65-баптың 2-тармағына: «2. Премьер-министр тағайындалғаннан кейiнгi он күн мерзiмде Республиканың Премьер-министрі Үкiметтiң құрылымы мен құрамы туралы Республика Президентiне ұсыныстар енгiзедi» деген мәтінге «Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін» деген сөздер қосу арқылы Парламенттің рөлін арттыру көзделген.

– Парламенттің рөлі артса, депутаттардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігі арта ма?

– 44-баптың 8-тармақшасындағы: «(Үкімет) Республиканың мемлекеттiк бағдарламаларын бекiтедi» дегенге: «бұл өкілеттікті бекіту Президенттен алынып, Үкіметке берілер алдында Парламент палаталарының келісімін алған жөн емес пе?» деген ұсыныстар болды. Бұл ұсыныспен келісуге болмайтын жағы бар. Депутаттар өздерінің мәртебесі туралы бұрынырақтағы заңда, сайлаушылардың аманатын арқалап келген соң, өзінің өкілеттілік мерзімі біткенше олардың алдында жауапты болатын, олар өзі келген өңірлердің мүддесін қорғауға міндеттелген еді. Сол кездері өздері сайланған өңірлерде түрлі нысандар салғызу үшін ұдайы талас болатын. Ол жағдай енді қайталанбағаны дұрыс. Ал 67-баптың 4-тармақшасында мынадай толықтыру бар: «Үкiмет қызметiнiң негiзгi бағыттары және оның аса маңызды барлық шешiмдерi туралы Президентке баяндап отырады» деген мәтінді «Парламент Мәжілісіне» деп толықтырылу ұсынылып отыр. Бұл Үкіметтің Парламент Мәжілісінің алдында жауаптылығын күшейтеді. Сол секілді, 70-баптың 1-тармағына мынадай ұсыныс енгізілген: «1. Үкімет жаңадан сайланған Республика Парламенті Мәжілісінің алдында өз өкілеттігін доғарады». Бұл өкілеттік бұрын Президенттің құзіреті болып табылатын. 86-баптың 5-тармағына «Премьер-министрмен және Парламент Палаталарының Төрағаларымен консультациялардан кейін» деген сөздер қосылып, мынадай мәтінде жазылды: «5. Республика Президенті Премьер-министрмен және Парламент Палаталарының Төрағаларымен консультациялардан кейін мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатады, сондай-ақ мәслихат өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдаған жағдайда оның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылады».

– Бұл реформа құқық қорғау органдарын қамти ма?

– Ұсынылған заң жобасының сот жүйесі мен прокуратураға қатысты баптары қабылданса, олардың конституциялық негіздері нақтылана түсетін болады. Мысалы, 44-баптың 3-тармақшасына мынадай қосымша ұсынылды: «Президент Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Премьер-министр енгізген ұсынумен Үкіметтің құрылымын айқындайды, Президент дербес тағайындайтын және босататын Сыртқы істер және Қорғаныс министрлерін қоспағанда, Үкімет мүшелерін қызметіне тағайындайды және қызметінен босатады». Осы орайда бірден көзге түсетіні,  қазіргі күні қолданыстағы Конституциямыздағы Президент өзі дербес тағайындайтын құқық қорғау ұйымдарының ішіндегі Ішкі істер, Әділет министрлерін тағайындау Үкіметке берілді. Бұл өте маңызды өзгеріс. Бұл ұйымдардың басшыларын Үкіметтің тағайындауы орынды, себебі «жергілікті полиция» деген құрылым пайда болды, ол жергілікті басқару органдарымен үйлесімді қызмет етуі тиіс. Ал Әділет министрлігі, яки басқа өкілеттіктері мен міндеттерін айтпағанда заң жобаларын дайындаушы әрі үйлестіруші орган басшысы Үкіметте тағайындалып, босатылуы қисынды. Конституцияның 79-бабының 3-тармағында «республика соттарының судьяларына қойылатын талаптар конституциялық заңда айқындалады» деп белгіленбек. Тұрақты және үзіліссіз қызмет атқаратын Парламент барда судьяларға қойылатын талаптарды бұрынғыша Конституция мәтінінде нақтылаудың қажеттілігі қалмады.

