«Теңізшевройлдың» қарышты қадамдары

«Теңізшевройлдың» қарышты қадамдары

«Теңізшевройлдың»  қарышты қадамдары
ашық дереккөзі
274
  Таяуда «Теңізшевройл» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (ТШО) басшылығы БАҚ өкілдерін Алматыдағы «Ritz-Carlton» қонақүйінің мәжіліс залына жинап, 2016 жылдың қорытындыларын таныстырды. 2016 жылы атқарылған іс-шаралары және 2017 жылдың мақсат-міндеттері жөнінде баяндама жасаған «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры Тед Этчисонның сөзінен ұққанымыз – компания бүкіләлемдік қаржылық қиындықтарға қарамастан тұрақты дамуын жалғастырып келеді. Өткен жылы «Теңізшевройл» өзінің алға қойған өндірістік межелеріне қатысты мақсаттарын жүзеге асыру, ал жекелеген бағыттар бойынша, тіпті асыра орындау арқылы Қазақстанның мұнай-газ саласындағы көшбасшылық орнын сақтап қалды. Компания жаңа рекордқа қол жеткізе отырып, 27,56 млн тонна мұнай өндірді. ТШО зауыт кешені өндіріс тиімділігін растады. Мешін жылында ТШО 1,35 млн тонна сұйытылған көмірсутек газын, 7,21 млрд текше метр табиғи газ және 2,33 млн тонна күкірт сатты. Компанияның мемлекетке төлеген жалпы қаражат мөлшері 4,7 млрд АҚШ долларын құрады. Қазіргі таңда «Теңізшевройлда» жұмыс істейтін қазақстандық қызметкерлердің үлесі 1993 жылғы 50% көрсеткішпен салыстырғанда 86 пайызды құрайды. Жергілікті ұлттық басшылардың, орта буын жетекшілерінің үлесі жалпы басшылық құрамның 74 пайызына тең. Кадрларды оқыту және шыңдау жөніндегі тұрақты бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде жауапты басшылық лауазымдарға тағайындалған жергілікті қызметкерлер қатары көбейе түсуде. 1993 жылдан бастап ТШО өз қызметкерлері мен жергілікті тұрғындардың игілігі үшін Атырау облысының әртүрлі әлеуметтік жобаларына 1,3 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы жұмсаған. 2016 жылы «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасының бюджеті 25 миллион АҚШ долларын құрады. Аталмыш қаржының негізгі бөлігі Атырау облысында балабақшалар, мектептер және басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысына жұмсалды. Өткен жылы Атырау облысының денсаулық сақтау және білім беру салаларына қолдау көрсету мақсатында компанияның әлеуметтік инвестициялар бағдарламасына 1 миллион АҚШ доллары шамасында қаржы бөлінді. 2016 жылы ТШО серіктестері Теңіз мұнай кен орнының өндірістік қуаттылығын арттырудың келесі кезеңі болып табылатын келешек даму жобасы – Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасын (ККЖ-ҰЕҚБЖ) қаржыландыру жөніндегі даму шешімнің қабылданғаны туралы жариялады. Табысты жүзеге асырылған «Атырау Бонус Қоры» бағдарламасын жалғастыра отырып, ТШО 1998 жылы бастапқы бюджеті 4 млн долларды құраған «Игілік» ерікті әлеуметтік бағдарламасын құрды. Бағдарлама бюджеті біртіндеп ұлғайып, бүгінгі күні 25 млн АҚШ долларына жетті. 1999 жылдан бері табысты жүзеге асырылып келе жатқан бағдарламаның аясында қала келбетін өзгерткен және адамдардың өмірін сапа жағынан жақсартқан көптеген жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, заманауи мектептер мен балабақшалар, Құлсары қаласындағы колледж, Атырау қаласындағы сүзгі станциясы, ауылдардағы емханалар мен жанұялық-дәрігерлік амбулаториялар, қаланы газдандыруға атсалысу және Атырау қаласының оң жағалауын жылумен қамтамасыз ету мақсатында қазандық, дене шынықтыру және сауықтыру кешенін салу, Құлсары қаласының сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту сияқты адамдардың өмірі үшін маңызды көптеген әлеуметтік жобалар бар. Мұнымен қоса, ТШО елді мекендердегі әлеуметтік инфрақұрылымның ағымдағы жағдайы туралы мейлінше толық ақпарат алу мақсатында үш жыл сайын жұртшылық қажеттіліктеріне тәуелсіз бағалау жүргізеді. Осы бағалау барысында сарапшылар халықтың түрлі топтарымен кездесіп, шешім талап ететін және ТШО тарапынан қолдауды қажет ететін ағымдағы мәселелер туралы жан-жақты қанығады. Мұқият қарастырылған соң, ұсынылған нысан бағдарлама талаптарына сай келген жағдайда, Атырау облысы әкімдігінің келісімімен оны әлеуетті жобалар тізіміне қосады. «Теңізшевройл» биыл қызметкерлердің қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау шараларына жіті көңіл бөлмек. Сондай-ақ, компания 2017 жылы «Теңізшевройл» қызметкерлерді шыңдау, Қазақстанның ең беделді компаниясы болу, келешек кеңею жобасы – Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасын сәтті жүзеге асырып, өндірістік көрсеткіштерді еселей түсу секілді стратегиялық және перспективалық мақсаттарға қол жеткізуге ұмтылмақ.    

Серіктес жаңалықтары