Ұлттық банк екі жаңа коллекциялық монетаны айналымға шығарды
Монеталар интернет дүкен арқылы 15 желтоқсаннан бастап сатылады.
Ұлттық банк жаңа коллекциялық монеталарды таныстырды.
"Қазақстан Ұлттық банкі 2023 жылдың 13 желтоқсанында Jar-Jar және Kelоğlan коллекциялық монеталарын айналымға шығарады", - деп жазылған Ұлттық банктің хабарламасында.
Монеталар интернет дүкен арқылы 2023 жылғы 15 желтоқсаннан бастап сатылады.
Jar-Jar монетасы
«Қазақстанның әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары» сериясымен шығатын монеталар қалыңдықты ұзату тойы аяқталып, оң босағадан аттанар алдында орындалатын қазақ халқының ежелден келе жатқан жар-жар әніне арналады.
Монеталар үш үлгіде жасалды:
күмістен жасалған, сынамасы – 925/1000, салмағы 24 грамм, диаметрі 37 мм, дайындау сапасы – proof, номиналы 500 теңгелік, таралымы – 3 000 (үш мың) дана;
МН 25 мельхиор қоспасынан жасалған, массасы 15 грамм, диаметрі 33 мм, дайындау сапасы – brilliant uncirculated, номиналы 200 теңгелік, таралымы – 10 000 (он мың) дана;
МНЦ 15-20 нейзильбер қоспасынан жасалған, массасы 11,17 грамм, диаметрі 31 мм, дайындау сапасы – uncirculated, номиналы 200 теңгелік, таралымы – 50 000 (елу мың) дана.
Kelоğlan монетасы
Бұл монета Қазақстан аумағын мекендейтін көптеген диаспораның халық ертегілерін ұсынатын «Қазақстан халқының ертегілері» сериясын жалғастырады.
Kelоğlan – түрік мифологиясы мен халық мәдениетіндегі батыл да ақылды әрі жанашыр сиқыршы.
Монеталар үш үлгіде жасалды:
күмістен жасалған, сынамасы – 925/1000, эмаль жағу технологиясы қолданылған, салмағы 24 грамм, диаметрі 37 мм, дайындау сапасы – proof, номиналы 500 теңгелік, таралымы – 2 000 (екі мың) дана;
МН 25 мельхиор қоспасынан жасалған, массасы 15 грамм, диаметрі 33 мм, дайындау сапасы – brilliant uncirculated, номиналы 200 теңгелік, таралымы – 10 000 (он мың) дана;
МНЦ 15-20 нейзильбер қоспасынан жасалған, массасы 11,17 грамм, диаметрі 31 мм, дайындау сапасы – uncirculated, номиналы 200 теңгелік, таралымы – 50 000 (елу мың) дана.
Коллекциялық монеталар Қазақстанның бүкіл аумағында өзінің белгіленген құнына сай төлемдердің барлық түрі бойынша қабылданады, сондай-ақ елдің барлық банкінде банктік шоттарға есепке алынады, аударылады, ұсақталады және айырбасталады.
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.
Пайдаланушылар үшін "Қазақстан монеталары" мобильді қосымшасы да жүктеуге қолжетімді екенін еске сала кетейік.
«Онда қысқаша сипаттамасы бар сериялар бойынша тақырыптық бөлімдерге бөлінген ҚҰБ шығаратын барлық монета туралы ақпарат қамтылған», - деп жазылған хабарламада.
Кейбір монеталар туралы бейнероликтерге, 3D-суреттеріне сілтеме берілген.
Мобильді қосымшаны PlayMarket және AppStore дүкендерінен тегін жүктеуге болады.