Сондай-ақ, Жоғарғы сот  Конституцияның 81-бабына өзгерістер енгізу арқылы жергілікті және өзге де соттардың қызметін қадағалауды жүзеге асырады деген ереженің орнына, «Жоғарғы сот заңда көзделген жағдайларда өзінің соттылығына жатқызылған сот істерін қарайды» деп айқындалу ұсынылған. Конституцияның 83-бабына ұсынылып отырған мәтінде, «прокуратура заңда белгіленген шектерде және нысандарда заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауды жүзеге асырады» делінген.

Бұл үш ұсыныс сот және прокуратура жүйесінің жұмысын нақтылау үшін жасалып отыр. 91-бапқа мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылу ұсынылған: «Республика Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар, олардың осы баптың 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келетіні туралы Конституциялық Кеңестің қорытындысы болғанда, республикалық референдумға немесе Республика Парламентінің қарауына шығарылады». Бұл толықтыру Конституциялық Кеңеске Конституцияға енгізілетін түзетулер арқылы республиканың біртұтастығы, аумақтық тұтастығы, оның басқару нысаны және мемлекеттің тәуелсіздігі секілді құндылықтарға нұқсан келтірмеуін бақылау үшін қорытынды жасау құқығы беріледі.

– Билік тармақтарының құзырын реттеуде жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарына қатысты не айтылған?

– 87-баптың 4-тармағында: «Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тиісінше облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының келісімімен Республика Президенті қызметке тағайындайды. Өзге әкімшілік-аумақтық бөліністердің әкімдері қызметке Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған тәртіппен тағайындалады немесе сайланады. Республика Президенті өзінің ұйғаруы бойынша әкімдерді қызметінен босатуға хақылы» деген мәтіндегі «Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған» деген сөздер «заңда айқындалған тәртіппен» деп алмастырылды. Бұл да заң арқылы реттелуі мүмкін нәрселерді Президент құзыретінен алып тастау үшін ұсынылған.

Негізінде, бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізуге ұсынылған өзгерістер мен толықтыруларды тәптіштеп түсіндіруге талпынғаны өте орынды. Өйткені көпшілік енгізілмек өзгертілер мен толықтырулар түсіне бермейді. Сөйтеді де, «бәлендей өзгешелік жоқ сияқты» деп шығады.

– Қазір осы мәселелер әлеуметтік желілерде жиі талқыға салынуда. Қоғамның Конституциялық реформаға көзқарасы әртүрлі секілді…

– Бір газеттен бір саясаттанушының «Суперпрезиденттіктен президенттік билік жүйесіне ауысып жатырмыз. Көпшілік осылай болғанын қалап отыр» деген сөзін оқып қалдым. Оған қосылуға болмайды. Мемлекеттік басқару деген іргелі ғылым бар. Онда мемлекеттік басқарудың екі түрі белгіленген: монархия және республика. Республика нысаны екіге бөлінеді: парламенттік және президенттік. Біздікі – 1995 жылдан бері Президенттік республика. 200 жылдан астам тарихы бар президенттік режимнің басты үлгісі Америка Құрама Штаттары. Ол тектес елдерде үкіметтің рөлін президент атқарады, премьер-министр институты болмайды. Сонымен қатар, президенттік және парламенттік билік нысандарының элементтерін біріктіретін аралас республика деген бар. Оның үлгісі – біз конституциясын өзімізге үлгі етіп алған Франция Республикасы. Аралас нысандардағы елдерде Президент мемлекет басшысы болып саналады, Мемлекет басшысын халық сайлайды. Премьер-министр институты бар, Үкіметтің екі жақты жауапкершілігі бар – атқарушы билік күшейтіледі, оның Парламент алдында жауапкершілігі нақтыланады. Парламент өздігінен үкіметті тарата алмайды. Президент Парламенттің бір палатасын тарата алады. Қарап тұрсаңыз, тұп-тура біздің елдегідей. Демек, біз – аралас республикамыз. Тек бір ғана мәселе бар: аралас республикаларда бір палаталы Парламент болады. Мұны нақ бүгін жасай салғысы келетіндер біздерде де бар. Бірақ қай реформа болмасын сатылап, біртіндеп жасалады. Сондықтан бізде барлығы орнымен жасалуда. Асығудың қажеті жоқ.

–  Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен

Динара Мыңжасарқызы

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button